МЕН ӨЛЕҢ ЖАЗБАЙМЫН, МЕН ӨЛЕҢ ЖАСАЙМЫН – «Өнер алды – қызыл тiл» болғалы, өлең өлең болғалы, өлеңдi ермек үшiн жазбауға бекiнген Абайдан бастап, өлең турасында өте көп айтылды. Бәрi өтiмдi, бәрi ұтымды. Бiрақ, «Күпi киген қазақтың қара өлеңiн шапан жауып өзiне қайтаратын» Мұқағалидың сөзi көкейге көбiрек қонады. Бiр ақын Пегас күтiп, бiр ақын елес қуып, ал, ендi бiрiн шабыт қысып, өлеңнiң о жағынан бiр шығады, бұ жағынан бiр шығады. Шығыс пен Батыс кезiп, өнер азабын кешiп, бәрiнiң iздегенi – бiр жаңалық, ешкiм кезiкпеген тосын құбылыс. Қаратау мен Жайықтың, Едiл мен Есiлдiң арасына жетi судан өтiп жүрiп Алатаудан Астанаға хош келдiң! Iз қуып, сөз сұрайтын салтымыз бар. Ал, ендi, өзiң айтшы, өлең шөптей өлең сөздi қамшының өрiмiндей шамырқантқан өнердегi сенiң сертiң не, Маралтай?
– Пушкин өзiнiң бiр замандасы туралы «Ол ақын емес. Өйткенi, оның басы қасiрет шегiп көрмеген» дегенi бар. Қасiрет шер болып көкiрекке байланады. Ал, өнер сол шердi қозғайды. Жалпы, өнерге тарих деп қарау керек. Қандай да бiр өнердiң өн бойына халықтың басынан өткен ащысы да, тұщысы да, арманы да, мұңы да, сыры да, әдет-салты жиналған. Тарих жiктеле келе, екшеле келе, белгiлi бiр қалыпқа, яғни өнерге көшедi. Адам баласының өткенi мен кеткенi сөз немесе сазды әуен болып түрленедi. Немесе белгiлi бiр кезеңдегi тұрмыстың нышанын танытатын қолданбалы туынды ретiнде бейнелi затқа айналады. Уақыт өтiп, дәуiр алмасқан сайын заман өзгередi, қоғам құбылады. Соның ықпалымен адамның да талғамы өстi. Бiр заттан бiр дүние тудырып, жетiлдiрдiк, дамыттық. Жерден көтерiлiп, ғарышқа да ұштық. Ал, одан әрi қайда аспақпыз? Жаратқанның адамға берген шектi ауқымы бар. Басы жұмыр пендеге одан әрi аттап кету бұйырмаған. Кiм бiледi, Жерге бiзден кейiн келетiн адамзаттың аспандағы адымы бiзден кеңдеу болар, ал, бәлкiм, бiзге дейiн атқарылған iс пе екен, бiрақ, бiз өз маңдайымызға сыйғызғанды таныдық. Айды айналып көрдiк, сосын жерге түстiк. Осыдан бiз бiр нәрсенi түйсiндiк. Демек, дөңгеленген дүние шыр айналып келiп, әу бастағы жаратылысына бiрте-бiрте орала бастайды екен. Бұл шарттылық өнерге де тән. Бүгiнде өнер синтезделiп, о бастағы қарапайым кейпiне енiп келедi. Мұқағали соны бәрiмiзден ертерек танып қойған. Байқайсыз ба, көшеде жүйткiп жүрген мәшинелер жұмырланып, баланың ойыншығы сияқты оңайланып келедi. Және заман өзi символикаға көше бастады. Символика дегенiмiз – нұсқа. Қысқа нұсқа. Символика ата-бабамызда ертеден бар нәрсе. Мәселен, тастағы таңбалар. Ол жетiле келiп, рәмiзге айналып, елтаңбадан орын алды. Қазақ – рәмiзге, символикаға бай халық. Символика тек бейнелеуде ғана емес, тiлде де жетiк дамыған. Астарлап сөйлеу. Ым. Ишара. Қас пен қабақпен ұғысу. Өлеңге де осы қысқа, нұсқа және символдық шарттылық тән. Ал, бұл – қарапайымдылықтың белгiсi. Ендеше, өлең, қазақ өлеңi де өз аумағына тән қарапайымдылықтан аспағаны мақұл. Қазақы қарапайымдылықта философия да, пайым да, ең бастысы халықтың еш ұлтқа ұқсамайтын болмысы бар. Осы болмыс, осы характер қазақ өлеңiн қалың қауымға өз ерекшелiгiмен-ақ танытады. Оны әлемдiк сипатқа өлшеп, шақтап кесiп-пiшемiн деп, аласұрмау керек. Өлеңнен қазақы жаратылыс, қандағы, бойдағы бұлқыныс танылып тұрса, әлемдiк поэзияға қосқан үлесiмiз бен өзiмiздiң сөз өнерiмiздi дамытқанымыз болар едi.
– Символика – белгiлi бiр кезеңнiң ақпары, мәлiметi, сол дәуiрдегi адамдардың танымы. Сенiңше, символика мен өлеңнiң арақатынасы қандай? Жалпы, символиканы ауызға алудағы айтпағың не?
– Аналарымыз, әжелерiмiз басқан текемет пен сырған сырмақтағы ою-өрнектердiң өзi уақытында белгiлi бiр мәнге ие болған. Бала күнiмiзде «босағаны керме», «табалдырықты баспа» дейдi, басқа да толып жатқан ырым-жырымдар бар. «Неге?» десең, «жаман болады». Бiттi. Неге жаман болатынын тап басып айта алмайды. Өйткенi, есте жоқ ескi замандарда осынау әрекеттердiң белгiлi бiр мәнi болған. Уағында жаман болған нәрсе ескiре келе, бiздiң заманымызға жеткенде ұмытылған не мәнi жойылған. Сол сияқты, ою-өрнектердi зерделей түссең, астарында мәнi бар. Демек, бұл да, символика. Символиканың небiр түрiн алаша, текемет, тұскиiз, сырмақ пен кесте, кебеже-сандықтан танып, «оқуға» болады. Күнi кеше бiр зауыттан, бiр қалыптан шыққан бiрөңкей жиһаздар мен бұйымдар әуелде таңсық болды да, көп болса, 30-50 жыл өткен жоқ, сонау ғасырдағы тұрмыстық-ұлттық мәнi бар дүниеге қайтадан ықыласымыз ауды. Неге? Себебi, кеңес тұсында шыққан заттардың ешбiр символдық мәнi, нышаны жоқ! Оған кие қонбаған. Кие қандай кезде қонады? Кие адамның, қоғамның өн бойынан пiсiп, толып, кемерiнен асқан белгiлi бiр қуаттан пайда болады. Сол қуат киеге айналады. Сөйтедi де, қанша ұрпақ ауысса да, жаңғырған үстiне жаңғыра түседi. Аталарымыздың күмiс шегiп, алтынмен аптаған ер-тұрманы, қамшысы мен аналарымыздың қолынан шыққан сырмақ, текемет, алашасы заман өткен сайын құндылығы артып, қолдан қолға түспейтiнi кие дарығаннан. Оның сырт көзге әдемiлiгi өз алдына, адамның жанарын арбайтын шеберлiктiң астарында кие жатыр. Кие – энергия, кие – қуат.
Сол сияқты, сөзде де кие бар. Сөздiң киесi барын елдiң бәрi бiледi. Ал бiрақ, ол киенiң қалай сiңiп, сөздiң өлмес құдыретке қалай айналатынын ешкiм тап басып тiлмен айтып жеткiзе алмайды. Өлеңнiң символикаға жақын тұратын тұсы көп. Мәселен, бiр ахуалды айта отырған болып басқа жайтты ишаралайды, нұсқайды, астарлап, жұмбақтап жеткiзедi. Мен, әдетте өлеңдi өте аз жазамын. Бiр жылда, әрi кетсе, бес-алты өлең туады.
– Әдейiлеп пе?
– Дұрыс айтасың, әдейiлеп. Мен өзiмдi өлеңнiң алдында әркез қысып ұстаймын. Өзiмдi әдейi қыштап тұрып қысып ұстаймын. Өйткенi, сөзде кие, энергия бар. Сол энергия өлеңнiң бойына өтуi тиiс. Оны адам жан-дүниесiмен, бар болмысымен сезiну керек, ақын соны жасауға мiндеттi. Мен соны жасай аламын. Бiлмейтiн кiсiлерге, сырт көзге артық, асылық айтып отырған сияқты болуым мүмкiн. Бiрақ, менiң сөзге кие сiңiре алатыным анық. Кие сiңген өлең жүз жылдан кейiн де, мың жылдан кейiн де оқылады. Сөзге кие сiңбейiнше мен өлең жазбаймын. Ондай адамдар бiздiң алдымызда өткен. Жыраулардың сөзi осы күнге дейiн құлағымызға дауылдатып, нөсерлетiп келедi. Олар – өлеңге кие сiңiре алған абыздар. Солардан өнеге алған, үлгi алған, жолын ұстаған мен де өлеңдi жасаймын! Өлең қолға ұстауға келетiн, тiрi зат секiлдi, жанды зат болуы керек!
– Ал, тiрi зат секiлдi өлеңiңдi бөле–жара айтып өтшi?
– 1993 жылы сәуiрдiң 13-i күнi мола аралап жүргенде туған «Әдила» деген өлеңiм. Алматының Ақсай деген шағынауданның жанында «Алтын бесiк» ауылы бар. «Алтын бесiкте» қалың зират бар. Зиратты аралап келе жатып құлпытастан 15 жасар қыздың фотосуретiн көрдiм. Бiр отбасының жалғыз перзентi екен, «Ұлымның орнына ұл болған, қызымның орнына қыз болған жалғызым» деп жазыпты. Сол арада өзiме де, Құдайға да қалған көңiлiм дүр сiлкiндi. Өлеңдi жүрегiме жаздым… иә… жүрегiме! Өйткенi, өлiлер қаласы тiрiлердiң шаһарындай емес, қалам-қағаз жоқ. Ол жерде жүрегi бардың жүрегi сөйлейдi. Жүрегiммен сөйлеп, жүрегiме жазған соң соншама шынайы шыққан болуы керек, талайдың жүрегiн тербеп, Маралтай дегенде «Әдила» менiң төлқұжатыма айналды.
– Неге қала араламайсың, неге мола аралайсың?
– Мен алғаш келген кезде Алматыдағы өнер адамдарының бәрi Алматының алып таулары сияқты, асқар, асқақ шығар деп ойлаушы едiм. Қаланы тани келе, олардың бәрi өзiм сияқты төбешiк екенiн байқадым да, адамдардан, адамдардың екiжүздiлiгiнен жерiдiм. Жаным маза таппай, «Кеңсайға» бардым. Баукеңнiң алдында «Тiрi болсаңыз, мен сiзге келер едiм ғой. сырымды айтар едiм ғой» деп жылаған кезiм болды. Тiрi болса, қабылдар-қабылдамас, бiрақ, менi өр Бауыржан асқақ қалпы тыңдады. Солайша, менi тек өлiлер ғана тыңдады, өлiлер ғана қабылдады. Содан, мола көрсем, iшiне кiрмей кетпейтiн әдет таптым. Бiзден бұрынғылардың да, бiзден кейiнгiлердiң де барар жағы сол жақ. Түптiң түбiнде бәрiмiздiң тоғысатын жерiмiз сол ара.
… Өлең жазғанда маған қалам-қағаздың да бары-жоғы, өлi мен тiрiнiң де айырмашылығы жоққа айналды. Өйткенi, менi өлең буған кезде қалам-қағаз баптайтын күйден асып кетемiн. Өлең төпелеп келiп қалған сәтте айтып отырған сөздерiме ие бола алмаймын. Санам өлеңдi басқара алмай қалады. Өзiм де кейде не айтып отырғанымды игеруден қаламын. Еркiмдi түйсiк билейдi. Түйсiкпен жазамын. Әйтеуiр, өлеңнiң қисыны келiп тұрады. Қисынына мән беремiн. Ұйқастар дейтiн менiң алдымда тiзiлiп тұрады. Керек болса iшiнен «сен кел», «сен, кел» деп шақырып аламын. Өлең жазу үшiн ұйқас қиындық тудырмайды. Негiзгi айтар ойымды жеткiзуге мән беремiн. Арада апта, ай өткен соң қарасам, өлеңiмде тылсым бар екенiн сезiнемiн. Тылсым киеде … және молада бар. Тылсым өткен һәм келер замандарда.
Бұрындары менiң бiр жанашыр ағам, өзi әдебиеттен тысқары болса да, әдебиеттi сонша жақсы көретiн бiр ағам «Маралтай, сен жүзжылдықтарға, мыңжылдықтарға кететiн өлең жазсаңшы» дейдi. Кейiн сол ағамызға қарсы оқ атылды, өйттi, бүйттi, әйтеуiр, iстi болды. Сол кiсi кейiн «сенi баяғыда бекер қинай берiппiн, оқып отырсам, сен онсыз да ұзақ мерзiмге жазып тастаған екенсiң ғой», – деп күледi.
… Бiздiң мойынымызда екi есе жүк бар. «Сен ақын екенсiң» деп, бала-шағамды ешкiм асырап бермейдi. Ол үшiн қосымша жұмыс iстеп, әрi Құдай берген қасиеттiң арқасында, арымның алдында, өлең тудыруым керек. Оны көп адам түсiнбейдi. «Ақын болсаң, қайтейiн?» дейдi. Олардын артықпын демеймiн, бiрақ, маған Құдай сондай мүмкiншiлiк бердi. Демек, екеуiн қатар алып жүруiм керек. Жұмысқа кешiгiп қалсам, әрiптестерiм «сен немене, әулиесiң бе?» деп ренжидi. Ал, кiм бiледi, Құдай сол уақытта әлi ешкiмнiң қаламынан тумаған өлең жаздырып жатқан шығар. Ол – қайталанбайтын сәттер. Демек, бiздiң елде кез келген өнердiң талантты өкiлдерiне қамқорлық жасалуы керек!
ПАЙҒАМБАРДЫ РАСТАҒАНДАР – АҚЫНДАР
– Бұрын ақындардың келгенiн өлеңдерiнен, өздерiнен байқалатын. Ал, сендер қаламдарыңнан бұрын қадамдарыңды қадай келдiңдер.
– Иә, бiз келгенiмiздi жарияға жар салып айта келуге мәжбүр болдық. Өйткенi, ол – «балапан – басына, тұрымтай – тұсына кеткен» кез. Бiздiң келгенiмiздi өзiмiз айтпасақ, ешкiм аңғармады. Бiздi аңдау үшiн айғайлай кiрмеске шара жоқ едi. Бiз көп болып келгенбiз. Әдебиетте тұлға тұтып жүрген аға-апаларымыздың көбi билiкке ауысып, «бас жаққа» кеттi. Бiз қаңырап қалған үйге кiрген жетiм баланың күйiн кештiк. Бiз сөйтiп жүрiп әдебиеттi бiр ғасырдан бiр ғасырға өткiзiп келдiк. Кәзiр санаулы, әдебиетке шын берiлген қадау-қадау жiгiттер қалды. «Басыңа не күн туды» дерсiздер, қонарға жер таппай, жеуге нан таппай қалған күнiмiз көп. Менiң Ақсайдан гөрi, «Кеңсай» аралап кететiн кезiм сол тұс. Басқа-басқа, маған ол «әлем» таңсық емес.
– Мұны естiген аға жазушылардың бiрi «Сендерден бұрынғылардың басынан алтын құйған ешкiм жоқ. Бiз де қиындықсыз болған жоқпыз» деуi кәдiк қой?..
– Әйтеуiр, қалам ұстағандардың маңдайына жел болып тиген жоқ қой. Бiрақ, солардың бәрi бiрдей қазақ әдебиетiне «тоғыз балдық» сiлкiнiс жасаған жоқ. Аумалы-төкпелi өтпелi кезең ешкiмге оңай тиген жоқ. Оларды заманның «желi шайқаған түйе» десек, бiздi қайдан iздегiсi келедi? Шерхан ағамыздың әфсаналарға сүйенiп «Баяғыда сарай ақындарының өлеңдерi ұнаса, аузы толғанша алтын асатады екен, ал өлеңi ұнамаса, есектiң қиын асатады екен дейдi. Сондай тәсiл қолданылса, бiздiң көп ақындар қаламын тастап кетер едi» деп айтататыны бар едi. Бiз туралы ешкiм үндемей қойды. Өзiмiз туралы өзiмiз орнымыздан түрегеп тұрып сөйлеуге мәжбүр болдық.
– Неге мүлдем ескерусiз қалдық дей бересiң? Әрқилы қорлар арқылы кiтаптарыңды бастырып, әртүрлi жанр бойынша түрлi дәрежелi байқаулар жариялап, марапаттады. Солардың басы-қасында алдыңғы толқын аға жазушылар жүрдi. Одақта өткен жиындарда жақсылы–жаманды ой–пiкiр де айтылған шығар, мiндеттi түрде мақтау естулерiң керек пе? Темiрхан Медетбеков өздерiңе арнаған мақалада «алтын көпiрлiк» деген ат бердi.
– Иә, сол мақаланың ең басында менiң атым тұрды. Өйткенi, «алтын көпiрлiк» деген терминдi ең алғаш пайдаланған мен болатынмын. Бiздi «алтын көпiрлiктер» дейдi. Ондағы себеп бiзге назар салдыртқымыз келдi. Мұқағали «Төсiңдi аш, кең дала, мен келемiн! Алынбаған ақым бар сенде менiң» дейдi. Маяковскийлердiң «Ей, дүние, қалпағыңды ал, маған сәлем бер» дегендей әр кезеңнiң өзiнiң бiр толқындары, көпiрлiктерi болады.
– Өз қатарыңның Мұқағалилары мен Маяковскийлерiн айтшы?
– Әмiрхан Балқыбектiң бiлiмi де, өресi де, болмысы да бөлекше. Тамақ iшпесе iшпей кетсiн, жалақысын алған сайын сол жалақысының үштен бiрiне мiндеттi түрде кiтап алады. Адамзаттың құндылықтарын бiлсем деп талпынумен келе жатқан азамат. Жақында «Қасқыр құдай болған күн» деген кiтабы шықты. Зерттеу, танымдық мақалалары бар. Дүниетаным, ұлттың тегi туралы логикалық тұрғыдағы ғаламат еңбек. Бiрақ, ол тағы бағаланбай отыр десең, ренжисiңдер. Себебi, бұл кiтапқа деген селт еткен адам, селт еткiзген сыншы жоқ. Бағасын танытса, бiздiң ғана емес, басқа ұлттардың да төрiнде тұруға тиiс кiтап. Бұдан кейiн мына киiзқұлақ қоғамға ақын ашынбағанда, қайтедi? Ақынның рөлiн Пайғамбар да танытып кеткен.
«Кентавр» деген кiтабымның бiрiншi бетiнде мынадай өлең бар. «Мен туғанмын ер Мұхаммед өлген күн. Мен болмасам, жүрегiңдi емдер кiм? Хақ Мұхаммед айтып кеткен кешегi «Келедi» деп, Сол келген ақын – менмiн» деп. Сонда дiни хадистерден тыңдағанымыздай, пайғамбар «Менен кейiн пайғамбар келмейдi, менен кейiн ақындар келедi» деген. Мен осы сөздi негiзге алып, «Мұхаммедтi растау» дейтiн үш шумақ өлең жазғанмын. Сонда Мұхаммед (с. а. у.) ақындарға сенiм артып отыр. Бiрақ, ақындар туралы «Ақындарға сенбеңдер» деп Құранда айтылатын тұсы бар.
– «Иман келтiргендерiне емес» дей ме?..
– Иә, «иманы бар ақындарға сенiңдер» дегенi ғой. Демек, ақындар бағыт-бағдар бередi дейдi. Үлгiнi ақындардан алыңдар деп отыр. Әдетте, адамзаттың жаны ауырса, ақынның жүрегi сыздайды, басқаның балтыры сыздаса, ақынның басы ауырады. Төлеген Айбергеновтiң «Ақын болып өмiр сүру оңай деймiсiң, қарағым, Ақын болу – аузында болу сыздаған барлық жараның» дегенiн ақын да, оқырман да түгел бiледi. Мағжан да «Ақындар бiр бала ғой Айға ұмтылған. Еркiмен өзi-ақ отқа барады да» дейдi. Өмiрзақ Қожамұратов деген ақын «Өлең жазып отырғанда Құдай да бiр, мен де бiр, құмырысқа да бiр сен де бiр. Өлең жазып болған соң Құдай да бiр сен де бiр, құмырсқа да бiр мен де бiр» дейтiн. Өлең жазған кезде Айда, аспан да ақынның құзырында. Ондай кезде асырып, асып сөйлеуге хақы бар, демек…
– Десек те, ақын –адамзаттың нәсiлi. Он сегiз мың ғаламның иесi Адам атадан бұрын жердi жаратқан. Бәлкiм, сөз де заманына, заңына қарай тiлге оралатын шығар. Олжас кезiнде айтылып қалған «Адамға табын, Жер ендi» деген сөзiнен қайтты. «Ақындарға сенбеңдердiң» бiр ұшы осында жатқан жоқ па?
– Олжас дұрыс айтты деп ойлаймын.
– Кезiнде оған «Анасы баласына қалай табынбақ?» дегенiн бiлесiң бе?
– Жоқ былай ғой… Адамзат баласы Жердi ана дейтiнi өтiрiк! Жалған! Сенбеу керек! Ана дейтiн болсақ, онда адамдар неге жерге түкiредi? Жердi неге аямайды? Бүгiнде Жердiң несi қалды? Түгi қалған жоқ! Жер әншейiн Күндi айналып жүр Басқа түк те емес! Жердi ешкiм аямайды. Ана деп өтiрiк аярланады. Адамзат баласы жерлiк емес жалпы. Адам ата Хауа ананың жерге жұмақтан қуылып келгенiн дiн де растайды ғой. Мiне, сондықтан адамзат баласының мына жер өзiнiкi емес екенi түйсiгiнде қалып қалған.
– Алла Тағаланың Микайл перiште мен Исрафил перiштенi адамды жарату үшiн жерден топырақ алып келуге жұмсағаны, адамды Алланың мұнша кiр–қоқыс жерден жаратам дегенiне қимай, топырақ алмай аспанға қайта көтерiлетiнi, содан кейiн Әзiрейiл перiштенiң Алланың сөзiн екi етуге болмайды деп, жерден ақ, қызыл және сары топырақты алып көкке ұшатыны, содан адам баласы қызыл, сары, ақ болып туатыны қайда?
– Топырақтан жаралған деп айтады, иә. Адамның бойында жердегi элементтердiң бәрi бар. Бiрақ, адам баласы бәрiбiр жерлiк емес. Дiни әфсаналарда солай. Адам жұмақта жаратылған.
Қарашы, қызды, аруды гүлге бiрiншi болып теңеген ақын ақын да, гүлдi аруға теңеген екiншi ақын туралы ойлану керек дейдi. Сол сияқты, мынау жердi ана деп айтқаннан кейiнгi «Адамға табын, Жер, ендi» дегенi құлаққа түрпiдей тиiп отыр. Демек, адам өзiн өзi алдап, өзiн бiр нәрсеге сендiру арқылы өмiрiн сүредi.
– Ешнәрсе жоқтан бар жасалмайды. Сөз басында өзiң айтқандай, «есте жоқ ескi замандарда осынау әрекеттердiң белгiлi бiр мәнi болған. Уағында жаман болған нәрсе ескiре келе, бiздiң заманымызға жеткенде ұмытылған не мәнi жойылған». Демек, бiз кәзiр «өзiмiздi өзiмiз алдадық» дегенiмiз – ықылым замандардан қалған ақиқат шығар, ә? Қалай ойлайсың?
– Ендi… адамның түйсiгiндегi зерттелмеген нәрселер көп қой. Соның бiрi – осы нәрсе…
– «Осы нәрсе» не нәрсе?
– Жад, түйсiктi айтамын. Иә, адамның түйсiгi сол сияқты. Мәселен, адам бiр затқа ат қояды. Оған ат қоймасақ, оның не екенiн, не нәрсеге қажеттiгiн бiле алмаймыз. Габриель Гарсия Маркестiң «Жүз жылдық жалдығыздығындағы» адамдардың жады жоғалғаны, мәселен, бiздiң шәй iшiп отырған осы пияламыздың атын, оны не мақсатқа тұтынатымызды жазып қоймасақ, ұмытып қаламыз да, оны қайтадан қалпына келтiру деген бар. Сол сияқты, адамзаттың о бастағы жады, есi өшiрiлдi. Бiрақ, түйсiкте қалып қойған нәрселер бар. Мәселен, мен «Қобыз сарыны» деген өлең жаздым. Оны қалай жаздым? 1994 жылдары бiз Алматыда Алма арасан жақта жалданып байлардың үйiн салып жаттық. Сол кезде түсте тынығып жатсам, құлағымнан бiр қобыздың сарыны кетпей қойды. Былай дөңбекшимiн, олай дөңбекшимiн. Кетпейдi. Жазбаса, болмайтын болды. Тас-кiрпiш, лай-батпақтың арасынан қалам-қағазды қайдан табамын? Амалын таптым. Күйген кiрпiштiң жылтыр жағына шегемен ойып «Қобыз сарынын» жаздым.
Ал, бұл неден? Бұл менiң ата-бабамның сонау замандарда көшiп-қонып жүрiп Жайықтан Қаратау асып кеткендегi мұң-шерi менiң қанымда, тегiмде қалып қойғанынан! Демек, мен жер турасында Олжасқа қосыламын. Жер бiреу болғанымен, ата-бабаның кiндiгi байланған жердiң жөнi бәрiбiр бөлек болады екен.
АҚЫНДАРДЫ МЕНШІКТЕУГЕ БОЛМАЙДЫ
– Қаратауда қарайсаң да, Жайыққа қарап жыр жазатының осы екен ғой, жарқыным?
– Қаратау – бар қазақтың қазығы. Бiрақ, туған жер, атаң өскен жер адамның көкейiнде жүретiн аңсар ғой. Бiрақ, «орманға қарап ұлу» бiр бөлек те, адамның аңсары басқа. Баяғыда ата-бабам табанының топырағы тиген жер. Жаумен соғысқан жер. Неге ол жерге барып тәу етпеске? Ол – менiң өзiмнiң тарихым. Өз тарихымнан бас тартып қайда барып оңамын? Өзiнiң тегiн, түбiн бiлу деген кез келген адамға мерей, салтанат.
– Ал, ақыным, онда жырға қосқан сырыңды айт?
Беу, Жайық, қарашығы жанарымның!
Мен де бiр маңып кеткен маралыңмын.
Батысқа iшiм күйiп қарай берем
Шығыстан шыққан сайын ағарып күн.
Аһ ұрып аруағым арқа тұтып,
Басына тал–дарақтың шарқат iлiп.
Ақжайық атамыздың белбеуi едi,
Белбеуi түсiп қалған тарқатылып.
Белiңнен мен де кеткем тарқатылып…
Өз басым жерге бөлгеннен, жүзге бөлгеннен пайда көрген жоқпын. Ақындар жер мен жүздiң ауқымынан шығып кетедi. Бағынбайды. Батыс, шығысты айтасың, бүкiл жер шарын өзiнiң меншiгi сияқы сезiнетiн сәттерi болады ақындардың. Сондықтан, ақындырды меншiктеуге болмайды. Мысалы үшiн, Мұқағали тек қана ұлы жүздың ақыны, Махамбет жалғыз кiшi жүздiң ақыны дейтiндердi өлеңнiң киесi ұрады, ақындарды жiктеуге болмайды!
Әңгiмелескен Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ
Астана ақшамы