ЫМЫРТ
Түн мекені түнекке
Серік таппай бойлаған.
Біздің ғазиз жүрекке
Жұлдыз шашып ойнаған.
Кексе дүние тұр үнсіз
Көкке сүйреп көңілді.
Қалатындай ғұмырсыз
Санам санға бөлінді.
Құстың тынып шырылы,
Жаным аңсап, егіліп.
Қайыңдардың бұрымы
Жүрегіме төгіліп.
Біз ұқпаған жалғанның
Сіз табарсыз шешімін.
Қағып, күтіп қалған кім
Ескі өмірдің есігін?!