Шетсіз, шексіз ғаламға
Жұлдыз шашып, Күн қадап...
Ғұмыр берген адамға,
Алла, Сізге – мың мадақ!
Қауыштырған өмірмен,
Мейірімі зор орасан.
Сізді көрем көңілмен –
Қай жағыма қарасам.
Тағдырымның наласын
Сізге ғана шертем мен,
Көк пен Жердің арасын
Шұғыламен көмкерген.
Бір ғаламат күй кешіп,
(Жаратқанның жарлығы!)
Тау мен дала үйлесіп,
Теңіз, мұхит – барлығы.
Жанарыма сияды
Балбұлақтың сылдыры.
Көлдің көркем қияғы,
Бақалардың былдыры...
Қар мен мұзың шекердей,
О, не деген құдырет!
Тас та сөйлеп кетердей,
Көзің түссе бір рет.
Жазираның самалы,
Қыр сағымы балқыған,
Сізді есіме салады
Гүл жұпары аңқыған.
Сізде менің бесігім –
Арман, аңсар, мұратым.
Екі Дүния есігін
Теңестіріп тұратын.
(Қам қылыңдар, қамсыздар!..)
Дархан, дара, серіксіз,
Бүкіл жанды, жансыздар,
Сізге мұқтаж еріксіз!
Мызғымайтын қазығым,
Азан салам озаң ғып.
Шебер Алла, разымын,
Жіберсе де тозаң ғып.
Бәрі Сізден көктейді,
Талғамыңа зиялы
Ақын тілі жетпейді,
Суретшінің қиялы.
Жалқы, жалғыз тірегім,
Жаным қашан жай табад...
Лүп-лүп соғар жүрегім,
Есіміңді қайталап.
Он сегіз мың арсыны
Нұрға бөлер лайым.
Жүрегімнің бар шыны –
Сізді сүйем, Құдайым!!!