Өмір солай... бағы-соры аралас,
Сезім шіркін жай-күйіңе қарамас.
Сен – аққайың, құмар қылған жанымды,
Мен деген бір – жапандағы қарағаш.
Іңкәр дүние қол созғанда алыстан,
Сезім сел боп өн бойымда жарысқан.
Аласұрып «ылаң» салып жатыр ғой
Жүрек сорлы – кеудедегі арыстан.
Алғаш сені көрген сәтте-ақ мен деген
Бір бақыттың кәусарына шөлдегем.
Жараланып жас жүрегім сезімнен,
Өз жырыммен өзімді-өзім емдегем.
Жұбанышым жырым еді-ау қолдағы,
Жүрегіме ол да дауа болмады.
Көз алдымнан кетпей қойды-ау қалықтап,
Аққу мүсін, ай дидарың... сондағы.
Болғаныммен қанша жерден төзімді.
Сағынбауым мүмкін емес өзіңді.
Қиын екен байлап ұстау жүректе
Лапылдаған, лапылдаған сезімді!