Қандай бақыт күн кешкен үйде тұрып,
Қобыз қосып кеудемде күйге тұнық.
Қоналқыға бұйырған бір лифтіден
Шығып келе жатамын сүйретіліп.
Күздің таңы. Күн тұман. Салқындаған,
Алмасымды тот жеді-ау жарқылдаған.
Жебем қисық, атуға адырнам бос,
Құзғындарды төбемде қарқылдаған.
Күздің таңы. Айналам ала тұман.
Ала тұман тағдыр боп жаратылғам.
Бүгін бұл үй көңілсіз, (той боп жатыр)
Той біткенше Кеңсайға бара тұрам.
Үзілгендей үміттен күдер енді,
Тұманытып айналам түнереді.
Айдалада жатырмын ер жастанып,
(Қандай ессіз атын бос жібереді?)
Аш өзегім арман жеп бұратылған,
Ыза көшер санамда шұбатылған.
Той біткенше қазақтың қаласында,
Даласында мазар боп тұра тұрам.
Күндер-ай, қайтем сені келте-келте,
Домбырам да қарлықты-ау шерте-шерте.
Аманатын Алланың қайтарам да,
Сейілмесе бұл тұман ертең ерте.