Артқа қайту Басып шығару

Құйын


Өзім барам!
Сол жаққа қарай-қарай көзім талған.
Кез еді Ер Төстіктей көзім талған –
Құсадан Жер бетілік мезі болған.

Барамын, табамын да жақынымды
Алыста жақындарым заты мұңды.
Жалғанның жұмағына кісенделген
Босатам, дүр-дүр ұшсын, пақырымды.

Ұя сап имансыздық иығына,
Тірелген тіршіліктің тұйығына.
Шырылдап шыбын жаным сіңіп кетсін
Құдайдың көк тіреген құйынына.

Арда еміп, адал туып өскенменен,
Ауылы адалдықтың көшкен менен –
Құнына бір ләззаттың басын тігіп,
Отынан мың тозақтың сескенбеген.

Қарауға айналама айнаң бар ма,
Боздаған бота көңіл қайран ғана.
Өлім хақ адамға да, сайтанға да,
Өмір тар – ақындар мен пайғамбарға.

Келмейді ешкім енді,
Барамыз біз!
Салыңқы тартты неге қабағыңыз?!
…кешқұрым көбелектер отқа үйір,
Шам жағыңыз!