Қадірі білмеске арзандай,
Мен оны жеткізіп айта алман.
Теңізде жоғалған маржандай,
Құйындай кездер-ай, шайқалған...
Қаншама қыздарды ұнаттым,
Жылаттым... білмеймін себебін.
Осынау есалаң сұрақтың
Жауабын сен айтшы, өлеңім.
Аққұба әдемі бала едің,
Ақ фартук, ақ бантик байлаған.
Мен-дағы өзіңдей пәк едім,
Ақ түстен тұратын айналам.
Қояды жай ғана күлген боп,
Біледі ол Абайды, Қасымды.
Тіпті де көзіне ілген жоқ
Алты Алаш ардақтар басымды.
Тағдырға басымды имедім,
Мені де тәкаппар еттің сен.
Тым болса бір рет сүймедім,
Қолыңнан ұстатпай кеттің сен.
Қойнында сені ойлап түндердің
«Аһ» ұра бастадым, «аһ» ұра.
Балауса бейғамдау күндердің
Сағаты тоқтады қапыда.