«Отаным, саған айтамын!»
Мұқағали
Өлсем – сенің босағаңда өлемін,
Ақындарын ардақтаған өр елім.
Иесі бар иттер талап жатса да,
Киесіне шағынбаған бөрі едім.
Тозаң басқан тарихымды тозбасқа –
Ниет қылып күнде шалам бозқасқа.
Ұл қыламын десең – сенің құлыңмын,
Құл қыламын десең егер… сөз басқа!
Қапсадағы қақпан боп,
Жауымды да бірінші боп атқам жоқ.
Әлдеқандай күн туғанда басыма
Әлдекімдей Отанымды сатқам жоқ.
Ханның кенже баласындай ұл едім,
Ауырады жүрегім.
Бас қалада баспанасыз Қасымдай,
Қаңғып жүріп тілеуіңді тіледім.
Мұң жоқ менің мұңымдай,
Шыбын жаным шырылдайды шыбындай.
Саған қарап оқырана беремін
Қасқа айғырдан төбел туған құлындай.