Өмір дейтін зымыран нұр ағында,
Құс жастықты құшақтап құладың ба?
Сен де мендей оңаша анаңды ойлап,
Сағыныштан сарғайып, жыладың ба?
Сен де мендей мұңды ма ең, балапаным,
Көкейіне сыйдырған дала таңын?
Сен де мендей жүрсің-ау аңсап бүгін,
Аялаған ананың алақанын.
Сен де мендей, бауырым, тарықтың ба,
Тіршіліктен кей-кейде жалықтың ба?
Күрсінгенде шерменде шерің шықпай,
Анасы жоқ Әлемнен зар ұқтың ба?
Сен де мендей мейірімге шөлдедің бе?
Көз жасыңмен көңіліңді демдедің бе?
Сен де мендей, қайтқанда асыл анаң,
Көмдірмеймін дедің бе, көнбедің бе?
Сен де мендей іздедің, таба алмадың,
Сағыныш қой, сағыныш – Ана, ардағым.
Бастарына бір барып қайтайықшы,
Тарқар ма екен, дариға-ай, жанардан мұң?!