Менің жаным аппақ емес, қап-қара,
Қапияда от тигендей мақтаға.
Қарап қоям айнасынан уақыттың
Маңдайдағы тағдыр дейтін тақтаға.
Тәніне орап тәлімінің кебінін,
Жалпылдайды көптің жықпай көңілін.
Жатырында қулық пенен сұмдықтың
Ессіз өскен бала сынды өмірім.
Жүрек содан жетім жандай ашынар,
Ашынар да шаншып, қайта басылар.
Жалғыз жерде жалғыз ғұмыр кештім мен,
Көзім, сірә, көрге кіріп ашылар.
Бала арманым өлді екен деп тереңде,
Болмас іске қабағымды керем бе.
Жерге сыйлап жансыз қалған тәнімді,
Көкке кетем, көресімді көрем де!