Бақытжан МАЙТАНОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор.
Алматы облысы Қаратал ауданында дүниеге келген. Қазақ ұлттық университетiнiң журналистика факультетiн бiтiрген. ҚР Бiлiм және Ғылым министрлiгiнiң Ш.Уәлиханов атындағы I дәрежелi сыйлығының иегерi. «ҚР Жоғары оқу орындарының үздiк оқытушысы» атағына ие болған.
Ғарышқа қарап бой түзеген...
Қасиеттi «Құран» сүрелерiн жырға айналдыру бақыты да қазақ өлеңiнде Маралтайдың еншiсiне жазылыпты.
Жұлдыз ағып барады,
Жанарыңда жарқылдап.
Жаным көшiп барады,
Қобыз тартып қаңқылдап, —
деп, космогониялық сипаттағы баламаларға қанат байлап ұшатын ақынның символистерге тән сезiм нәзiктiгi, әуез сәндiлiгi, ғарышқа қарап бой түзейтiн таным талғамы мейлiнше табиғи. Ен далада өскен тарамыс тораңғыдай шыныққан қалам иесiнiң назары көктегi айға түссе, жұлдыздар шеруiнен қаралы көштiң зарын естидi. Ол жарқыраған күнге емес, қапастан нұр тамызған сәулеттi айдың өзiне ғана ерекше таныс сырына ғашық.
Түн ортасы... түннiң түрiп түндiгiн
Жұлдыз ақты,
Анау жұлдыз кiмдiкi...
Түптiң түбi бiз жолығар нүктемiз -
Көктегi Ай мен жердегi Айдың кiндiгi.
Құдай ақиқатын анық сезiнетiн ақын табаны топыраққа тиген сәтте азап аурасының зынданына түсетiндей. Тәңiр оған күйiп көр тозақтың отына дейтiндей. Ата мейiрiмi, ана махаббатына еркiн тоймаған лирикалық қаһарман ғашығын сүйсе де, арманын жоғалтқандай күйiнiшпен тебiренедi.
Кермек тартып кеткендей таза жасым,
Сұр аспанда саз емес,
аза басым,
Шiлiк бiткен шiмiрiкпей
оқып жатыр,
Аққайыңның ақ жауып
жаназасын.
Қисаймастай қылы
оған қала мына,
Аяп кетем... сүйенем
қаламыма.
...сенi көзден сүйгендей
сүйем сосын
Кiрпiгiңдi сап қойып шарабыма.
Мұнда да жер басып жүрген пенденiң өлшемге сыймас алып көңiлi метафора жаңбырының астында тұрып бiр масайрап, бiр түнередi, зияны бар-жоғы белгiсiз қайғыны белдеуге байлап қояды. Қасiретсiз қуаныш қорқынышты тәрiздi. Фәни дүниенiң қарға тiлегi мен абсолюттi ақиқаттың көгершiн қалпы антитезалық бiтiм түзсе, махаббат зәмзәмiн Омар Һаям, Мағжан Жұмабаев, Сергей Есенин, Поль Верлен, Артюр Рембо сияқты импрессионистiк айшықпен қайталанбас таңбалық бейне арқылы дәрiптейтiн ақынның серi сезiмi ең соңғы дәрежедегi дәлдiкпен безендiрiлуге бейiм. Қиялмен арғы әлемнiң мәңгiлiк бекiнiсiне көшiп алған масаң жiгiтке кiр шалған мына тiршiлiк аянышты. Модернизмнiң кеуделi бұтағы — символистiк дүниетаным идеяның мансұқ етiлмеуiнен аңғарылса, соңғы екi жол ағайынды Гонкурлердiң «Көру, сезiну, жеткiзу — бар өнер сол» дейтiн импрессионистiк қағидасына үйлеседi. Ұлы Жаратушының қастерлi өсиетiмен сусындаған поэтикалық тұлға тәркi дүниенiң өткiншi халiн ұғыну нәтижесiнде дене суытуды бiлмейтiн қастерлi мұңның жанына жұбаныш әкеледi.
Жолдасы жоқ... жолдан таппай азығын,
Түндi кезген бөрiдейiн қажыдым.
Түкситер ем түктерiмдi
түгiм жоқ,
Ей, өмiр-ау,
Жазығым не, жазығым?
Ең бастысы, ол жалған шалқып, тасымайды. Ақындарға қырын қарайтын қоғамда жүрсе де, өлеңге үкi таққан заманның дабыра айқайын еске алмайды. Тегiсшiл уақытта Маралтай Райымбекұлы қандай қалыппен жүрерi белгiсiз, бiрақ жанарынан, жақынынан айрылған король Лирдей зарлы жырлары жұртшылық назарына түсер ме едi?! Түсiнер ме едi ағайын?!...