Қалбай Әбдiраманов, ақын. Қарақалпақ АКСР-i, Беруни ауданында дүниеге келген. КСРО Жазушылар одағының мүшесi. Бiрнеше жыр кiтаптарының авторы.
МАРАЛТАЙҒА ХАТ
Құрметтi ақын iнiм
Маралтай!
Iлтипатың үшiн үлкен рахмет. Ыңқ-cыңқ жүрген жағдай бар. Дегенмен көңiл сәби сияқты. Бейтаныс кiсiмiн. Сондықтан кеше күнiмен ойланып-ойланып поштамен кiтабымды жiберейiн деген шешiмге келiп отырмын. Өз таңдауыммен емес, өзiңнiң таңдауыңмен бiр шығарсаң. Саған ұнамаған өлеңiмдi мен де шығарамын деп өле бермеспiн. Маралтай болған кiсiнiң көзi елдiң назарынан аулақ болмас. Бәлкiм, Алла-Тағаланың қапталынан...
Кiтабым қарық емес. Бiрақ онда жүзге жақын өлең болады. Егер осы мусордан атыңа лайық бес өлең тауып, менiң бар немесе жоқ екенiмдi жұртқа көрсете алсаң, маған осыдан артық қуаныш жоқ. Мен сенi 44 жыл күттiм... Бәлкiм, Хақ-Тағала менi сенiмен жолықтыру үшiн сақтап отырған болар. Пенде не болғысы келмейдi?! Бiрақ бұйрықтан қашып құтыла алмайды. Ақын жазбайды, Алла-Тағала жазады. Әуелiмнен ақиретiмдi бергейсiң. Ит болып кетуден, паразит болып кетуден сақтағайсың. Егер де сен шынымен мен күткен Маралтай болсаң, онда менiң 44 жыл жазған хаттарымның иесiсiң.
Мен 44 жыл қазағыма «хат жазған» кiсiмiн... Сол адрестi iздеумен өмiрiм зая болды ма деген күдiк көңiлге ұялай бастағанда саңылаудан сығалаған сәуле сен емес пе екен деген жоғарылау үмiт те жоқ емес менде. Аманатымды тапсырар адрес iздеп жүрмiн. Ол қазақ болуға, еркек болуға, иманды болуға тиiстi, аузынан шыққан сөзiне жауапкер болуға тиiстi. Ең алдымен, адам болуға тиiстi. Өлең жазатын кiсi өлең жазатын кiсi iздемейдi, жанын түсiнетiн сырлас, мұңдас iздейдi. Сонша қазақ оны тудырмаған болуы мүмкiн емес. Өлең поштамен барады. Өзiмдi өзiм таныстырып қор болмауым үшiн қапталында кiшкене көмекшi қолжазба кiтап та барады.
Сәлеммен:
Қалбай ағаң.
СЫР
(Маралтайға)
Ұлы емеспiн.
Кем де емеспiн үлыдан.
Көк бөрiнiң күшiгiмiн ұлыған.
Қырық жыл бұрын құмға түскен мына сөз
Қырық жылдан соң көтерiлдi қынынан...
Көмiлдi бұл!
Айтпаймын мен себебiн,
Күттi қанжар батыр қолдың көмегiн.
Тұстасымнан ерте оянып, сол күнi:
Пушкин болам, Байрон болам деп едiм!..
Қалың құзғын жабылды кеп құжынап,
Жедi менi... бiр шұқымнан үзiп ап.
Бiр өзiме қайда менiң көлеңке,
Бiр өзiме қайда менiң ұжымақ!..
Сөйлетпедi жауып тастап жағымды,
Қарға, құзғын иеледi бағымды.
Тапқанымды құзғындарға қалдырып,
Айдалаға ала қаштым тағымды!..
Болдырмады.
Бола қойсам деп едiм.
Ауыз жабық!
Айта алмаймын себебiн!..
Төле бидiң басы қалған бұл майдан,
Төлегеннiң жасы қалған бұл майдан,
Қайтем ендi, талайымнан көремiн.
Құлым десең: қайта сөйлеп беремiн!..
Мен елiме тарту еттiм бағымды,
Айыр өзiң қарам менен ағымды.
Алпысымда жиырмама бiр барып,
Қайта кештiм бозбалалық шағымды.
Тағдыр осы!..
Пешенеме бұйырған!
Осы менiң он жетiм мен жиырмам.
Бүгiнiмнiң iргетасы бар онда,
Қалайы мен қорғасыннан құйылған.
Тағдыр осы пешенеме бұйырған!
Осы менiң он жетiм мен жиырмам.
Көз алдыма әжелерiң келедi
Қызды көрсем қалам қасы қиылған.
Менiң мұнда балалығым бар қымбат,
Жетпiсiмде жеттiм саған!..
Там-тұмдап!..
Мен өзiмнiң аққуымды ойлаймын
Құсты көрсем бара жатқан жарқылдап.
Тау шөгедi, теңiздер де өшедi,
Ендiгiлер өзге суды кешедi.
Махаббаттан жаралған соң адамдар
Жиылмайды махаббаттың төсегi!..
Көктем келсе, тыраулайды тырналар,
Өсiмдiкке су тасиды жылғалар.
Ұлың, қызың, немерең мен шөберең
Өзiңменен қартаймайды бiрге олар!..
Мен өшпеймiн, өшкенменен реңiм!
Мен сендермен мәңгi дәурен сүремiн!
Жетi басты айдаһармын мен деген,
Жетi жұрттың лүпiлдеткен жүрегiн!