Асанәлi ӘШIМОВ, Халық әртiсi, Жамбыл облысы Сарысу ауданында дүниеге келген. КСРО Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты.
БIР ӨЛЕҢI — БIР СПЕКТАКЛЬ
Бiз даланың даналығына, табиғаттың ұлы үйлесiмiне ден қойған елмiз. Ақындық та сол даланың болмысымен, атаның қаны, ананың сүтiмен даритын қасиет. Көп оқып ғалым болуға болар, бiрақ шын ақындықтың жөнi бөлек. Ақынды ешқандай оқу орны қалыптастыра алмайды. Ақын болып жаратылады. Мен бұл сөздi Маралтай iнiмiздiң «Кентавр» кiтабындағы өлеңдерiне қарата айтып отырмын. Махаббат туралы, Махамбет туралы, Мұқағали туралы және басқа да өлеңдерiндегi поэтикалық асқақтық, рух екпiнi кiм-кiмдi де ұйқысынан оятқандай екен. Әр өлеңiнiң iшi бар, бас-аяғы бүтiн тағдырлы динамикасы бар құбылысты дүниелер. Шөп те жерiне тартып өседi, ақын да жерiне тартып туады. Маралтайдың да кiндiк кескен жерi шөлейттеу аймаққа жатқанымен, шөбiнiң тамыры тереңде, құнары қуатты. Көрер көзге осы табиғилық Маралтайдың шығармаларында да менмұндалап тұр. Бала аз, бiрақ саз жазады.
Осындай халықтың арман-тiлегiн, тағдыр талайын шағын өлеңге сыйғызып, көп мағыналы, философиялық ойларға жетелейтiн өршiл, уытты поэзия әрiдегi жырауларға, бергi Махамбеттерге тән. Абайдан бастап жақсы көретiн ақындарым бар. Мен актер ретiнде үлкен дүниелерге дайындалғанда осындай ақындарды оқимын. Жалпы өнер адамдарына тән нәрсенiң бiрi — қыжыл. Қыжылсыз тақтайдай тегiс өмiр сүрген адамда тағдыр да, өнер де болмайды. Өнер қыжылдан қозғалыс тауып, мұңнан өрбидi. Ақын — мұңның баласы. Маралтайда да мұң басым. Бұл — заңды процесс. Махамбет пен Абайдан Маралтайға ұласқан үрдiс бұл!
Мынадай бiр аңыз бар. Баяғыда Бақ пен Қыдыр келе жатады. Бақтың көзi көрмейдi. Қабақ етi салбырап жанарын тұтас жауып тұрады екен. Бақты үнемi Қыдыр жетелеп жүредi. Бiр күнi олардың алдынан дәу атан түйенi мойнына сап көтерiп алған бiреу жолығады. Өзiнiң қара күшiмен Бақтың көзiне түскiсi келген бейбақты байқаған Бақ «Мынау кiм? Көзiмдi ашшы. Көрейiн», — дейдi. Бiр ғажабы, Қыдыр Бақтың қабағын көтерiп көзiн ашқан кезде, Бақтың көзi әлгi қара күш иесiне емес, бұлақ басында су алып жатқан қаршадай қызға түседi. Ол қыз кәдiмгi Домалақ анамыз екен...
Не нәрсенi болса да халықтан артық таразылайтын ешкiм жоқ. Халықтың бағасы да Бақтың көзi сияқты. Кiмге түседi, кiмдi бағалайды өздерi бiледi. «Өмiрдi танымайтын адамның өмiр сүруге қақысы жоқ» — дептi бiр данышпан. Өнердiң де қағидасы осы. Ал, Маралтай iнiмiздiң өнер әлемiнде өмiр сүруге толық қақысы бар. Оның бiр өлеңi — бiр спектакль сияқты.