Шәкиза ЕСЕНҚАБЫЛОВА, әдебиетші
АҚЫН АВТОМЕТАФОРАСЫ
(Құрастырушыдан)
Материялық дүниетанымды айтпағанда, Уақыт пен Кеңiстiк деп аталатын ұғымдардың өзi жұмған уысында кететiн абсолюттiк Ақиқаттан ұлы, одан мәңгiлiк ешнәрсенiң болмайтыны адамзат баласына, оның iшiнде қазақ халқына әлмисақтан берi аян. Десе де, әрбiр адам баласы өз тағдырын (мүмкiн, күллi Жаратылыстың болмысын!) адамзат тарихына бедерлеп кетуге толық хақысы бар. Және ол мүмкiндiгiнше солай болуға тиiстi де. «Туғанда дүние есiгiн ашып, жер қойнына» дейiн шығарып салар қара өлеңнiң парқы, басқа елдi қайдам, қазақ үшiн қастерлi-ақ! Қара өлеңнiң парқын ұғыну бiр бөлек те, оны тағдырына айналдыру — мүлде басқа әңгiме.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қазақ әдебиетi Тағдыры Өлеңге, Өлеңi Тағдырға айналып кеткен «бұйра шашты, бура мiнездi» (Ә.Смайылов) бiр жас ақынды қол шапалақтап қарсы алды. Ол ақынның аты-жөнi — Маралтай Райымбекұлы болатын.
Ол туралы белгiлi сыншы Әлия Бөпежанова: «Маралтай — әдебиетке елiмiз тәуелсiздiк алып, бұрынғы қоғамдық жүйе ыдырап, жаңа жүйе қалыптаса бастаған күрделi кезеңде әрi ғасырлар тоғысында келген ұрпақтың көрнектi өкiлi», — деп бағалап, «Маралтай жырларында өзiндiк стратегия бар. Өйткенi ол бiз жоғарыда айтып өткен сырт көз тентектiгiне, өмiрiндегi астаң-кестеңдерге, жүйесiздей көрiнетiн мiнезiне қарамастан, өз өмiрбаянын жасауға, демек, қазақтың бүгiнгi поэзиясын саналы түрде жасауға тiкелей өзi қатысады. Ол өмiр стилiн ғана емес, өз сөз-тағдырын саналы түрде таңдайды. Яғни мұндағы әңгiме саналы стратегия туралы (Бұл ретте оны Пушкин, Мұқағали, Бродский сынды ұлы әрiптестерiмен рухтас деуге болады). Сондықтан да ол иерархияны бұзады. Оның жырлары демократияшылдығымен ерекшеленедi — бүгiнгi сана соқпағымызды, бүгiнгi ойлау формамызды және бүгiнгi тiлдiң мүмкiндiгiн ашуға бастайды. Ал ақындық мәдени стратегияларының түп-тамыры жауапкершiлiкпен суарылған еркiндiктен туындайды. Саналы қажеттiлiктен...», — деп жазса, әдебиетшi-ғалым Бақытжан Майтанов: «Фәни дүниенiң қарға тiлегi мен абсолюттi ақиқаттың көгершiн қалпы антитезалық бiтiм түзсе, махаббат зәмзәмiн Омар Һаям, Мағжан Жұмабаев, Сергей Есенин, Поль Верлен, Артюр Рембо сияқты импрессионистiк айшықпен қайталанбас таңбалық бейне арқылы дәрiптейтiн ақынның серi сезiмi ең соңғы дәрежедегi дәлдiкпен безендiрiлуге бейiм. Қиялмен арғы әлемнiң мәңгiлiк бекiнiсiне көшiп алған масаң жiгiтке кiр шалған мына тiршiлiк аянышты», — дептi.
Ғалым Бақытжан Майтанов дөп басып танып отырғанындай, Маралтай ақын әрбiр өлеңiнде сезiм ноталарын соншалықты қапысыздықпен сезiнiп, ойната бiледi. Бұл айтуға ғана оңай. Мына тiршiлiктi сана сүзгiсiне салып, жүрек көзiнен өткiзiп, оған көркемдiк тұрғыдан жан бiтiру... «Маралтайдың дiлi мен дiтi мына бiр жайды еске түсiредi: Он бес-он алтыға ендi ғана iлiккен Бетховен сол кездерде атағы жер жарған Моцартқа келiп: — Сiзден дәрiс алам! — дейдi, еш бүгежектеп, қымсынбай.
Моцарт тәкаппар мiнезбен: — Импровизация жасап көршi, — дейдi, онша менсiнiңкiремей.
Бетховен ай-шайға қарамай рояль клавишасын судай сапырып, ағыл-тегiл әуез төккенде, өзiн-өзi тоқтата алмай, аласұра шалқиды. Импровизацияда ешкiмге дес бермейтiн Моцарт есi шығып, оның асау арынын зорға... зорға тежейдi.
Кейiн Моцарт симфонияның ұлы атасы Гайднға: — Мына Бетховен дүниенi таң-тамаша қалдыруға келiптi! — деп жағасын ұстап, табына сөйлептi.
Бүгiнде сол Бетховен Гайдн, Моцарт симфонизмiн классиканың экстазына көтерген жалғыз құдiрет!
Маралтай да мына дүниенiң таңғалдыруға келiптi», — деп белгiлi жазушы-сазгер Илья Жақанов та бiздiң жоғарыдағы ойымызды бекiте түседi.
Ақын ұғымындағы адалдық пен өмiр шындығы бетпе-бет келгенде, ол тiрiлерден безiнiп Кеңсайды паналап кеткенiн бiлемiз. Өзiнiң тозаң көмкерген аяулы Алматысына Кеңсайдағы аруақтар биiгiнен қарап тұрып:
Сол әлi... баяғы ғұмыр нақ.
Айналмас аңға не құсқа,
Жұлдызды иықтар ырылдап,
Кiндiктен сәл төмен тұста.
Қарашы, көшелер әжiмдей..,
Күн сайын ағылған өлiк.
Түн сайын ажалдың тәжiндей
Ай шығар айбарын төгiп.
Ауырлау болса да (аурудай),
Сепкенi замани әтiр,
Көрпесi ашылған арудай
Алматы түс көрiп жатыр, —
деп ашынды. Бұл өлең туралы белгiлi ақын Мейiрхан Ақдәулетов: «Бұл не? Сандырақ па? Сандырақ. Шыншыл сана-сезiмнiң кейде бастан кешiрер сандырағы. Әрине, «шедевр» емес. Бiрақ өтiрiк мүләйiм, мүттәйiм сезiмнiң былжырақ сентиментi де емес. Мұның ар жағында Мұқағалидың «Алматы ыңырсиды шалқасынан...» деп келетiн «тентек» өлеңi жатыр. Iшi пысқан сезiмнiң бұзықтығы бұл! Әрине, бұған бола жастардың барлығы Маралтайшылауына болмайды. Ал Маралтайға кейiгiсi келген адам әуелi Бодлердiң — әлем таныған француз ақынының — «Өлiктер биiн» немесе Гетенi менсiнбеген Клайстың өлеңдерiн оқысын... Маралтай — ақын. Табиғаты мүлде бөлек. Сонысымен қадiрлi. Бiр тiлек: әлемнiң поэзиясын аралап, танысып үлгерген Маралтай сондай өте бай сезiмдiк мәтiндердiң барлығын айналып келiп, алтын қазыққа, қазақы өлеңге атбайлатарын ұқпайды дейтiндер қателеспесiн. Ол қазақы өлеңнiң «құлағында ойнайды». Бiрақ Маралтай неге оңайға ауысуға тиiс? Маралтай өлеңде өзi болып қалсын. Қала алады ол», — дегенi есiмiзде.
Ол әдебиетке құбылыс боп келдi. Маралтайдың осынау алғашқы өлеңдерiнiң деңгейiне жете алмайтын кейбiр бақас әрiптестерi «Маралтай арақ iшiп жүргенде, өлеңдi жақсы жазатын едi», — деп жақауратуға дейiн барды. Бiрақ мiнездi ақын ондай пiкiрсымақтарға пысқырған да жоқ. Мiнез дегеннен шығады. Қазақтың көрнектi ақыны, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Темiрхан Медетбек тәуелсiздiк кезеңiндегi әдебиет туралы жазған «Алтынкөпiрлiктер» деген көлемдi мақаласында: «...жұрттың көзiне жай оғындай жарқ етiп алғаш түскен де осы Маралтай. Мен Маралтай өлеңдерiмен тоқсаныншы жылдардың басында Маңғыстауда жүрген кезiмде таныса бастағам-ды. Оның сол өлеңдерiнен-ақ мен ә дегенге мә дегелi тұрған шәлкес шамшылдық, иiлiп-бүгiлудi бiлмейтiн, ненi ойлап тұрса соны ақтара салатын еркебұландық, шүрiппесi қайырулы тұрған мылтықтай кiм-кiмдi де сескентiп тастайтын сес байқаған едiм.
Сөзiне тәнтi боп жүрген Маралтайдың өзiн 1996 жылы Жазушылар одағының екiншi хатшысы қызметiне келген кезiмде бiр-ақ көрдiм. Ол кез — «Абайдан Маралтайға дейiн» деген тiркестiң де шыға бастаған кезi. Айналайын Маралтайдың да аспан асты, жер үстiне сыймай дүрiлдеп-ақ тұрған шағы екен. Артындағысын бiр теуiп сеспей қатырып, алдындағысын бiр қағып жапырып жiберетiндей тарпаң», — деп суреттейдi.
Иә, бiз бiлетiн Маралтай осындай алапат мiнез иесi. Бүгiнде оның албырт шақтағы асаулығы iшкi табиғатына тоқтаған сияқты. Дуалы ауыздан шыққан «Мұқағалидан Маралтайға дейiн» деген сөз тiркесi Мағжан мен Абайды көктей өтiп, бүгiнде Ахура-Мазда пайғамбарға барып ұласты (Қ.Ә, №26(2708). «Маралтайдың «Бiр өлеңi — бiр спектакль» деп Халық әртiсi Асанәлi Әшiмов құрметтегендей, «Не нәрсенi болса да халықтан артық таразылайтын ешкiм жоқ. Халықтың бағасы да Бақтың көзi сияқты. Кiмге түседi, кiмдi бағалайды өздерi бiледi».
Оның кейiнгi кiтабы «Кентавр» аталуы да тегiннен-тегiн болмаса керек-тi. Төрт тұяғы күмiстен тағаланып, жүген-ерiне шамшырақ тас орнатқан Тұлпар үстiнде жарты әлемдi тiтiреткен ата-баба Рухына шөлдеу, елдiк пен ерлiкке деген үзiлмес аңсар... Ақын бұл кiтабын өзiнiң рухтас досы Аманжан Сәулебайұлына арнапты. Неге дегенде, «Баяғы алтын жалды, ай тұяқ бабаларымыздың бүгiнгi ұрпақтарының бiрi осы Аманжан секiлдi баһадүрлер деп бiлемiн», — дейдi. Бұл кiтапқа Халық жазушысы, Алты Алаштың Шерхан Мұртазасы Кентаврдың түбiн түптеп, тегiн тексере келе, «Ұлттық Рухтың символы» деп анықтама берсе, кезiнде көрнектi ақын, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин: «Ұқсамауға ұмтылу, ұқсатпай жазуға ден қою шынайы талантқа тән мiнез. Маралтай жырларынан осы қасиет менмұндалап тұрады... Бұл — ойлау мен танымның жаңа кеңiстiгiне құлаш ұра бастаған жас қазақ поэзиясының көкiрекке мол үмiт ұялатар тегеурiндi аяқалысы. Бұл — идеологияның өсегi мен ғайбатынан, ой айтудың жалғандығынан, өнер жасаудың өтiрiгiнен арыла бастаған бүгiнгi қазақ жырының ертеңi, болашағы», — деп сенiм бiлдiредi.
Кеңестiк жүйеден қалған бiр әдет бар. Ақынды қолдан перiште жасап, дидактикалық құралға айналдыруға бейiм тұрамыз. Ақын да пенде. Оның да қатардағы пенделер сияқты «кiрленуi» — заңды құбылыс. Бұл тұрғыда әдебиет сыншысы Айгүл Кемелбаева Маралтайдың «Жезөкше» деген өлеңi туралы бүй дейдi: «Ақын жүрегi жезөкше қыздан да дауа тауып, махаббаттың тылсымын сезiнуi шыншыл қалыбымен баурайды.
Мен қайтейiн, тағдырыма көз өтсе,
Ете берсiн, былайғылар сөз етсе,
Одан кейiн жолыққан жоқ ондай жан,
Жалғыз түнге жолдас болған жезөкше.
Шексiздiктен сыр жеткiзiп тұнық түн,
Тұнық түннiң ләззатына құнықтым.
Мен сiз жайлы
Және бүкiл қыз жайлы
Ғайбат ойдың жетегiнде жүрiппiн.
Бұлай деп нағыз ақын ғана айта алса керек. Адам жүрегiнде жалғыздық, жабығу, сағынып, махаббатқа шөлдеу, «сұлуды шоқпыт iшiнен көрiп» арашалап алу бұл өлеңнiң мәртебесiн өсiре түсер. Бұлай деп ғадетте Л.Н. Толстой, Ф.М. Достоевский тәрiздi ұлы гуманистер айтып өткен».
«Қазақ поэзиясында өмiрге сирек келетiн жарық жұлдыздар болады. Өткен ғасыр Мағжанды ортаға әкелсе, осы ғасырда өртенiп кетiп, оттан қайта жаралатын феникс құсшылап қайта тiрiлдi. Ол — Маралтай. Бұл ешкiм дауласа алмайтын — аксиома. Бiрақ бiреумiз солай екен дедiк пе? Бiз Маралтай поэзиясындағы ғаламат жаңалықты талдап, талқылау тұрмақ, әлi байқап та, түсiнiп те үлгерген жоқпыз». Бұл — жас жазушы Лира Қоныстың танымы.
Қалай болғанда да, Маралтай Райымбекұлының шығармашылығы тұтас бiр ұрпақтың бастауында тұр. «Орнымды iздеп сенделiп келем орындық емес өмiрден», — деп өзi жырлағандай, Ол тақ пен баққа қызыққан жоқ. «Мен сенi жаңартам деп келгенiм жоқ, Сен менi жаралғансың сүйеу үшiн», — деп Мұқағали ағасы жырлағандай, тек Поэзияны сүйiп, Поэзияға ғана сенiп ғұмыр кешiп жүр.
«Маралтай поэзиясы — қазақ поэзиясының әбден кемелденгенiнiң белгiсi... Маралтай — қазақ поэзиясын өңдеушi ақын, қазақ поэзиясын жаңа деңгейге көтерушi хас тұлға. Егер Абай өзiн «самородный сары алтын» санаса, Жұмекен өз поэзиясын артық-кемi жоқ «биiк өкше етiк» ретiнде елестетсе, Маралтай — осының бәрiн сiңiрiп, жаңа сапаға түсiрушi», — деп Әуезхан Қодар да риясыз пейiлiн бiлдiредi.
...Абай поэзиясы мен Маралтай поэзиясында нәзiк үндестiк байқалады. Белгiлi жырау Бекболат Тiлеухан бұл жайды анық аңғарған: «Жырдың iшек-қырындысы мен астарынан, таңбалану мәнерi мен табиғатынан әрiдегi Гете мен Байрон, Лермонтов пен Пушкиннiң Абай тiлiндегi әуезi айқын қылаң берiп тұр. Бұл ешқандай да имитация емес. Бұл — Абай талғамындағы таңдаудың байып жетiлген нұсқасы. Қазақтың көңiлiне жақын, жүрегiне ыстық форма. Маралтай — әр дәуiрдегi, әр қоғамдағы жаңашыл ақындардың жетiстiгiн қапысыз сезiнген, өзi де сол биiкке ұмсынған реформатор. Абай жырларына үндес Маралтай жырларындағы тағы бiр ерекшелiк, ол сезiм аккордтарын қуалай әкеп кульминацияны соңғы шумаққа байлап тастайды. Әдетте, кез келген жанр мұндай шешiмдi қабылдай алмас едi. Мұндай байламға бару өнер құдiретiне деген шексiз нанымнан туындайды».
Өзi белгiлi, бiрақ ойлау жүйесi «белгiсiздеу» жазушы Несiпбек Дәутайұлы Маралтай туралы: «Бiр тiлек: талант та — көздiң қарашығы iспеттi. Ал оны сақтау — жарық дүниенi жоғалтпау!» — дептi. Астарлы мағынаға ие асыл ой — бұл! «Бағың жанғанша тiлеуiңдi халық та тiлейдi, өзiң де тiлейсiң. Бағың жанған соң, өзiң ғана тiлейсiң», — дейтiн ащы шындығымыз бар. Таланттардың бәрi қос мағынасында жалғыздықпен өмiр сүредi, шашылып ғұмыр кешедi. Бiздiң бұл кiтапты құрастырудағы негiзгi мақсатымыздың бiрi де ақын шығармашылығына, ақын тағдырына деген құрметтен туындаған iзгiлiк едi...
Ақын, әдебиетшi-ғалым Жанат Әскербекқызы: «Жыр жинақтарын «Ай», «Кентавр» деп атаған Маралтайдың өзi де — Ай сипатты, Кентавр бейнелi жан. Бұл екi атау да — ақынның автометафорасы», — дептi. Бiз де осы байламға ұйып, қолдарыңыздағы кiтаптың атын «Ай астындағы Кентавр» деп атауды ұйғардық. Осынау жинаққа Маралтай Райымбекұлының шығармашылығы, тағдыры жайлы қалам тартқан ұлт әдебиетiнiң бүгiнгi абызы Шерхан Мұртазадан бастап, әдебиетiмiздiң болашағы саналып жүрген Ерлан Жүнiске дейiнгi ақын жазушылар мен сыншылардың еңбектерi топтастырылды. Кiтап кейiпкерiне әр суреткер әр қырынан тоқталған. Барлық пiкiр бiр арнаға құйылып шынайы Поэзияны әспеттейдi.
Құрметтi оқырман, ұқыптылық та ұрпаққа керек өнегенiң бiр парасы ғой деген оймен осы жинақты өздерiңiзге тарту етемiн.