Артқа қайту Басып шығару

Шерхан МҰРТАЗА "КЕНТАВР – ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ СИМВОЛЫ"

Шерхан МҰРТАЗА, 

Халық жазушысы, Жамбыл облысы Жуалы ауданында дүниеге келген. М.В.Ломоносов атын­дағы Мәскеу мемлекеттiк уни­вер­ситетiнiң жур­на­листика фа­куль­тетiн бiтiрген. Қазақ КСР Мем­леке­ттiк сыйлығының иегерi. Қазақ КСР-ның еңбек сiңiрген мәде­ниет қызметкерi. «Құрмет белгiсi», «Отан» ордендерiмен, медальдармен марапатталған. ПЕН-клуб сыйлығының иегерi.


КЕНТАВР – ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ СИМВОЛЫ

(алғы сөз)


Игiлiк ауылы — Жамбыл об­­лысы Сарысу ауданы кө­ле­мiнде жат­қан құтты мекен. Бiр жағы Қызылкөл, Баба түктi Шашты Әзiз әулиемен шек­тес­кен Созақ ауданына жалғасса, ар­ғы жағы Арқаға қарай ұлас­қан берекелi, киелi жерлер. Мi­не, осы аймақта бергi заманның өзiн­де небiр атақты таланттар дүниеге келдi. Олардың төре­сiндей, төбе биiндей болып тау тұлғалы Асанәлi жүр. Илья Жа­­қанов бар! Амангелдi Сен­бин бар едi... Ал, сол өнер алып­тарының жалғасындай Ма­рал­тай атты ақын шықты Са­ры­судан. Оның от-жалынға оранған өлеңдерiн бiрер сөзбен суреттеу өте қиын. Оны iздеп тауып оқу керек! Маралтайдың өлеңдерi, шынында да, Кентавр — кеудесi адам, басқа тұлғасы тұлпар тектес құбылыс.

Қара сөздiң бүгiнгi перiлерiнiң бiрегейi Несiпбек Дәутайұлы жазғандай, Кентавр ол — Айғыр кiсi. Кезiнде кентавр туралы марқұм Марат Қабанбай да қалам тербеген.

Тұлпар мен адам бiрiгiп кеткен керемет мүсiн кентавр туралы бұрынғы ғажайып ертегiлерден оқитынбыз. Ал Маралтайдың Кентавры көз алдыңа — гауһардай поэзия тiлiнде оралғанда, ежелгi қазақ жырларының көсемi «Қобыланды» дастанындағы «Көлденең жатқан көк тасты саз балшықтай илейтiн» Тайбурылдың тұяғы елестей бередi. Бұл - бiздiң жарты әлемдi жаулаған ата-бабаларымыздың Рухы. Ата-бабаларымыз жарты әлемдi тiзерлетсе, Маралтайдың жырлары неге нашар болуға тиiстi?!

Жарайсың, Маралтайдың Адам мен Тұлпар тұтасып кеткен «Кентавры!»