Лира ҚОНЫС, жазушы. Оңтүстiк Қазақстан облысы, Отырар ауданында дүниеге келген. Халықаралық «Шабыт» фестивалiнiң лауреаты. Бiрнеше прозалық кiтаптардың авторы. Тәуелсiз «Тарлан-үмiт» сыйлығының иегерi.
МАРАЛТАЙ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ СОПЫЛЫҚ САРЫН
Маралтай- қазақ поэзиясында жаңа бiр әлем ашып, жеке жұлдыз боп жарқырай көрiнген сөз өнерiнiң ақсүйегi.
Автор.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қазақ әдебиетiнiң тарихына Тәуелсiздiк Дәуiрiндегi Әдебиет атты жаңа бiр белес алып келдi. Әдебиет әлемiне жыр тұлпарды ауыздықтап мiнген бiр топ таланттар келiп кiрдi. Соның бiрi Алаштың қоңыраулы сұңқарындай ақын — Маралтай Райымбекұлы. Түнiмен құрт жеп шыққан адам ертеңгiсiн суды қалай сiмiредi, Ақын жырларын оқырман солай қабылдады. Қарқара киiп ұзатылып бара жатқан қыз сыңсу айтқанда сырқырамайтын сай-сүйек бар ма? Ақын жырлары да оқырманға тап осылай жеттi. Абай оқырман-ой ақпанның ақ түтегiнде адасып жүрiп не күтедi? Маралтай жырлары Тоғжанның шырағы болып жол бастады.
Қазақтың әр ақыны қара өлеңнiң табиғаты мен уақыт бiрлесе отырып жасаған сұлу символикасын қалыптастырушы десек, осы поэзия өкiлдерiнде қатар даму, замандастық бола тұра бiр-бiрiне ұқсамайды, бiрiн-бiрi көлегейлемейдi. Себебi... әрқайсысында өлең дейтiн құдiреттiң жеке құпиясы, өзiне ғана тән тың үнi мен дербес табиғаты бар. Осы ретте лирикалық шолулар ғана емес, Маралтай поэзиясындағы сопылық сарынға нақты тоқталғанды жөн көрдiк.
Сопы — ислам дiнiнiң поэзиялық бағытын дамытушы, бұл дүниенiң қам-қарекетiн сөз етпейтiн, сұхбатының негiзгi тақырыбы ар-ұждан, Алла, Аллаға деген махаббаты шексiз жаратқанның құлы. Шығыста, қала бердi қазақ жұртында дiни көзқарас ықпал етiп, сопылық бағыт әсерiнен ұлт арасындағы шайырлардың жаратушы күшке деген махаббаты туындап, сол арқылы халықты иманға, ұжданды болуға шақыратын фактор қалыптасқан. Мағжан ақын әкелген, түпкi негiзi ортағасырлық шығыс әуендерiмен байланыса қалыптасқан бағыт бар: бұл ислам дiнiнiң дамуы — негiзiнде тарих сахнасына шығып, тек өлең қайраткерлерi емес, қоғам қайраткерлерiне де айналған шығыс шайырлары, яғни сопылық дәстүрдi жасаушылар iлiмiнен жалғасын тапқан заңды құбылыс. Әдеби даму процесiнде жанр тарихи түр болды да, көркем творчество бұл кезеңде түрлi ағымдарға бөлiнбей, синкреттi түрде өрiс алды. Уақыт өте келе жанрлар жеке-дара қалыптасқанымен, сопылық сарындағы жырлар өз мәнiнде синкреттi деңгейiнде қалды. Бұл жырлардың iшiнде лириканың барлық жанрларына тән факторлар кездеседi. Маралтай Райымбекұлы поэзиясынан осы сарынды, яғни, «олардың ең осалының өзi менен мықты» — деп Гете таңдана таңдай қағатын шығыс ғұламаларынан бүгiнге жеткен төлтума көрiнiске куә боламыз. Маралтай шығармашылығы — лексикалық қоры мол, бояуы қанық, салмағы ауыр, көкжиегi кең дүние. Бұлар бiрiн-бiрi толықтыра келе шекарасыздық қалыптастырады да, сананың ең жоғарғы дәрежесi/ сопылық тiлде — нафс/ суфизмге жетелейдi. Сопылық iлiм — ислам дiнiнiң эзотерикалық мистикалық бағыты, махаббат жыры.
Жұмақ төрi сенсiз бiрақ мәндi ме,
Тоз-тоз болар тау секiлдi төзiмiм;
Мың ұмтылып Аллаға дiлiм жетпей,
Аян боп тұр сайтанмен жақындығым;
Жұмыр жер адасып барады,
Қолында Құраны;
Шарап пенен гүлiн сүйген сәуiрдiң
Шайырлардың сарқытымыз бiз де бiр.
Маралтай поэзиясындағы сопылық сарынды жоғарыдағы жолдар-ақ айқындай алады: «...Ортағасырлық араб мәдениетi ықпал еткен лирикалық поэзия өзiнiң ұзақ тарихында қалыптасқан қатаң дәстүрлер, поэтикалық конондар, әдеби этикеттер ауқымында дамыды. Құрылым, бейнелеу құралдарында дiни мифологияны негiз ете отырып, ғазал, түюг, рубай, фард сияқты түрi мен формасы жаратқанды жырлауға негiзделген жүйе дамыды» (Иванов С.Н.). Шығыстық гуманизм — ақылдан бұрын жүректi алға шығарады. Ақын жырларынан жоғарыда аталған өзара үндес арқауды көптеп кездестiремiз.
Рудаки:
Михрабқа жүздi бұрғаннан не пайда,
Көңiл Бұхара, Тараз аруларына бұрған соң.
Хафиз:
Мен Шираздың пәк сұлуын тәңiрiме теңер ем,
Бiр меңiне Самарханд пен Бұқараны берер ем.
Маралтай:
Сұлулықтың әнiсiң бiр,
Таңғы шықтай түр-өңiңе
Хорасанның шәлiсiн дүр,
Қидым Шираз кiлемiн де.
Хафиз:
Дүниеде бәрi қирар, бәрiн қаудан шөп басар,
Құлата алар күш жоқ бiрақ
Махаббаттың сарайын.
Маралтай:
Жанымды ғарышқа атып кiр түнектен,
Тәнiмдi жерге көмiп дiр-дiр еткен.
Жүрермiз тозақ отын жырмен сабап,
Екеумiз қабат соғып бiр жүрекпен;
Өзегiмдi өрт тiледi өрiмiм,
Дидарыңа дуана боп дүнием...
Әлбетте, өзiн дуана — факирға теңеу де сопылар дүниесiнiң салты. Бұл ғашықтық бөлек. Махаббат төрт-бес шумақ жырмен тәмамдала қоймайды. Петрарка Лаураны, Жұматай Ләйлiнi жырына өмiрлiк арқау қылғаны мәлiм. Ақан серiнiң он шақты жол өлеңiнде Балқадишаға деген ғашықтығы түгелдей айтылып бiткен жоқ. Ал Аллаға деген махаббат — бұдан да өзге мәңгiлiк тақырып болса керек. Бүгiнгi оқырмандық негiзде қарастыратын болсақ, дiни схоластиканың әлi танымға дендей қоймағаны мәлiм. Себебi, социалистiк реализм тұсында фанатизм мен футурализмдi санадан қуалап, құдайсыздық идеясын сiңiртуге тырысты. Дүниенiң дiңгегi абсолюттiк идея дейтiн Гегельдiк тұжырымды жоққа шығарып, классизм эстетикасына терiс қараған Лессингтi қол соғып қолдады.
Егер ақын поэзиясын тұтас нобай деп алсақ, оны тұтастай iңкәрлiк ауқымында жинайтын үлкен парасаттың иесi болса, пiшiндi үлкен шеберлiкке бастар қадамдар деп қарастырғанымыз жөн.
Ай — Маралтай поэзиясының басты символикасы. Құран, Библияда қабат кездесетiн сопылық тәмсiлдерге арқау осы құбылыстың негiзгi элементi ретiнде орын алуы сопылық кептiң бiр көрiнiсi. Тiлiнде Құранның қуаты бар сопылар поэзиясы ағыл-тегiл шарапты жырлаудан тұрады.
Маралтай:
Бал шарапты жаны балқып iшетiн,
О дүниеге о бастан-ақ мүше едiм;
Сенi көзден сүйгендей сүйем сосын
Кiрпiгiңдi сап қойып шарабыма;
Бiр Алланың шапағатын тисiн деп,
Құран сүйдiм (шарап та iштiм қарқылдап);
Шарап-iшiмдiк емес, шартты ұғым. Сопы жүзiмдiктi өмiр деп түсiндiрсе, шарапты өмiр мәнi көрсеткен. Шарап-Һаямның рубаятында, Иассауидiң Хикметiнде, Хафиздiң ғазалдарында да бар. Жәми, Сағди, Румидiң рауаяттарында да кездеседi. Орыс ақындарының көбiнде великорустық мәдениеттiң сарыны бар екендiгiн пайымдасақ, Маралтай поэзиясындағы сопылық дәстүр-романтизмнiң прогресшiл түрi емес, екiншiден «әр халықтың тек өзiне тиесiлi ойлау жүйесi, дәстүрдi, салтты халықтың рухы мiндеттi түрде шығармагер дүниесiне әсер ететiнiмен» (Пушкин А.С.) санассақ, ұлттық рухпен бiте қайнасқан кеп бар.
Бәлкiм, келiспеушiлiк болар да, әйткенмен, философия теологиядан бастау алады. Классицизмнiң әдеби манифесi ретiнде мәлiм Буалолық трактаттың абсолюттi негiзi — поэтикалық өнердiң басты шарты танымды жырлау екенiмен санассақ, сопылықтың дамуы поэзия тарихындағы үлкен жетiстiк. Бүгiнгi әдебиетте хаосқа айналу қаупi болмаса да, хаосты гармонияға айналдыру үшiн ең әуелiм сопылық элементтер болуы қажеттi. Себебi Белинскийлiк тұжырым-iргелi ақын өзiнiң жеке «менi» туралы жырласа, ол өзiн емес, бүкiл адамзат туралы жырлағаны.
Сопылық дәстүр ең бiрiншi — лирика. «Лирикада жеке бастың сыры, ойы ең бiрiншi қатарда тұрады» (А.Исмакова). Маралтай поэзиясында осы жеке бастың «менi» арқылы көпке айналған биiк мөлдiрлiк бар. Онда ешбiр ғайыптан тайып пайда болған дүниенiң елесi жоқ. Бұл үлкен үйлесiмдiлiкке жетелейдi. «Поэзиядағы басты қасиет — гармония» (Блок). Аталмыш поэзияда кез келген интеллектуалды дүниеге тән биiк парасат бар. Бiздiң мақсатымыз Маралтай Райымбекұлын қалайда сопылық бағыттың өкiлi етiп шығару емес. Схоластиканы терiстеу салдары социалистiк реализм негiзiнде бiрталай жарымжан әдеби дүниенiң тууына негiз болды. Кеңес тұсындағы кей қаламгерлерде шығармашылық иесiне тән қасиеттiң синтезi секiлдi iңкәр гуманизм болған шығар, бiрақ көп дүние интернационализмнiң аттаны мен «буржуазия қанап жатыр, капитализм тонап жатыр» деген байбаламнан ғана тұрған дарвинизмнiң қолшоқпары ретiнде дамыды. Сөйткен Чарлз мырзаның өзi өлер алдында өзiнiң өмір бойы жасаған зерттеуiне өзi күдiк бiлдiрiп, адам маймылдан жаралмаса, жаралмаған шығар деп көз жұматынымен санасақ, кеңес тұсында нақты әдебиет жасалынды деген ойға күмәнмен қарау керек.
Ал тәуелсiздiк дәуiрiндегi әдебиетте мұндай сарын жоқ. Жан диалектикасының негiзiнде дамыған шығармалардың мазмұны мен пiшiнiнде симметрия мен гармония аясында зерттелiм жүргiзу керек. Бұл прогрестiң алдыңғы қатарын Маралтай Райымбекұлы ретiнде қарастырамыз. Иманы жоқ елдiң ары жоқ ел болудың аз-ақ алдында отырғанында иман мен Алланы алға шығарған ақындардың қарасы көбейгенiне қуану керек болар да....
Ерлан ЖҮНIС, ақын. Алматы облысы Жамбыл ауданында дүниеге келген. Көптеген республикалық жыр мүшәйраларының жеңiмпазы. Халықаралық «Шабыт» фестивалiнде бас жүлденi және
ҚР Президентiнiң арнаулы кубогын иеленген.