Ақтолқын Күлекеева, филолог. Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында дүниеге келген. Қыздар педагогикалық институтының аспирантурасын бiтiрген.
ЖАСЫН ЖЫР
Шынайы табиғи таланттың тайқазанында қайнап шығып, сезiмсiз қасаңдылықтың қабырғасын қақ айыратын айбалта жырлар некен-саяқ. Сондай саяқ жырдың сарбазы, жас ақын — Маралтай Ыбыраев. Ол ненi жырласа да, қай тақырыпта қалам тербесе де, жасанды жыр тудырып, жасық жырлардың қатарын көбейтпейдi. Оның өлеңдерiн салған жерден сыдыртып оқып шыққан адам асқар ойдың аңысын аңди алмай аңырып та қалуы ықтимал. Сан қайтара оқып барып, сарабдал ойдың салмағын, тылсым дүниенiң тынысын, тынымсыз жүректiң дыбысын танып, тұңғиық ойға батасың. Ақындық ғұмырдың ащы сыбағасын, арылмас мұңын мүлтiксiз меңзеген мәрт өлеңдер кейде мәңгiлiк жаратылыстың жазылмаған заңдылықтарына да қарсы шығады. Ақындықтың азапты айдынында айбынданып шыққан жас ақын өлеңi өлмейтiн құбылыстай ақындықты асыра бағалайды.
Жас ақынның жастық жалыны, асау арыны көңiл көкжиегiндегi қарабайыр көнбiс ойлардың көбесiн сөгетiндей. Өлеңдегi өрлiктi өзiмшiлдiкпен, ерлiктi ессiздiкпен, тапқырлықты тәкаппарлықпен, мергендiктi менмендiкпен шатастыру — шама-шарқымыздың шалағайлығы.
Ақын сөз өнерiндегi мәңгiлiк тақырып — махаббатты да өзгеше жырлайды. Әдетте, бұл тақырыптағы өлеңдердiң лейтмотивi — мұң, кульминациясы — мәңгiлiк сағыныш, дауасыз дерт болып келедi. Ал ақын Маралтай Ыбыраев өлеңдерi сан мыңдаған өлеңдердiң арасынан сапалы, саралы, салмақтылығымен сананы баурайды. Албырт ақынның күнәсiз махаббатының куәгерi — түнгi аспанның дамылсыз жымыңдап тұратын жеңгетай жұлдыздары да, тынымсыз толқып, тылсым сезiмдерге тiл бiтiретiн тау өзенiнiң өр толқындары да емес. Мүлде қарапайым ғана құба тал, туған жердiң қасиеттi қарағашы. Иә, кәдуiлгi қарағаш.
Сенiң шашыңдай қарағаш,
Мектептiң қасындағы қарағаш.
Ерiнiңдей ып-ыстық
Аспандағы ай шала мас.
Қарапайым ғана қарағаштан жалынды жыр жолдарын тудыруы, сөз жоқ, ақын ойының қырағылығы, көз жанарының жiтiлiгi. Ақындық ғұмырдың азабы мен арпалысы, рахаты мен ләззаты, соры мен салтанаты аралас. Жас ақынның ләззаттан гөрi азапты арнаға бой ұруы — жасандылық емес, табиғи шынайылық. Ыбыраевтың осы орайда ақындық қырын, адами болмысын танытатын келесi арна — пәни жалған мен мәңгiлiк тiршiлiк жайындағы жырлар. Жас ақын бiрде пәни жалғанның пәтуасыздығын айтып, пәруайым шексе, бiрде тақу тiрлiктiң тарлығын тiлiне тиек етiп, тылсым құбылыстарымен белдесiп, тiршiлiк додасына түседi. Рухани дүние мен сыртқы дүниенiң ымырасыз күресiн ышқына жырлайды. Ешқашан бiтiмге келмейтiн өмiр мен өлiм, үмiт пен күдiк, бақыт пен мұң, қайғы мен қуаныш арасындағы мәңгiлiк майданды бедерлi сөз, бұлтартпас дәлел, тапқыр тармақ, шымыр шумақтармен алдыңызға тартқанда — талант табиғатына тартыла түсесiз. Ақынның «Қызыл өлең» деп аталатын туындысы лирика-психологиялық өлең үлгiсiне жатады. Мұнда ақынның жан дүниесiнде болып жатқан күллi қасiрет атаулы қалқып, өлеңнiң сыртқы диалектикалық қабатына шығады. Немiс ақыны Гетеден кейiн қазақ әдебиетiнде Мағжан, одан бертiнде Мұқағали өлеңдерiне өзек болған өлiм күйiн өзгеше реңкпен жырлайды. Тiршiлiктегi тiрегi, асқар тау әкесiнен, ағар бұлақ — анасынан, арқасүйер ағасынан айрылған азалы ақын арыстандай аһ ұрып, аласұрады. Өртенген жүрек өрекпiп, өлеңнен дауа iздейдi:
Жазылмаған жырымды оқып тұрамын
Қазылмаған қабiрiмнiң қасында...
Бұл — болмыс босаңдығы деп бағалауға болмайтын кесек көрiнiс. Поэзияда тұңғиық ойға батып, түпсiз мұңға берiлу пессимизмге бой алдыру — кездейсоқ құбылыс емес. Жанардың жасы мен жүректiң қанына иленiп, саңылауын сетiнетiп шыққан серке өлең ғана өмiршең өнерге айналмақ. Жас ақынның өлең өрiсiнде Махамбет поэзиясы өлкесiмен туыстық бар.
Мен — кескектi ердiң сойымын,
Кескiлеспей бiр басылман.
Алдыңа келiп тұрмын деп,
Ар-намысымды қашырман! —
деген Махамбеттей дүлдүл сардарға сәйкес сөз саптаған Маралтай:
Мен жиырмадан асқан еңiреу,
Емексiп жүрген әрнеге,
Кездiктiң ұшын сындырып
Кектенсем байлап жебеге, —
дейдi өзiңнiң «Ғұмыр» өлеңiнде.
Мұндағы байланыс Махамбет ақынның стилiне тән «кездiк», «жебе» сияқты сөздердiң Маралтай поэзиясында қайталанып қолданылуында емес, рух үйлесiмдiлiгiнде. Жас ақынның лирикалық «менi» — қайсар ойдың қаһарманы. Бұл байланысты өткендi айнытпай ұқсату деп емес, кешегi сақа өнер мен бүгiнгi жаңа өнердiң арасындағы саналы сабақтастық тұрғысында қарау орынды.
Қазақ әдеби тiлiнiң қолданысында кездесе бермейтiн кейбiр күрделi сөздердi пайдалану арқылы iзденгiштiгi танылады. «Әдилә» деп аталатын өлеңiнде аталмыш ойға айғақ болар сарын бар:
Уа, Әдилә!
Мынау қалың қорымға,
Бiр басыма қос ай қадап кiрiп ем,
Сiрi деммен серт тайысқан күнi мен,
Алғашқысы — аруақтар, соңғысы —
Жасыл өңдi ғасыл ғарақ тiрiден.
Мұндай мысалдарды көптеп келтiруге болады. Жiгерлi үн, өршiл пафос, қайсар қарқын Маралтай поэзиясының көркемдiк жүгiн, әлеуметтiк мазмұнын байытып, ерекшелендiрiп тұрады.