ақын, ғалым. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында дүниеге келген. Қазақ ұлттық университетiнiң журналистика факультетiн бiтiрген. Филология ғылымдарының докторы. Бүкiлтүркiдүниесi ақындар фестивалiнiң, мемлекеттiк «Дарын» сыйлығының, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты.
МАРАЛТАЙ, АСҚАР АЛТАЙ, ӨР АЛТАЙ
Маралтай бауырыммен алғаш 1992 жылдың көктемiнде ұшырастым. Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында «Студент көктемi» атты жыр фестивалi өттi. Әдiлқазылар алқасының мүшелерi М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаттары, ақын Аманхан Әлiм, жазушы Жаңабек Шағатай, сондай-ақ ақындар Қасымхан Бегманов пен Әдiлбек Ыбырайымұлы болды. Төрағалық маған жүктелдi. Қазақстанның түпкiр-түпкiрiнен 54 жас ақын қатысты. Әрқайсысы 2 өлеңнен сахнада оқуға тиiс болатын. Жазушылар одағының салтанат залы халыққа лық толы. Бiр мезгiлде Жамбыл педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетiнiң студентi Маралтай Ыбыраев шықты. Үстiнде ақ костюм. Көзiнде қара көзiлдiрiк. Алғашқы өлеңi — жастай өмiрден озған, бiздiң досымыз, ақын Бауыржан Үсеновке арналған «Қазанама» деген жыры едi. Көпшiлiк дүркiрете қол соқты.
Екiншi өлеңiн оқып тұрып көзiндегi көзiлдiрiктi алып тастады. Бiр көзi көгерген екен. Зал одан сайын ынтыға түстi. Көпшiлiк сұрауымен үшiншi өлеңiн тағы оқыды.
Бiр көргеннен түйгенiм — табиғаты, болмысы да, өлеңдi жатқа берiлiп оқуы да, жасандылығы жоқ табиғи ақын екен. Сол жолғы бас бәйгенi Маралтайға бердiк. Бұл ақын бауырымның Алматы сияқты бас қаладағы алғашқы дебютi едi. Оны өзi де ылғи айтып жүредi.
Кейiннен оны Жазушылар одағында көрiп жүрдiм. Бiрде Сәндiбек Жұбаниязов деген шәкiртiм екеуi менi үйге iздеп келiптi.
Барлық Алматыға арман қуып келген ақындар сияқты пәтер тауқыметiн аз тартқан жоқ. Өлең үшiн Тараздағы оқуын да тастап кеттi.
Өлсем — сенiң босағаңда өлемiн,
Ақындарын ардақтаған өр елiм.
Иесi бар иттер талап жатса да,
Киесiне шағынбаған бөрi едiм...
...Ханның кенже баласындай ұл едiм,
Ауырады жүрегiм.
Бас қалада баспанасыз Қасымдай
Қаңғып жүрiп тiлеуiңдi тiледiм, —
деп Ұлы елiне, Отанына ашынып жыр төктi сол кезде. Кейiннен ҚазҰУ қалашығындағы жатақханалардың бiрiнде отбасымен тұруына қолымнан келгенше жәрдемдестiм.
Алматыдағы қалам ұстаған, ақынмын деген жiгiттердiң бәрi дерлiк Маралтайдың қасына ерiп жүрдi. Оны көзiм талай көрдi. «Ай-Нұр» деген кiтабын шығарды. «Ай» деген кiтабын шығарды. Жастар одағы сыйлығын алды. «Дарын» мемлекеттiк сыйлығымен марапатталды.
Руханият жанашыры Иманғали Тасмағамбетов Алматыға әкiм болып келгенде, ең алғашқы пәтер кiлтiн Маралтайға тапсырды. Перзенттi болды. Ұлының атын ақын Жұматай Жақыпбаевтың құрметiне Жұматай қойғанын естiдiм.
Ғалымдар үйiнде, Жазушылар одағында, Астанада, Жамбылда, Атырауда, М.О.Әуезов атындағы академиялық театрда жыр кештерiн өткiздi. Оның «Әдилә», «Әйел», «Автопортрет», «Қарағаш», «Зираттағы зар» өлеңдерiн талай жастардың жатқа оқығанын көрiп шын қуандым.
Бiрде 2000 жылғы поэзия туралы жыл қорытындысында баяндама жасадым. Маралтай шығармашылығына тоқталдым. Ол кезде екi шағын кiтабы ғана шыққан.
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етедi iшiне қулық сақтап,
Өзiңе сен, өзiңдi алып шығар
Еңбегiң мен ақылың екi жақтап, –
деп жазған дана Абай өлеңiн жас ақынның есiне салдым. Өмiрдiң қара бояуынан тұратын поэзиясына оптимизм тiледiм. Сосын өтiрiк даңғаза дақпыртқа сене бермей, көбiрек жыр жазу керектiгiн айттым. Тағы бiрде Баянауылға бiрге бардық. Сонда отарба iшiндегi бiр купеде түнi бойы сырластық. Өлең оқыдық. Мен оған кiтабымды сыйладым.
Қазiр Маралтай қазақтың поэзиясындағы өз қатарластары iшiндегi ақбас толқын сияқты. «Кентавр» атты жаңа кiтабы жарық көрдi. Сол жинағы үшiн Халықаралық «Алаш» сыйлығын алды. Қарап отырсақ, Маралтайда атақ та, абырой да, Құдай-тағаланың берген ақындық дарыны да бар. Ендi тек оған жазу керек, жазу керек, жазу керек!
Кейбiр өлеңдерiнен оның басқа ақындарда жоқ суретшiлiк қабiлетi де қылаң бередi. Мысалы:
Қалам қалған үстелiнiң үстiнде,
Қағаз қалған үстелiнiң үстiнде.
Шырақ әне, жағылмаған қалпында,
Құран мiне, Құран — Құран қалпында!
Ендi қайта батпастай боп Күн тұрды,
Батса... қайта атпастай боп... бiртүрлi.
Және бiр тал сары гүл бар әдемi,
Гүл туралы айту жөн ед(i) әуелi.
(Натюрморт)
«Зоологиялық терминдер», «Менiң бөлтiрiктерiм», «Сентиментальдi құбылыс», «Оптимизм», «Ғұмыр» сияқты өлеңдерден Маралтайдың өзiндiк қолтаңбасы айқын көрiнiс тапқан.
Сүттей аппақ көңiлiңе
Алла үрлеп — дем берiп,
Менiң мұңды өмiрiмде
Той боп жатыр сен келiп...
немесе
Көктем емес пе едi?!
Қазбауыр бұлттар жеткенде шығыстан кезбе,
Сезiмнiң құйып шарабын хрусталь сөзге,
Егiз бiр жандай екеумiз ұғысқан кезде,
Өткен елес пе едi!
* * *
Қар жауып тұр,
Қан тамады — қара қан,
Қара қанды қардың тiлi жалаған...
* * *
Сенiң шашыңдай қарағаш,
Мектептiң қасындағы қарағаш.
Ернiңдей ып-ыстық,
Аспандағы Ай шала мас...
Бұл секiлдi Маралтайдың ақын жүрегiнен өрiлiп түскен, төгiлiп түскен сәттi iзденiс, талпыныстары қуантады. Болашақта осындай тың дүниелерi көбейе берсе екен деп тiлеймiн!
Оның осы күнге дейiнгi жыр-тағдырының бiр кредосы мына бiр өлең шумақтары сияқты көрiнедi кейде маған:
Тарпаң тұлғалы, кiсi бейнелi
Бабалар бүгiн түсiме енбейдi.
Солардан қалған жүрек қой мынау —
Жүрегiм неге кiсiнемейдi?
Пұшайман халiм өртедi менi.
Қылқобыз кеудем шертедi ненi?
Жал бiттi
кенет… жотама менiң,
Оқиғадағыдай ертегiдегi.
Ғаламат солай басталып бiр сәт,
Құйғытып кеттiм тастарды турап.
Атылдым көкке жай сияқтанып,
Тұяғым алтын — Ай сияқтанып…
Мұнда ақын тағдыры бар. Ол өзi ықылым заманда Ықылас бабамыз қобызын күңiренткен абыз далада ашқан дүние есiгiн. Ақын боп туды. Ақын боп ғұмыр кешуде. Ақын боп қайғырады. Ақын боп қуанады.
Мен онымен кездескен сайын: «Уай, Маралтай, Асқар Алтай, Өр Алтай», — деймiн. Ол менiң сол сәлемiме үйренген сыңайлы. Оным — Алтай тауындай биiк боп, әсем қарағайдай өлеңдерiңмен таңдандыр, Ықылас баба қобызының сарынын жыр жолдарына түсiр, кербұғының көзiндегi керемет өмiрдi өрнекте! — деген тiлегiм едi.
Лайым, сол тiлегiм орындалсын!