Бақытбек СМАҒҰЛ, қаламгер, ауған соғысының батыры. Қызылорда облысының Қазалы ауданында туған. Ауған соғысының ардагерлерi ұйымының «Қазақстан ардагерлер қауымдастығының» төралқа төрағасы. Ауған соғысы туралы бiрнеше кiтаптың авторы.
МIНЕЗСIЗ ЕРКЕК — ЕРКЕК ПЕ!
Айналайын, Маралтай бауырым! Сенiң өлеңдерiңе пiкiр айту үшiн «Батырға да жан керек». Сен, шынында да, қазақтың маңдайалдындағы дүр ақынысың. Құрыш тұяқтарынан от ұшқындаған Шабыт тұлпарыңа мiнiп сөз патшалығына арындай кiрген шағыңнан жақсы бiлемiн.
Поэзия — қасиеттi де киелi патшалық. Содан да болар, оның есiгiнен кiм көрiнген кiре алмайды. Сол патшалыққа бiр Алланың берген хас талантымен еркiн кiрдiң. Өр мiнезiңмен, өз табиғатыңмен, бөлек болмысыңмен сөз сарасын әдiптей отырып, көпке атың ерте танылды. Ел еркесi ақын Маралтай атандың. Ақындық кейбiр тентектiгiңе кең қолтық халқың отты жырларың үшiн еркелiк деп ұғынып, маңдайыңнан сипады. Сен бұған кiнәлi емессiң, Маралтай! Сенен бұрынғы атпал ағаларыңда да осындай еркелiк, осындай өрлiк болған. Неге екенiн бiлмеймiн. Бiздiң ақындарымызға осындай мiнездерi әдемi жарасып тұрады. Мұндай еркелiгi, тентектiгi жоқ ақындар кейiн тез өшiп қалатындай көрiнедi. Қазақ халқы мiнездi дейдi ғой. Ал, ақын сол халықтың «Бәйге қайда?» деп тұрған тұлпары емес пе?! Менiмше, мiнезсiз ақынның жырлары да мiнезсiз болмақ.
Сый, сыйма, мейлi жер-көкке!
Мiнезсiз еркек еркек пе?!
Жындылық емес құндылық,
Жазылған мiнез жөргекте, —
деп, менiң көкiрегiмнен шыққан осы шумақ өзiңе арналғандай, Маралтай бауырым. «Кентавр» деп жыр толғадың. Сенiң от ұшқындаған жырларың таудан аққан өзендей арынды екенiн және оларды жүрегiмен оқығандарды селт еткiзiп көкiрек көзiн ашатынын жақсы бiлем. Сенiң жырларың сон-ау ауғанның от-жалын жылдарынан қалған жараларыма ем болды. Қиналғанда дем болды. Кейбiр туысқандарым көңiлiме дақ түсiргенде, жаным жабырқағанда, тауым шағылғанда сенiң жырыңмен сусындадым, Маралтайым! Ондай кезде қайтадан айдынданамын, қайтадан рухым көтерiледi.
Жалпы, бiр Аллаға шүкiршiлiк, сендей өр ақындарды дүниеге келтiрген. Егер сендер болмасаңдар, мынау жалған одан сайын суық бола түсер ме едi. Адамдардың көңiлiндегi мұздың көбесiн сөгiп, көктемдi орнатқан сендер аман болыңдар, өр ақындарым!
Шабыт тұлпарыңмен, осы өр мiнезiңмен Алашыңның рухын көтер, Маралтай ақыным!