жазушы. Қарағанды облысы Шет ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi журналистика факультетiнiң түлегi, «Сенiң терезең», «Бозжауын» әңгiмелер жинағының, сондай-ақ «Хан Кене рухы», «Мәнер», «Әуестiк әлемi» сияқты бiрқатар деректi публицистикалық танымдық-эстетикалық мақала топтамаларының авторы.
«МЕНIҢ ЖЕБЕУШIМ — ҚЫЗДАР!»
Сонау бiр ертеректерде Маралтаймен бiрге елге танымал суретшi достарымыздың шеберханаларында жиi жолығатынымыз еске түседi. Оның табиғаты тосындау жырларын тыңдаймыз. Одан у-ду әңгiме... Өмiр... Өнер... Әдебиет туралы ой толғаймыз.
Кейде онда қас қарайғанша, тiптi түн ортасы ауғанша отырып қалатын сәттерiмiз болады. Бiз мына шетте гулесiп, пiкiрталасып отырамыз. Ал Маралтай iшiмiздегi жасы кiшiлеу болғандықтан, жуа қосқан вермишельдi қуырып, шай жасаудың қамымен жүредi. Арасында алдындағы ватманға шұқшиып сурет салып жатады. Сонда байқайтыным, олары — кiлең бiр сұлу қыздардың кескiндерi. Ондайда ойыма марқұм Оралхан Бөкейдiң «Менiң жебеушiм -қыздар!» дейтiнi оралатын едi.
Кейiн Маралтайдың өзi айтты, бесiншi класта жүргенде бiр қызға ғашық болып, сыртынан ұрланып соның суретiн «салатын» кеселге душар болады. Онысын байқап қалған мұғалiмдерiнен талай ескерту де алып, бұрышқа да тұрып, таяқ та жеп көрсе керек, бiрақ әлгi әдетiн қоя алмаған. Алайда, амал не, жас ғашықтың жүрек сырын ұқпаған ол ару бойжеткен бетте-ақ басқа бiреуге ерiп кетiптi.
Сөйтiп, бiр қыздың бейнесiн кескiндей-кескiндей суретшi болып кеткен бозбала Жамбыл пединститутының көркемсурет-графика факультетiнен бiр-ақ шығады.
Маралтайдың: «Мен басында суретшi де, ақын да болуды ойлаған жоқпын. Екi арманым бар едi — бағбан немесе кiтапханашы болуға құмартыппын» дегенi есiмде.
Өйткен себебi, бұл туып-өскен Сарысуда алма бағы жоқ, шiркiн, бағбан болсам, алмаға армансыз бiр тояр ем-ау демей ме. Кiтапханашы болса, ешкiмнен жалынып кiтап сұрамайды, кiрiп кетiп қалаған нәрсесiн оқи бередi...
Көпшiлiк өнер адамдары секiлдi мұның да тез ғашық болатын мiнезiн қу қыздар бiрден байқап қоя ма, олардың денi қаншама суреттерi салынғанымен, бiр ғана жымиып, «жауап қатудан» аспай, өзге бiреулердiң жетегiне iлесе берген сияқты. Әрине, бұл арада өлеңмен қаншама хаттар да жазылады ғой оларға... Солайша суретшi бала бiртiндеп кәдiмгi ақын да бола бастағанын аңғармайды. Қыздардың бәрi бiрдей қатыгез емес шығар, ақын жiгiттi өздерi де ұнатқан арулар көп... сөз жоқ...
Бәрiбiр суретшiлiк әуестiктi тастай алмады.
Ал кейiн баяғы бала кезгi арманының екеуi де орындалған. Маралтай пәтер алғанша ұзақ уақыт Жазушылардың шығармашылық үйiнде тұрды. Онда алма бағы да бар, кiтап та жеткiлiктi. Сөйтiп, ежелгi жыраулық дәстүр мен жаңашыл жырдың арасынан шыққандай арынды өлеңiн жазып қойып жүрiп жатыр. Анда-санда алғаш сәби сезiмiн селт еткiзген сонау бесiншi сыныптағы сүйкiмдi сары қызды ойлап қоятыны бар. Ондайда қаптаған суреттерiне қарайды...