Шәмшия ЖҰБАТОВА, ақын. Қызылорда облысы Қазалы бекетiнде туған. Қазақ ұлттық университетiнiң журналистика факультетiн бiтiрген. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi.
МАРАЛТАЙ
Iштi ол, iштi, қоймай iштi, у iштi,
Қу таңдайы қаңсып келiп су iштi.
Өлдi сосын. Өлгендiгiн хабарлап
Қалың құсын сыңсытады ну үстi.
Алыста едi бостандықтың аралы,
Сондықтан ба, жас жүрегi жаралы.
Тасырлатып шауып келiп тосыннан
Ғайып болды сұлулықтың маралы.
Бiрде сөйлеп, бiрде тiлi күрмелiп,
Кетiп бiрде, жүрушi едi бiр келiп.
Ендi мынау есi дұрыс ғаламның
Әлденесi өз-өзiнен тұр кемiп.
Алысты ма жүрегiнiң өртiмен,
Алысты ма тiрлiкпенен сертi кем.
СПИД емес, iшiмдiк деп аталған
Ауырды ол ғасырының дертiмен.
Аласұрды шығып кеткен жел есi,
Тербеледi оның нәзiк денесi.
Ажал-апан көмекейi тұр толмай,
Түсетұғын қандай ақын келесi?..
Асау толқын ырғып көкке атылды,
Күбi пiсiп көбiктерiн сапырды.
Ей, сұм ажал, жындылығын алып кет,
Жыры керек, керi қайтар ақынды.
Өлдi ақын, несi қалды өлмеген,
Тек елесi шықпай қойды бөлмеден,
Сұлбаланып Құлагердiң бейнесi,
Тайып жатыр жете алмаған көмбеден.
Әй, Маралтай, Маралтай-ай, Маралтай,
Жүйрiк болмай, болсаң еттi арам тай.
Маралтайын жоқтап жатыр бақ iшi,
Жоқтап жатыр гүл өсiрген алаңқай.
Басың жалғыз, жетер оған бiр қайғы,
Үлгере алсаң, сызылтып қал сырнайды.
Мақатайдың ұлын алған сұм ажал
Райымбектiң ұлын да кеп ұрлайды.
Жүрегiңдi қандай мысық тырнайды,
Жылаулы әлем қашан жасы құрғайды.
Есениндi алып кеткен сұм ажал
Маралтайды алып кетпей тынбайды.
Кеттi ақын, есерсоқтау сотқар үн,
Ұшты жапырақ — түстi үзiлiп көк дарын.
Көп телмiрткен тегiн асқа кенелiп,
Маңдай жiпсiп, тойып қалды көп қарын.
Тегiн асқа тойып қалған көп қарын
Бiлмей отыр жоқтамасын, жоқтарын.
Аза тұтқан дүние қайта тiрiлiп,
Өз-өзiнен тартып жатыр көкпарын.
Әй, Маралтай, сорлы бала-ай,
қу бала-ай,
Жүрген жерiң кiл ескерту, ду-дамай.
Қойып кеттiң, көзiң неге көрмедi,
Керi айналып кетпедiң бе судан-ай.
Қойып кеттiң, керi айналып өтпедiң?
Ақылды да iшiп қойған жоқ па едiң?
Iшiмдiктен жалғыз өзiң қайтардың
Қазақтардың кетiп қалған көп кегiн.
Әй, Маралтай, сорлы бала, қу бала...
* * *
(М-ға)
Құдайым талап берген, бақ бермеген,
Арғымақ ырғып тұрды ақ кермеден.
Маралтай тiрiсiнде жүрдi есiкте,
Топастар уәж жолдаса қақ төрменен.
Құбылып қырық өлең қырық күнде,
Тотықұс түрленгендей тұрып мүлде.
Жаудырап жауһар тасқа айналады ол
Қанатын қырықпадың не, қырықтың не?
Сұм заман ақымақтың асы болған,
Домалап тү-у төбеге тасы барған.
Керек деп алтын қайық арбасуға
Бұл өмiр долы өзен боп тасып алған.
Шиырып шарға салып тас болатты,
Жасындар жалт еттi де, жас боп ақты.
Құрбақа арумын деп көз арбайды,
Күймеге айналдырып асқабақты.
Қалбаңдап қара бауыр қасқалдағым,
Қарлықты шындықты iздеп машқардағы үн.
Серiлiктiң қайда қалды сеңсең тоны,
Ей, менiң қара бешпент, ақ шалбарым.