Күзет қызметкерлері өлеңді жатқа оқиды
Алматы қаласы мамандандырылған күзет қызметі басқармасы мемлекеттік мекемесінде «Ғасырдың ғаламат ақыны» атты ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың поэзиясына арналған әдеби-сазды кеш өтті. Кешке танымал ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Ыбыраев пен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Манарбек Ізбасаров қатысты.
Кештің ұйымдастырушысы әрі жүргізушісі Қапыланбек Арыстанбекұлы жырсүйер қауымға осынау аталмыш күнге тұспа-тұс келіп отырған жиынның ерекшелігін айта келе, Мұқағалидың өлеңдерін нәшіне келтіре орындап берді. Кеш қонағы ақын Маралтай Райымбекұлы өзінің Мұқағали өлеңіне деген іңкәрлігі сонау бала шағында басталғанын, өзін көрмесе де өлеңін жатқа оқып жүрген ақын ағасы келелі өлең өлкесіне келуіне басты себепші екендігін айта келе, ақын өлеңін оқыды.
Өз кезегінде сөз алған Манарбек Ізбасаровтың адами қасиеттер, адамгершілік тұрғысындағы әңгімелері де көпке ой салды. Балауса жас, өлеңге өзіндік таласы бар А.Байтұрсынұлы атындағы мектептің 4-сынып оқушысы Нұрай Арыстанбек оқыған Мұқағалидың «Шеше, сен бақыттысың», «Әкеме» өлеңдері де көпшіліктің жүрегіне жол тауып жатты.
Осы кеште полиция лейтенанты, взвод командирі Олжас Сүлейменов, Ермек Смағұлов, 3-батальон қызметкері Тұяқбай Айдардың орындауындағы ақын өлеңдеріне жұртшылық ыстық ілтипат білдіріп, қызу қолдау көрсетті. Ақын Жұматай Жақыпбаевтың бір өлеңінде «қаңғып жүріп жазған бір кітабымды, ең болмаса мілиса да оқымапты» деп келетін тіркестер бар. Ал біздің күзет қызметкерлерінің кітап оқитынына, әсіресе, өлеңді жатқа оқитынына ішіміз жылып қалды.
Талқылау
Сондай-ақ оқыңыз:
Пікірлер (0)