Шерхан МҰРТАЗА "КЕНТАВР – ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ СИМВОЛЫ"
Халық жазушысы, Жамбыл облысы Жуалы ауданында дүниеге келген. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттiк университетiнiң журналистика факультетiн бiтiрген. Қазақ КСР Мемлекеттiк сыйлығының иегерi. Қазақ КСР-ның еңбек сiңiрген мәдениет қызметкерi. «Құрмет белгiсi», «Отан» ордендерiмен, медальдармен марапатталған. ПЕН-клуб сыйлығының иегерi.
КЕНТАВР – ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ СИМВОЛЫ
(алғы сөз)
Игiлiк ауылы — Жамбыл облысы Сарысу ауданы көлемiнде жатқан құтты мекен. Бiр жағы Қызылкөл, Баба түктi Шашты Әзiз әулиемен шектескен Созақ ауданына жалғасса, арғы жағы Арқаға қарай ұласқан берекелi, киелi жерлер. Мiне, осы аймақта бергi заманның өзiнде небiр атақты таланттар дүниеге келдi. Олардың төресiндей, төбе биiндей болып тау тұлғалы Асанәлi жүр. Илья Жақанов бар! Амангелдi Сенбин бар едi... Ал, сол өнер алыптарының жалғасындай Маралтай атты ақын шықты Сарысудан. Оның от-жалынға оранған өлеңдерiн бiрер сөзбен суреттеу өте қиын. Оны iздеп тауып оқу керек! Маралтайдың өлеңдерi, шынында да, Кентавр — кеудесi адам, басқа тұлғасы тұлпар тектес құбылыс.
Қара сөздiң бүгiнгi перiлерiнiң бiрегейi Несiпбек Дәутайұлы жазғандай, Кентавр ол — Айғыр кiсi. Кезiнде кентавр туралы марқұм Марат Қабанбай да қалам тербеген.
Тұлпар мен адам бiрiгiп кеткен керемет мүсiн кентавр туралы бұрынғы ғажайып ертегiлерден оқитынбыз. Ал Маралтайдың Кентавры көз алдыңа — гауһардай поэзия тiлiнде оралғанда, ежелгi қазақ жырларының көсемi «Қобыланды» дастанындағы «Көлденең жатқан көк тасты саз балшықтай илейтiн» Тайбурылдың тұяғы елестей бередi. Бұл - бiздiң жарты әлемдi жаулаған ата-бабаларымыздың Рухы. Ата-бабаларымыз жарты әлемдi тiзерлетсе, Маралтайдың жырлары неге нашар болуға тиiстi?!
Жарайсың, Маралтайдың Адам мен Тұлпар тұтасып кеткен «Кентавры!»