Думан РАМАЗАН "МIНЕЗДI АҚЫН"
Думан РАМАЗАН, жазушы. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында дүниеге келген. Қазақ ұлттық университетiнiң журналистика факультетiн бiтiрген. Жастар одағы мен Журналистер одағының Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты, Кенесары хан атындағы республикалық конкурстың бас жүлдегерi.
МIНЕЗДI АҚЫН
Маралтай ақын. Ақын болғанда да, таңдайына құс ұя салған талантты ақын, барған жерiн дуылдатып жүретiн мiнездi ақын. Ал талантсыз ақын түгiл, мiнезсiз ақыннан да түк шықпасы анық. Өнер адамына ең алдымен керегi де — талант пен мiнез. Ал тарпаң мiнез Маралтайда осының екеуi де бар. Маралтайды алдыға сүйреп келе жатқан да осы екеуi.
Оны Маралтайдың өз өлеңдерiнен-ақ көруге болады. Мәселен, ол «Мұхаммедтi растау» атты өлеңiнде:
Мен туғанмын —
Ер Мұхаммед өлген күн.
Мен болмасам,
жүрегiңдi емдер кiм?!
Хақ Мұхаммед айтып кеткен кешегi:
Келедi деп…
Келген ақын,
сол — Менмiн! —
дейдi. Бұндай сөздi екiнiң бiрi айта алмайды. Тек өзiне сенетiн, өнерiне сенетiн, құдiрет-күшiне сенетiн адам ғана осылай кесiп айтады, тiлiп сөйлейдi. Бұлай сөйлеу басқаға жараспауы мүмкiн, бiрақ Маралтайға жарасады. Жарасып тұрады. Жараса қалады. Себебi, Маралтай ақын! Ақын болғанда да талантты, дарынды, адуынды ақын. Оған ешкiм де шәк келтiре алмас. Бiрақ, ол да жұмыр басты пенде, досы бар, қасы бар, жаулары... дегендей... Ақын «Кентавр» атты өлеңiнде:
Тұлпарға мiнген ұлы даланың
Тарпаң мiнездi ұлы боламын.
Жауларым семсер сiлтеген сәтте
Қиылған талай гүлiм, қарағым, —
дейдi.
Маралтайға Алла-тағала ерекше ақындық қуат берген, ерекше көз, ерекше түйсiк, ерекше зерде сыйлаған. Сондықтан да ол ерекше ақындық шабытпен төгiлдiре жырлайды, не нәрсеге болсын ерекше көзбен қарайды, өзiнше саралап, өзiнше бағалайды. Оның көкiрегiнде де көз бар, сол көз ойдағы-қырдағыны шолып, қиядағыны көредi. Оны айтасыз, Маралтайдың көзi жыныстың iшiндегi қызылды да көрiп қояды. Қызылды жай көрiп қана қоймайды, қыран секiлдi қиып түседi. Бүрiп түседi. Орып түседi.
Иә, ол қыран секiлдi. Көкте қалықтап ұшып жүредi. Жерге анда-санда қонады. Онда да аздап дем алу үшiн, дем басу үшiн. Бұл да — оның табиғи табиғаты. Шынында да, Алла-тағала оған ерекше күш-қуат берген. Қанат берген. Талмайды, талықпайды. Ұшып келедi, ұшып барады. Мен бiлетiн Маралтай болса, ұша бередi. Көк жүзiнде қалықтап самғай бередi. Бет алысы қалай, қай жаққа ұшып барады? Оны мен бiлем, Маралтайдың өзi бiледi және Әмiрхан (Балқыбек) бiледi. Оны мен айтпаймын, айтқым келсе де, айта алмаймын. Оның да өзiндiк себебi бар. Ал Әмiрхан маған қарағанда мәрттеу ғой, айтып салуы мүмкiн. Айтқыш қой. Өйткенi оның өзi де ұшып жүр. Сондықтан Маралтай жалғыз емес. Қасында қара көбейтер Әмiрхандар бар. Маралтай:
Пұшайман халiм өртедi менi.
Қылқобыз кеудем шертедi ненi?
Жал бiттi
кенет… жотама менiң,
Оқиғадағыдай ертегiдегi.
Ғаламат солай басталып бiр сәт,
Құйғытып кеттiм тастарды турап.
Атылдым көкке жай сияқтанып,
Тұяғым алтын — Ай сияқтанып…
Алапам тасып,
ақырып,
төнiп,
Аруағымды шақырып келiп:
Шығысқа қарай адырна тарттым,
Жар болса Тәңiр, ақырын берiп!—
дейдi жасындай жарқылдап.
Иә, ол жасындай жарқылдайды. Жанартаудай атқылайды. Өйткенi, өзi айтқандай, оның кеудесi қылқобыз сияқты. Қылқобыздай шертiледi. Қылқобызша аңыратып күй төгедi, қылқобызша дауылдатып жыр толғайды, қылқобызша сызылтып сыр шашады. Құдiреттi қылқобыздың сазды да сиқырлы үнi құлағыңнан кiрiп, бойыңды баурап, жүрегiңдi жаулап, өне-бойыңды балбыратып, төбе құйқаңды шымырлатып жiбередi. Мiне, Маралтайдың өлеңiнде осындай бiр сиқырлы әуен бар. Өзiне қарай елiктiрiп, емiктiрiп, желiктiрiп тартып тұратын.
Керек кезiнде ертегiдегi оқиғалардай, Маралтайдың жотасына жал бiтедi. Ол құйғытып кеп кеткенде жай сияқты тастарды турай көкке атылады. Атылғанда тұяғы алтын — Ай сияқтанып кетедi. Алапасы тасып, ақырып, төнiп, аруағын шақырып келiп, Шығысқа қарай адырна тартады. Бәрi де дұрыс-ау, бәрi де түсiнiктi-ау. Бiр түсiнбегенiм, соншама тасып келiп неге Шығысқа қарай адырна тартады? Шығысқа қарай адырна тартқандарға Тәңiр жар бола қояр ма екен?! Қазақ негiзi адырнаны Батысқа қарай шiрене тарту керек қой!.. Ал Маралтай Шығысқа қарай тартады. Онысы несi екен деп ойладым. Бiрақ, бiр бiлгенi бар шығар деп тағы қойдым. Иә, бiр бiлгенi бар ғой, әйтпесе... Иә, Маралтай осынысымен Маралтай емес пе? Ойландырып қояды. Ойланбасыңа қоймайды. Өлеңiнiң соңына жұмбақ тастап кетедi. Мықты болсаң шешiп ал!.. Шешiп көр!.. Әркiм әртүрлi ой түюi мүмкiн. Ақынға керегi де осы емес пе?! Бiр қалыптағыдай шыққанның несi жақсы?!
Иә, қалай салсаңыз да, қалай тыққылағыңыз келсе де, Маралтай қалыпқа сыймайтын ақын. Сондықтан оны қалыпқа саламын деп әуре болудың қажетi жоқ. Өлеңi де өзiндей, бiр-бiрiне ұқсамайды. Бiр қалыптан шыққандай бұрқырата бермейдi. Аз жазады, бiрақ саз жазады. Әдебиетке, өлеңге адал. Ең алдымен өзiне адал.
Кейде ойлаймын, әдебиеттен неге олимпияда өткiзiлмейдi екен деп. Егер әдебиеттен олимпияда өткiзiлсе, сөз жоқ, Маралтай олимпияда чемпионы болып келер едi. Жүйрiкпiн деген талайлардың мысын басып, жұдырықпен емес, ондай атақты өлеңiнiң арқасында қалпақпен-ақ қағып алар едi. Шiркiн-ай, Маралтайдың даңқы сонда өрлер едi. Бiр-ақ күнде байып шыға келер едi-ау. Ал Маралтай байыса, өлеңi алтынға айналып шыға келмей ме?! Сол күнге қашан жетер екенбiз! Әйтпесе, қазiр өлеңнiң құны болмай тұр ғой!
Маралтайдың өлеңдерi тот баспас алмас қылыш сияқты. Жарқ-жұрқ етiп жарқылдап тұрады. Талайлардың мысын басып, ал шалт қимыл жасағандардың басын шауып түсерi анық.
Сен көкте жүрсiң. Ұша бер, самғай бер! Жерге түспе! Себебi, Жер бетi әбден былғанып барады. Сен былғанбашы!.. Былғанбайтыныңа сенемiн!...