Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Шәкиза ЕСЕНҚАБЫЛОВА "АҚЫН АВТОМЕТАФОРАСЫ"

Шәкиза ЕСЕНҚАБЫЛОВА "АҚЫН АВТОМЕТАФОРАСЫ"

12 июль 2018, Четверг
1 026
0

Шәкиза ЕСЕНҚАБЫЛОВАәдебиетші


АҚЫН АВТОМЕТАФОРАСЫ

(Құрастырушыдан)


Материялық дүниетанымды айтпағанда, Уақыт пен Кеңiстiк деп аталатын ұғымдардың өзi жұмған уысында кететiн абсо­лют­тiк Ақиқаттан ұлы, одан мәң­гiлiк ешнәрсенiң болмайты­ны адамзат баласына, оның iшiн­де қазақ халқына әлми­сақ­тан берi аян. Десе де, әрбiр адам баласы өз тағдырын (мүм­кiн, күллi Жаратылыстың бол­мы­сын!) адамзат тарихына бедерлеп кетуге толық хақысы бар. Және ол мүмкiндiгiнше солай болуға тиiстi де. «Туған­да дүние есiгiн ашып, жер қой­нына» дейiн шығарып салар қара өлеңнiң парқы, басқа елдi қайдам, қазақ үшiн қастерлi-ақ! Қара өлеңнiң парқын ұғыну бiр бөлек те, оны тағдырына айналдыру — мүлде басқа әңгiме. 

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қазақ әдебиетi Тағдыры Өлеңге, Өлеңi Тағдырға айналып кеткен «бұйра шашты, бура мiнездi» (Ә.Смайылов) бiр жас ақынды қол шапалақтап қарсы алды. Ол ақынның аты-жөнi — Маралтай Райымбекұлы болатын. 

Ол туралы белгiлi сыншы Әлия Бөпежанова: «Ма­рал­­тай — әдебиетке елiмiз тәуелсiздiк алып, бұрынғы қоғам­дық жүйе ыдырап, жаңа жүйе қалыптаса бастаған күрделi кезеңде әрi ғасырлар тоғысында келген ұрпақ­тың көрнектi өкiлi», — деп бағалап, «Маралтай жыр­ларында өзiндiк стратегия бар. Өйткенi ол бiз жоғарыда ай­тып өткен сырт көз тентектiгiне, өмiрiндегi астаң-кес­тең­дерге, жүйесiздей көрiнетiн мiнезiне қарамастан, өз өмiрбаянын жасауға, демек, қазақтың бүгiнгi поэзиясын саналы түрде жасауға тiкелей өзi қатысады. Ол өмiр стилiн ғана емес, өз сөз-тағдырын саналы түрде таң­дай­ды. Яғни мұндағы әңгiме саналы стратегия туралы (Бұл ретте оны Пушкин, Мұқағали, Бродский сынды ұлы әрiптестерiмен рухтас деуге болады). Сондықтан да ол иерархияны бұзады. Оның жырлары демо­кратия­шылдығымен ерекшеленедi — бүгiнгi сана соқпа­ғы­мыз­ды, бүгiнгi ойлау формамызды және бүгiнгi тiлдiң мүмкiндiгiн ашуға бастайды. Ал ақындық мәдени стратегияларының түп-тамыры жауапкершiлiкпен суарылған еркiндiктен туындайды. Саналы қажет­тiлiк­тен...», — деп жазса, әдебиетшi-ғалым Бақытжан Май­танов: «Фәни дүниенiң қарға тiлегi мен абсолюттi ақи­қаттың көгершiн қалпы антитезалық бiтiм түзсе, махаббат зәмзәмiн Омар Һаям, Мағжан Жұма­баев, Сергей Есенин, Поль Верлен, Артюр Рембо сияқты им­прес­сионистiк айшықпен қайталанбас таңбалық бейне ар­қылы дәрiптейтiн ақынның серi сезiмi ең соңғы дәре­жедегi дәлдiкпен безендiрiлуге бейiм. Қиялмен арғы әлем­нiң мәңгiлiк бекiнiсiне көшiп алған масаң жiгiтке кiр шалған мына тiршiлiк аянышты», — дептi.

Ғалым Бақытжан Майтанов дөп басып танып отыр­ға­нындай, Маралтай ақын әрбiр өлеңiнде сезiм ноталарын соншалықты қапысыздықпен сезiнiп, ойната бiледi. Бұл айтуға ғана оңай. Мына тiршiлiктi сана сүз­гiсiне салып, жүрек көзiнен өткiзiп, оған көркемдiк тұр­ғыдан жан бiтiру... «Маралтайдың дiлi мен дiтi мы­на бiр жайды еске түсiредi: Он бес-он алтыға ендi ғана iлiккен Бетховен сол кездерде атағы жер жарған Мо­цартқа келiп: — Сiзден дәрiс алам! — дейдi, еш бүге­жектеп, қымсынбай.

Моцарт тәкаппар мiнезбен: — Импровизация жасап көршi, — дейдi, онша менсiнiңкiремей.

Бетховен ай-шайға қарамай рояль клавишасын судай сапырып, ағыл-тегiл әуез төккенде, өзiн-өзi тоқтата алмай, аласұра шалқиды. Импровизацияда ешкiмге дес бер­мей­тiн Моцарт есi шығып, оның асау арынын зорға... зорға тежейдi.

Кейiн Моцарт симфонияның ұлы атасы Гайднға: — Мына Бетховен дүниенi таң-тамаша қалдыруға келiптi! — деп жағасын ұстап, табына сөйлептi.

Бүгiнде сол Бетховен Гайдн, Моцарт симфонизмiн классиканың экстазына көтерген жалғыз құдiрет!

Маралтай да мына дүниенiң таңғалдыруға келiптi», — деп белгiлi жазушы-сазгер Илья Жақанов та бiздiң жоғарыдағы ойымызды бекiте түседi.

 Ақын ұғымындағы адалдық пен өмiр шындығы бетпе-бет келгенде, ол тiрiлерден безiнiп Кеңсайды пана­лап кеткенiн бiлемiз. Өзiнiң тозаң көмкерген аяулы Ал­матысына Кеңсайдағы аруақтар биiгiнен қарап тұрып:

Сол әлi... баяғы ғұмыр нақ.

Айналмас аңға не құсқа,

Жұлдызды иықтар ырылдап,

Кiндiктен сәл төмен тұста.


Қарашы, көшелер әжiмдей..,

Күн сайын ағылған өлiк.

Түн сайын ажалдың тәжiндей

Ай шығар айбарын төгiп.


Ауырлау болса да (аурудай),

Сепкенi замани әтiр,

Көрпесi ашылған арудай

Алматы түс көрiп жатыр, —

деп ашынды. Бұл өлең туралы белгiлi ақын Мейiрхан Ақдәулетов: «Бұл не? Сандырақ па? Сандырақ. Шыншыл сана-сезiмнiң кейде бастан кешiрер сандырағы. Әрине, «шедевр» емес. Бiрақ өтiрiк мүләйiм, мүттәйiм сезiмнiң былжырақ сентиментi де емес. Мұның ар жағында Мұқағалидың «Алматы ыңырсиды шалқасынан...» деп келетiн «тентек» өлеңi жатыр. Iшi пысқан сезiмнiң бұзықтығы бұл! Әрине, бұған бола жастардың барлығы Маралтайшылауына болмайды. Ал Маралтайға кейiгiсi келген адам әуелi Бодлердiң — әлем таныған француз ақынының — «Өлiктер биiн» не­месе Гетенi менсiнбеген Клайстың өлеңдерiн оқы­сын... Маралтай — ақын. Табиғаты мүлде бөлек. Сонысымен қадiрлi. Бiр тiлек: әлемнiң поэзиясын аралап, танысып үлгерген Маралтай сондай өте бай сезiм­дiк мәтiндердiң барлығын айналып келiп, алтын қа­зыққа, қазақы өлеңге атбайлатарын ұқпайды дей­тiндер қателеспесiн. Ол қазақы өлеңнiң «құлағында ойнайды». Бiрақ Маралтай неге оңайға ауысуға тиiс? Маралтай өлеңде өзi болып қалсын. Қала алады ол», — дегенi есiмiзде.

Ол әдебиетке құбылыс боп келдi. Маралтайдың ос­ынау алғашқы өлеңдерiнiң деңгейiне жете алмайтын кейбiр бақас әрiптестерi «Маралтай арақ iшiп жүргенде, өлеңдi жақсы жазатын едi», — деп жақауратуға дейiн барды. Бiрақ мiнездi ақын ондай пiкiрсымақтарға пысқырған да жоқ. Мiнез дегеннен шығады. Қазақтың көрнектi ақыны, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Темiрхан Медетбек тәуелсiздiк кезеңiндегi әдебиет туралы жазған «Алтынкөпiрлiктер» деген көлемдi мақаласында: «...жұрттың көзiне жай оғындай жарқ етiп алғаш түскен де осы Маралтай. Мен Маралтай өлеңдерiмен тоқсаныншы жылдардың басында Маңғыстауда жүрген кезiмде таныса бастағам-ды. Оның сол өлеңдерiнен-ақ мен ә дегенге мә дегелi тұрған шәлкес шамшылдық, иiлiп-бүгiлудi бiлмейтiн, ненi ойлап тұрса соны ақтара салатын еркебұландық, шүрiппесi қайырулы тұрған мылтықтай кiм-кiмдi де сескентiп тастайтын сес байқаған едiм.

Сөзiне тәнтi боп жүрген Маралтайдың өзiн 1996 жылы Жазушылар одағының екiншi хатшысы қызметiне келген кезiмде бiр-ақ көрдiм. Ол кез — «Абайдан Маралтайға дейiн» деген тiркестiң де шыға бастаған кезi. Айналайын Маралтайдың да аспан асты, жер үстiне сыймай дүрiлдеп-ақ тұрған шағы екен. Артын­дағысын бiр теуiп сеспей қатырып, алдындағысын бiр қағып жапырып жiберетiндей тарпаң», — деп сурет­тейдi.

Иә, бiз бiлетiн Маралтай осындай алапат мiнез иесi. Бү­гiнде оның албырт шақтағы асаулығы iшкi табиғатына тоқ­таған сияқты. Дуалы ауыздан шыққан «Мұқа­ғалидан Ма­ралтайға дейiн» деген сөз тiркесi Мағжан мен Абайды көктей өтiп, бүгiнде Ахура-Мазда пайғамбарға барып ұласты (Қ.Ә, №26(2708). «Маралтайдың «Бiр өлеңi — бiр спектакль» деп Халық әртiсi Асанәлi Әшi­мов құрметтегендей, «Не нәрсенi болса да халықтан артық таразылайтын ешкiм жоқ. Халықтың бағасы да Бақтың көзi сияқты. Кiмге түседi, кiмдi бағалайды өздерi бiледi».

Оның кейiнгi кiтабы «Кентавр» аталуы да тегiннен-тегiн болмаса керек-тi. Төрт тұяғы күмiстен тағаланып, жүген-ерiне шамшырақ тас орнатқан Тұлпар үстiнде жарты әлемдi тiтiреткен ата-баба Рухына шөлдеу, елдiк пен ерлiкке деген үзiлмес аңсар... Ақын бұл кiтабын өзiнiң рухтас досы Аманжан Сәулебайұлына арнапты. Неге дегенде, «Баяғы алтын жалды, ай тұяқ бабаларымыздың бүгiнгi ұрпақтарының бiрi осы Аманжан секiлдi баһадүрлер деп бiлемiн», — дейдi. Бұл кiтапқа Халық жазушысы, Алты Алаштың Шерхан Мұртазасы Кентаврдың түбiн түптеп, тегiн тексере келе, «Ұлттық Рухтың символы» деп анықтама берсе, кезiнде көрнектi ақын, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин: «Ұқсамауға ұмтылу, ұқсат­пай жазуға ден қою шынайы талантқа тән мiнез. Маралтай жырларынан осы қасиет менмұндалап тұрады... Бұл — ойлау мен танымның жаңа кеңiстiгiне құлаш ұра бастаған жас қазақ поэзиясының көкiрекке мол үмiт ұялатар тегеурiндi аяқалысы. Бұл — идео­логияның өсегi мен ғайбатынан, ой айтудың жал­ған­дығынан, өнер жасаудың өтiрiгiнен арыла бастаған бү­гiн­гi қазақ жырының ертеңi, болашағы», — деп сенiм бiл­дiредi.

Кеңестiк жүйеден қалған бiр әдет бар. Ақынды қол­дан перiште жасап, дидактикалық құралға айнал­дыруға бейiм тұрамыз. Ақын да пенде. Оның да қатардағы пенделер сияқты «кiрленуi» — заңды құ­бы­лыс. Бұл тұрғыда әдебиет сыншысы Айгүл Ке­мел­баева Маралтайдың «Жезөкше» деген өлеңi туралы бүй дейдi: «Ақын жүрегi жезөкше қыздан да дауа тауып, махаббаттың тылсымын сезiнуi шыншыл қалыбымен баурайды.

Мен қайтейiн, тағдырыма көз өтсе,

Ете берсiн, былайғылар сөз етсе,

Одан кейiн жолыққан жоқ ондай жан,

Жалғыз түнге жолдас болған жезөкше.


Шексiздiктен сыр жеткiзiп тұнық түн,

Тұнық түннiң ләззатына құнықтым.

Мен сiз жайлы

Және бүкiл қыз жайлы

Ғайбат ойдың жетегiнде жүрiппiн.

Бұлай деп нағыз ақын ғана айта алса керек. Адам жүрегiнде жалғыздық, жабығу, сағынып, махаббатқа шөлдеу, «сұлуды шоқпыт iшiнен көрiп» арашалап алу бұл өлеңнiң мәртебесiн өсiре түсер. Бұлай деп ғадетте Л.Н. Толстой, Ф.М. Достоевский тәрiздi ұлы гума­нис­тер айтып өткен».

«Қазақ поэзиясында өмiрге сирек келетiн жарық жұлдыздар болады. Өткен ғасыр Мағжанды ортаға әкелсе, осы ғасырда өртенiп кетiп, оттан қайта жаралатын феникс құсшылап қайта тiрiлдi. Ол — Маралтай. Бұл ешкiм дауласа алмайтын — аксиома. Бiрақ бiреумiз солай екен дедiк пе? Бiз Маралтай поэзиясындағы ғаламат жаңалықты талдап, талқылау тұрмақ, әлi байқап та, түсiнiп те үлгерген жоқпыз». Бұл — жас жазушы Лира Қоныстың танымы. 

Қалай болғанда да, Маралтай Райымбекұлының шығармашылығы тұтас бiр ұрпақтың бастауында тұр. «Орнымды iздеп сенделiп келем орындық емес өмiрден», — деп өзi жырлағандай, Ол тақ пен баққа қызыққан жоқ. «Мен сенi жаңартам деп келгенiм жоқ, Сен менi жаралғансың сүйеу үшiн», — деп Мұқағали ағасы жырлағандай, тек Поэзияны сүйiп, Поэзияға ғана сенiп ғұмыр кешiп жүр.

«Маралтай поэзиясы — қазақ поэзиясының әбден кемелденгенiнiң белгiсi... Маралтай — қазақ поэзиясын өңдеушi ақын, қазақ поэзиясын жаңа деңгейге көтерушi хас тұлға. Егер Абай өзiн «самородный сары алтын» санаса, Жұмекен өз поэзиясын артық-кемi жоқ «биiк өкше етiк» ретiнде елестетсе, Маралтай — осының бәрiн сiңiрiп, жаңа сапаға түсiрушi», — деп Әуезхан Қодар да риясыз пейiлiн бiлдiредi. 

...Абай поэзиясы мен Маралтай поэзиясында нәзiк үндестiк байқалады. Белгiлi жырау Бекболат Тiлеухан бұл жайды анық аңғарған: «Жырдың iшек-қырындысы мен астарынан, таңбалану мәнерi мен табиғатынан әрi­дегi Гете мен Байрон, Лермонтов пен Пушкиннiң Абай тiлiндегi әуезi айқын қылаң берiп тұр. Бұл ешқандай да имитация емес. Бұл — Абай талғамындағы таң­дау­дың байып жетiлген нұсқасы. Қазақтың көңiлiне жа­қын, жүрегiне ыстық форма. Маралтай — әр дәуiрдегi, әр қоғамдағы жаңашыл ақындардың жетiстiгiн қапысыз сезiн­ген, өзi де сол биiкке ұмсынған рефор­ма­тор. Абай жыр­ларына үндес Маралтай жырла­рын­дағы тағы бiр ерекшелiк, ол сезiм аккордтарын қуалай әкеп куль­ми­нацияны соңғы шумаққа байлап тастайды. Әдетте, кез келген жанр мұндай шешiмдi қабылдай алмас едi. Мұндай байламға бару өнер құдiретiне деген шек­сiз нанымнан туындайды». 

Өзi белгiлi, бiрақ ойлау жүйесi «белгiсiздеу» жазушы Не­сiпбек Дәутайұлы Маралтай туралы: «Бiр тiлек: талант та — көздiң қарашығы iспеттi. Ал оны сақтау — жарық дүниенi жоғалтпау!» — дептi. Астарлы мағынаға ие асыл ой — бұл! «Бағың жанғанша тiлеуiңдi халық та тiлейдi, өзiң де тiлейсiң. Бағың жанған соң, өзiң ғана тiлейсiң», — дейтiн ащы шындығымыз бар. Таланттардың бәрi қос мағынасында жалғыздықпен өмiр сүредi, шашылып ғұмыр кешедi. Бiздiң бұл кiтапты құрастырудағы негiзгi мақсатымыздың бiрi де ақын шығармашылығына, ақын тағдырына деген құрметтен туындаған iзгiлiк едi...

Ақын, әдебиетшi-ғалым Жанат Әскербекқызы: «Жыр жинақтарын «Ай», «Кентавр» деп атаған Маралтайдың өзi де — Ай сипатты, Кентавр бейнелi жан. Бұл екi атау да — ақынның автометафорасы», — дептi. Бiз де осы байламға ұйып, қолдарыңыздағы кiтаптың атын «Ай астындағы Кентавр» деп атауды ұйғардық. Осынау жинаққа Маралтай Райымбекұлының шығармашылығы, тағдыры жайлы қалам тартқан ұлт әдебиетiнiң бүгiнгi абызы Шерхан Мұртазадан бастап, әдебиетiмiздiң болашағы саналып жүрген Ерлан Жүнiске дейiнгi ақын жазушылар мен сыншылардың еңбектерi топтас­ты­рыл­ды. Кiтап кейiпкерiне әр суреткер әр қырынан тоқ­талған. Барлық пiкiр бiр арнаға құйылып шынайы Поэ­зияны әспеттейдi.

Құрметтi оқырман, ұқыптылық та ұрпаққа керек өнегенiң бiр парасы ғой деген оймен осы жинақты өз­дерiңiзге тарту етемiн. 

Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры