Әуезхан ҚОДАР "ЗАМАНДАС ТУРАЛЫ СЫР"
Әуезхан ҚОДАР, ақын, мәдениеттанушы, философия ғылымдарының кандидаты. Қызылорда облысы Қармақшы ауданында дүниеге келген. Қазақ ұлттық университетiнiң заң факультетiн бiтiрген. «Жiгер» фестивалiнiң лауреаты. «Астана» медалiмен марапатталған, «Парасат» орденiнiң иегерi.
ЗАМАНДАС ТУРАЛЫ СЫР
Маралтайға әңгiме жоқ — мықты ақын, өзi айтуынша «жынды» ақын. Оның өлеңдерiн оқығанда, таза ұлттық негiзде сонша дамығанын көрiп, қазақ поэзиясының ұлылығына риза боласың. Маралтай поэзиясы — қазақ поэзиясының әбден кемелденгенiнiң белгiсi. Себебi оның поэзиясында романтика жоқ, тек қана трагедия. Оның поэзиясында Төлегеннiң екпiнi бар да, романтикасы жоқ, Жұмекеннiң ойшылдығы бар да, дидактикасы жоқ, Мұқағалидың лирикалық нәзiктiгi бар да, аңғалдығы жоқ, Өтежанның қитұрқылығы бар да, қытымырлығы, өзiмшiлдiгi жоқ.
Демек, Маралтай — қазақ поэзиясын өңдеушi ақын, қазақ поэзиясын жаңа деңгейге көтерушi хас тұлға. Егер Абай өзiн «самородный сары алтын» санаса, Жұмекен өз поэзиясын артық-кемi жоқ «биiк өкше етiк» ретiнде елестетсе, Маралтай — осының бәрiн сiңiрiп, жаңа сапаға түсiрушi.
Мен бұрын Маралтайдың өлеңдерiн зер қойып оқымаппын, жақында ғана қолыма «Ай» өлеңдер жинағы түсiп, күтпеген жерде сусыным қанғандай болды. Маралтай «еңiреп» тұрып жазады екен, поэзияға енудiң өзге амалы бар ма? Жоқ, әрине! Осы туралы кiтапқа алғысыз жазған Н. Оразалин да, оқырманға салмақты «қордалаушы» пiкiр қалдырған М.Ақдәулетов те жақсы айтқан екен. Маралтай — бақытты ақын, әдебиеттiң «генералынан» да, мәдениеттiң «кардиналынан» да жанға жағымды баға алып отыр. Алайда, менiңше, Маралтайды Маралтай қылған — барлық «батпан құйрық» пiкiрге деген келiспеушiлiк, жанын қанша жараласа да, өз шындығына бару.
Жұрт бұ дүниенiң қызығына әуес болса, Маралтайға о дүниенiң тылсымы мен өлшемсiздiгi қол бұлғайды. Бұл тұрғысынан оның поэзиясы Эдгар Поның шығармашылығына ұқсайды, Мейiрхан айтқандай, Бодлер поэтикасына да жақындығы бар. Бiрақ, ең қызығы, Маралтай бiтiрген оқуы бойынша суретшi болса да, поэзиясында сурет жасаудан гөрi терең пәлсапалық тұжырым жасауға бейiм. Бәлкiм, бұл қасиетi оған жыраулық, сыншылық дәстүрден жұққан көне қазақ поэзиясының бiр сыбағасы шығар.
Егер соңғы өлеңдерiнде ақын кентавр бейнесiне жақындаса, оның өзiн де кентавр деуге болады, өйткенi ол денесiмен, өзiндiк бiтiм-болмысымен көшпендiлердiң сағы сынбаған, айғырша кiсiнеген тарпаң дәуiрге бойласа, кеудесiмен, көкке бiр-ақ елi жетпеген төбесiмен ол бiздiң, заманауы фальсафа мен өнерге талпынушы XXI ғасыр түлектерiнiң замандасы.
Егер дағдылы қазақ бейнесi әлемге дархандығымен, жомарттығымен, кең пейiлiмен танылса, өмiрдi «кең» деп айтуға бейiм болса, «жабайы» нарық заманының тұтқыны және құрбаны Маралтай өмiрдi «тар» дейдi, және сол заматта осы тұжырымын нақтылауды жөн көредi: «Өмiр тар ақындар мен пайғамбарға». Маралтайдың әзiрше жеткен биiгi осы. Менiңше, «қырықтың қырқасына» ендi аяқ басқан ақынға аз емес сияқты.