Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Берiк ЖҮСIПОВ "ҚОШ КЕЛДIҢ БIЗДIҢ АУЫЛҒА! (Маралтай достың «Ай» жинағындағы өлеңдерiн оқыған соң)"

Берiк ЖҮСIПОВ "ҚОШ КЕЛДIҢ БIЗДIҢ АУЫЛҒА! (Маралтай достың «Ай» жинағындағы өлеңдерiн оқыған соң)"

09 июль 2018, Понедельник
820
0

Берiк ЖҮСIПОВжырау. Қызылорда облысы Қазалы ауданында туған. «Дарын» мемлекеттiк жастар сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты.



ҚОШ КЕЛДIҢ БIЗДIҢ АУЫЛҒА!

(Маралтай достың «Ай» жинағындағы өлеңдерiн оқыған соң)


Тоқпақтай әрiптермен «Тәңiр» деген сыңар ауыз сөздi бадырайтып жазып қойды да, тұқылының өзi түгесiлiп бара жатқан шылымын құшырлана тартты. Содан соң қаптаған қара мұлғын ой-орманының құ­ша­ғында еңсесi езiлiп ұзақ отырды. 

Кенет кенезесi кеуiп, көкiрегi солып, қурап бара жатқандай құлдырап, жалғызсыраған жаны құлази бастады. Өмiрiнде қа­лам ұстап көрмеген жан сияқ­ты. Қанша тебiренiп, тер­белiп-ақ көрейiн десе де ән­шейiн­дегi самсаған сөздердiң бiрiнiң ойына оралатын түрi жоқ. «О, Жасаған ие! Сiрә, сар­қылайын деген шығармын? Басталған нәрсенiң ақы­ры­ның азабы болуы керек едi ғой» — деп, кеберсiген ер­нi бiрнәрсе айтқысы келетiндей нышан танытты. Сөйттi де өзiмен-өзi болып, күбiрлей бастады. Ендi жаңа жолдан бастамақ.

«Қош келдiң бiздiң ауылға!». Осы бiр ауыз сөз жапандағы жалғыз жолдай көкейiне кесе-көлденең кептелдi де, тұрып алды. Ол одан бетер қиналды. Бұл жолы жанын жеп, кеудесiн кемiрiп, алқымынан алған сан түрлi құбыжық ойлардан шоши бастады. Маңдайы шып-шып, мұздай тер шықты... 

"Бар» мен «Жоқтың» жарасым-бiрлiгiнен бергi жерде адам-асылдың мына тiршiлiк атты бейнет-бақшасында өзiнiң танып-түстеу деп аталатын тар қолтық мүмкiндiгiн ғана талғажау-талшық етiп көбiнде ғадауаттың, кезегi келгенде ақыл мен ойдың жетегiнде жүрген құлақ кестi қара құл! Сенiң қайтiп жетiлiп, қалай қалыптасқаның Жаратушы жалғызға ғана аян емес пе? Алла-тағала адам-асылды аяқтандырғанда ол да пәк. Екеуiң бiр сатыда болатынсың. Содан соң арада қанша уақыт өткенiн оның өзi де бiлмейдi. Же­тiле келе жеткенi табиғат-анамен тұтас, тiршiлiкпен тең, пенде атаулымен етене екендiгi. Жаратушы жалғыз Құдай, абзал жаратынды пәк пайғамбарлар мен адам-асыл екенi Сен тумастан, дүние-сезiм құрсақ көтерiп, нәпсiге жерiместен бұрын оған аян. Ол — әуел бастан кемел. Өйткенi, Құдай солай қалаған. Қалағаны сол — адам-асылдың тiзгiнiн соған берген. Жаңа аяқтанған бо­тадай апыл-тапыл, әлтек-тәлтек келе жатқан адам­дық кейiптi ұсқынынан айырмай, көркiн келтiрiп тұрған да соның өзi емес пе? 

Он сегiз мың ғалам атанған ғажайып кеңiстiктегi жан­­­ды-жансыз мақұлықат пен барша тiршiлiк иесiнiң арасында адам-асыл бүгiнгi «адам-пайғамбар» дәре­жесiне жетiлген сана қателiктерi арқылы жеткен. Әйт­песе, ол да желбуаз ой мен жетектiң iзiнде жүрген не­­­ме емес пе едi? Алғаш түлен түрткен күннен бастап оның да аңсары жалқы — Жаратқан жалғызбен бой теңестiру! Дәл соның Өзiндей болмаса да ұқсап бағу, осы жолда өзiн-өзi жан шыдамас азаптың қазанында шыжғырып, құрбандықтың қай түрiне де келiсу. Өзiнiң осындай нағылет қамытты ойларынан ол да арыла ал­май қойды. Ақылы да жететiн сияқты, жiгерi де. Бiрақ талабынан шырмап, желкесiн құрыстырып, алдын кес-кестеп, қалқалай беретiн бiр құдiреттi күш бар. Бiрақ сол тылсымның қандай күш екенiн әзiрге оның өзi де бiлмейдi.

Мейлi, былайғы тiрлiк иесi не десе де өз бiлгенiмен болсын. Жаратушы жалғыз Алласын адам-асылдан артық ұлықтап, дәл сол күнәһар пендесi сияқты шексiз сүю басқа ешқандай тiршiлiк иесiнiң қолынан келген емес, келмейдi де! Бiрақ ол екi жаққа бiрдей едi ғой. Ақ пен қараны қатар қойып өлшеуге қарсы емес­тi­гiне қарамастан, таразы басын тең ұстауға да жоқ сияқ­ты. Әйтеуiр буыны бекiп болмаған баладай былқ-сылқ қалыпта. Қара жолдың ақырғы түйiсер тұсы Құ­­дай алдындағы ақиқат екенiн бiле тұрып, адам-асыл «ақиқат жалғыз» дегенге өзiн әлмисақтан берi сен­дiре алмай ке­ледi екен. Өйтуге жiгерi жетпедi, жел­­­­кесi жар берген емес. Дүние дидарында жұмыр бас­­­ты пенденiң саны қанша болса, сонша ақиқаттың бо­­­луы да заңды деп шешкен күннен бастап, маңдайын Қағ­­­баның қара тасына бағыштаған адам-асыл қарсақ та­­­бандап жүрiп келе жатыр. Жай келе жатқан жоқ, өзiн, өзiнiң мына жарық дү­ниеге келген күннен бастап жо­­­ғалтқанын iздеумен, оны ұлықтаумен, Соған ғана бәйiт жазумен... 

Ой еңбегiне жанасқан жан сансыз азаптың құр­сауында. Жер басып жүргенiнде абжыландай арбасудан әрi аса алмағандарымен, бiрiнiң жеткенiне екiншiсi де жетiп, кемелдiктiң көгiне кезегiмен көтерiлiп келе жатыр. Әйтсе де уақыт-мырза жұмыр басты пендесiн өз еркiне жiберушi ме едi? Әне жеттiм, ендi қол созым, таяқ тастам жер қалды дегенде дiрiлдеген сағымға айналып, жауһарланып құрдымның түбiне жұтыла беретiн қайран дүние... Күн еңкейiп, ұлпа ұясының кенересiне жақындағанын қалай бiлмеген?

Қасiрет пен қуаныштың арасына баламалық белгiсiн қоюға талпынып көрген пенде аз. Ал, бас қатырып, жауап iздегендердiң алтын уақыттарын тонатқаннан басқа тапқандары шамалы. Әйтеуiр, сана жаратылғанда дүние жап-жарық екенi анық. Демек, Құдай тектi бастаулардың басы-қасында ол да бар. Бiрақ қашан, қай кезде, дәл қай заман едi? Тап басып айтам деудiң өзi күнәһарлық. Адам санасындағы бейырғақты әсемдiк жабайы ырғаққа қарсы жүрiп, тiршiлiк түгiн төгiп, түлегенде өзгеше жарасым жүйесiн жасаған. Өйткенi, дүниенi саралап, саннан сапаға көшiру арқылы ақылдан аршып, оймен өлшеп, сезiмге бөлеп тану — сананың ғана құзыретiндегi ерекше шешiм. Сезiмге буаз тұмса дүние көз алдында көрiктi келiншектiң кейпiне түсiп, түгiн құлпыртып, мың бұралғанда сана сарғайып, суала бастаған. Содан соң толған жүрек тасып, тұтанған сезiм өртенiп, шоққа айналып, кеуде-сарай теңiздей толқып, жар соғып жай тапқанша, сана сырқаты үдей түскен. 

Ендi қайтып әуелдегi пәк қалпына келе алмады. Әлгi дерт қайталанған сайын арнасы ұлғайып, та­мыр­лары адырайып, арыны үдей түскен едi. Кетiле келе дүм­бiлез дертке айналғанын Сiз бенен Бiз сезбей де қал­дық. Өйткенi, бұл кезде Сен одан алыстап кет­кенсiң. Әлгi селт еткiзiп, серт байласқан сезiмi құ­ры­­мағыр бұйығы күйiн бұзбай жылыстап ағып отырып, әуелi жылғаға айналып, үдей келе ой мұхитының барша түк­пiр-түкпiрiн аралай бердi. Ақыры байыз таппаған қал­пы арнасын бiржола бұзып тынды. Сол сағаттан бас­тап сананы мұң басып, жүректi қайғының қара дертi шал­ды. Әлгiнiң дәнi ұлғая келе жүйке қабаттарын жұ­қартты. Ендi оны азаптың ашасына бiржола байлап-ма­тап тастаудан басқа жол қалмағанын ол сонда ғана сездi. Сосын «агностицизм» деп даусының жеткенiнше ыш­қына айқай салды! Тағы да сол сәттi тап басып айта алмады...

Дүниедегi жалғыз тiрек дiн екенiн бiлген күн оның ең бақытты сәтi едi. Әйтпесе жан мен тәннiң қалауына орын қалдыратын бетi жоқ бейбақ емес пе? Ең бастысы — жоғалтқанын қайта тапқанын бiлдi. Кiсi өлтiр, қылмыс жаса, қан төк дейтiн дiн, сiрә жоқ. Ғажабы, сол дiн иелерiнiң денi жан азабы мен тән азабының сынақты жолынан өтудi өздерiне ұлы мiндет санағандығы. Ақын тағы да маңдайына Ай қадаған ғазиз пайғамбарлар жайлы ойлады...

Асыл дiндердiң бiрiнiң негiзiн қалап «Будда» атанған Сиддхартха Гаутама Үндiстанның солтүс­тiгiн­дегi Капилавасту қаласындағы патшаның ұлы едi. Ақыры телегей теңiз байлық пен әке тағынан бас тартып, жиырма тоғыз жасында ақиқат iздеп, дүние кезiп кеткен ол тiрек еткен төрт ұстын-ақиқаттың бiрi — адам өмi­рiнiң табиғатында бақытсыз екендiгi. Сол бақыт­сыздыққа жол бастайтын адам-пенденiң iшкi «менi» мен тiлегi деп шешкен Будда әлгi мәселелердiң тар­қатылған тiнi төртiншi деңгейге келгенде өз iшiнен сенiм, ой, сөз, әрекет, өмiрсалт дұрыстығы сияқты тағы сегiз тармақ жол тапты. Жыл санауымыздан үш мың жыл бұрын Каспий жағалауында жасаған, оттың қасиетiне табынған Заратуштра пайғамбар да өз дiнiнiң негiзгi тiрегiн: «Дұрыс ой, дұрыс сөз, дұрыс әрекет» деп бекiткен болатын. Әрекет бұзылған жерде оның себебiн сөзден, ал оның салдарын ойдан iздеу керек деген үштiк жүйе керi айналғанда да осы ақиқатты қайталайтын. Будда болса Заратуштра айтқан осы үш анықты ұлғайтып, асыл санын сегiзге жеткiздi. Тек жүрген жолдары ғана бөлек демесең, қос пайғамбардың да ұстанған бағыты мен айтқандары жалғыз ғана ақиқат: адам өмiрiнiң бақытсыздыққа қалай душар болатындығының сыры едi. Бiрақ адам-асылды бақытсыздықтан азат етiп, бақытты қылудың емiн табу ешқайсысының пешенесiне бұйырмапты...

Аспан мен Жер жаратылып, сана билiгi шырқау шың асқалы адам ғазиз «Мен, бақыттымын!» деп көрмептi. Сөйтiп, сөз киесiне жанасқан әрекет иелерi өзiнiң әуелгi ортасынан оқшаулана берiптi. Оқшаулану — әуелде бақсыларға тән болатын. Өйткенi, ол да өзiн Тәңiр мен адамдар дүниесi арасын байланыстырып тұрған дәнекер тұлға есептеген. Оның да оқшаулану арқылы тапқан жолы — жалғыздық! Қалың топтың ортасында отырып, өзiн жапан далада жалғыз қалғандай сезiнетiн өнерлi мен ақынның «жалғыздығының» түп төркiнi егiз. «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным» деп көкiрегi қарсы айырылған Абай әулиенi ол ендi түсiне бастағандай. Содан соң барып Гүл­нәрдің сонау бiр жылдары жазған:

«...Көп жалғыздың бiрi мен,

Соны бiлмей сүрiнем.

Көп боламын күнiмен,

Жоқ боламын түнiмен...» —

деген жырын санасында қайта жаңғыртты. Пәкизат перiштелiк пен емi жоқ есерлiк араласқан: «Жалғыздық та бiр бақыт, Аллаға ұқсау ол-дағы...» дейтiн Бауыр­жан­ды мойындай бастады. Көптiң көлеңкесiнде отырып «жалғызбын» деп жабыққан адамның жанын түсiну түгiлi, әуелi соның өзiнiң қандай пенде екендiгi түстеуге келер ме? Жалғыздық — санадағы сансыз үрейдiң салдары екенiн сезетiн сияқты. Өйткенi, үрейге берiлу — соңғы кезде әдетiне айналып бара жатқан үй­реншiктi жайт. 

Жарылқаушы сипатына қарай тек жаратушы Алла- тағала ғана жалғыз болуға тиесiлi едi. Ендi ақын-жү­рек «мен де жалғызбын» деп жаһанға жар сала бастады. Тәңiр тұлғаға теңесу, сол арқылы қол жетпес арман-аңсарға айналу оның өзiне-өзi тiлеп алған бейнетi. Өзi дәл солай деп ашып айтпағанымен, жыр­лары арқылы iшкi ымырасын жасыра алмады. Өсекшi өлең оның барша шындығын, жанына жай таптырмаған ақиқаттарын жалпақ жұртқа жайып салып отырды. Ақыры, санасын билеген, жанын жеген барша перiште ниетi мен құбыжық ойларын жалғыз өлең арқылы ғана айтуға мүдделi болды. Иә, тек өлең арқылы. Өйткенi, өлең оның өз еркiнен тыс. Егер сөз арқылы болса, дәл осылай жосыла алмаған да болар едi. 

...Ол өлең оқып тұр. Өзiнiң өлеңiн. Әуелi ой, сосын сөз, одан әрi әрекет. Содан соң көз ұшында тiзбектелген шексiз-шетсiз дүние. Мiне, мына бiр жылт еткен жайдан ақын санасының терең қатпарларындағы аңсары көрiнiп қалды. Оның бастапқы ниетi де осы. Бейнелi сөзге бөленген ойы аршыла бастаған сәтте ол ниетiн жалаңаштап алды. Нағыз бет-бейнесi ендi көрiне бастады. Ол мүлдем басқа нәрсенi ишараламақ екен. Соны айтуға бел байлап ұзақ толғанған. Бiрақ бiр кiржiктiк керi тарта берген. Тағы да қаңқу сөзден қорғаштана беретiнi байқалып қалды. «Мәдениеттi» болып көрiну үшiн жазған жырларын оқығанда, өз-өзiнен адасып қала жаздағаны есiне түстi. Мәдениет қолдан жасалған тыйым салттардың жиынтығы екенiн ол содан кейiн барып түсiндi. Сол күннен бастап әуелдегi таза, пәк күйiн аңсай беретiндi шығарды. Дүниеден оқшау, былғаныш тiрлiктен аулақ, санасының сарыуайымшыл, сағыныштың уын жұтқан бүгiнгi запыранды күйiн жек көре бастады. Тағы да ойының ойраны шықты...

...Қос қолымен маңдайын тiреп, жүресiнен отыра кеттi. Әлгi бiр есiгi құрымағырды қашан ашқанын есiне түсiре алмай дегбiрi қашты. Көз алдынан көлденең тартылып үзiк-үзiк бiрдеңелер өтiп жатыр... Сол күнi достарымен кафеге барған. Аздап iшiмдiк iшiлдi. Жарқ-жұрқ еткен қызылды-жасылды шам­дардың жарығының көлегейi көз ауырта бастағандай едi, бұралаңдаған перiште келбеттiлер бәрiн ұмыт­тырды. Шылым түтiнiнiң қолқаны қапқан ащы исi. Сандырақ әңгiме, бейпiл сөз. Сосын... сосынғысы есiнде шала сақталыпты. Жоқ, ол iшiмдiк iшкен жоқ. Бiрақ өң мен түстiң арасында өткен бiр сандырақ кейiптiң куәсi болды. Сол сәт өзiнiң ұйқылы, иә ояу екенi де есiнде емес екен.

Алагеуiм... Жазу столының үстiндегi қоқыған қағаздардан құтыла алмай отырған. Кенет бiр ғажайып сәуле көргендей болды. Мұндай жылылықты ол бұрын-соңды сезбеген. Бұл жақындай бердi. Жоқ... бұл емес, қарсы жүрген жарық екен. Отырған бөлмесi нұрға шомып кеткендей. Сол сәт мына жарық дүние дидарында бұрын-соңды бiлiп, сезiнiп көрмеген пейiш шапағы бауырына бөлеп алып бара жатты... Не деген ғажап! Қым-қуыттан арылмаған миы екi дүниеде де мұндай тынықпаған болар. Санасында жылт етiп ерекше бiр қуат жүрiп өткендей. Күнi бойғы сапыры­лыс­қан жүйесiздiктiң iзi де қалмапты. Қыздың жиған жүгiндей, тап-тұйнақтай. Ендi бұрынғыдай бас қатырып та керегi жоқ. Ойлаған ойына оңай жетiп, бар керегiн қол созымнан алып тұр. «Бұрын неге сонша күрде­лен­дiрiп жiбергенмiн, азапты ойдың бәрiнен арылдым-ау» дей бергенде барып есiн бiр-ақ жиды... 

Қайтадан қорқыныш сезiмi билей бастады. Тас төбесiнен мұздай суды қотара салғандай. Маңдайынан аққан терi мұрнының үстiне келiп сүмектеп тұр. Көрген түске де ұқсамайтын түсiнiксiз бiрдеңе. Өңiне айналдырудың өзi ғазабат. Бiрақ осының бәрiн ол көрдi ғой. Содан соң өз ойынан секем алып, сескенуге айналды. Аузына бiрiншi түскен сөз — Алла болды! Бiрдеңелердi iштей қайталап, ернi күбiрлей бастады. Мойнынан ауыр жүк түскендей. 

«Қош келдiң бiздiң ауылға!» деген жалғыз ауыз сөзге мөлиiп отыр екен. Басқа дым жазбапты!

Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры