Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Шөмiшбай САРИЕВ "МАРАЛТАЙДЫҢ ҮШ ӨЛЕҢI"

Шөмiшбай САРИЕВ "МАРАЛТАЙДЫҢ ҮШ ӨЛЕҢI"

12 июль 2018, Четверг
337
0

Шөмiшбай САРИЕВ, 

ақын-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты. Қызылорда облысы Арал ауданында дүниеге келген. Қазақ ұлттық университетiн бiтiрген. Фр.Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, «Тарлан» сыйлығының иегерi. Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi.


МАРАЛТАЙДЫҢ ҮШ ӨЛЕҢI


Бiр кездерi әдебиетiмiзге «Жас қанат» кiтабымен жаңа толқын, жас толқын легi бұзып-жарып поэзия көкжиегiнен көрiндi. Олардың қақ орта­сын­да Тұманбай Молдағалиев, Жұме­кен Нәжiмеденов, Сағи Жиен­баев есiмдерi халқы­мыз­дың көз қуанышына айналды. Осы тұста «Ой орманымен» Қа­дыр Мырзалиев жарқ етiп көрiндi. Iле-шала Мұқағали Ма­қатаев әдебиетiмiзге еркiн ендi. Бұдан соң Төлеген Ай­бер­­г­енов, Сабырхан Асанов, Фа­риза Оңғарсынова, Өтежан Нұр­ғалиев, Сәкен Иманасов, Меңдекеш Сатыбалдиев сынды жаңа толқын ақжал­да­на көрiндi. «Жас керуен», «Қанат қақты» өз тол­қындарын әдебиет айдынына әкелдi. Кейiнгi тол­қын­дардың ортасынан Маралтай Райымбекұлының есiмi ерек­ше көрiнiп, өз ортасынан бәйгеге салған тұлпары оза бастады.

Өзiндiк өрнегiмен, өзiндiк үнiмен әдебиетке келген Маралтай жырлары ақын ретiнде менiң жүрегiмдi жаулаған деуге болады. Өйткенi оның өлең-жырларын қадағалап оқып, ақындық жүрегiме ләззат аламын. Сонылығымен тартады. Маралтай — Маралтай екенiн танытқан ақын. Ендi өзiнiң тұлғалық бейнесiн жасауда әлi де бiраз еңбектенуi қажет.

Ақын алдымен өзiнiң ортасын, яғни бiрге өскен заман­дастарын, құрдас ақындарын мойындатуы тиiс. Бұл Маралтайдың орындай алған шаруасы. Екiншi, әдеби ортаны мойындатуы ләзiм. Бұл да бiртiндеп иi­лiп келе жатқан биiктiк Маралтай ақын үшiн. Үшiн­шiсi, халықтық махаббатқа ие болу. Жақсы өлең жазу аз. Жақсы дүниеңмен қатар, сенiң ел-жұртыңның сезi­мiн тартар ақындық мiнез, жазған жырыңа сай табиғи, адами сипатың да болу ләзiм. Мiне, бұл әрдайым ал­дыңда көкжиектей — жақындаған сайын алыстай түсе­тiн, алыс та болса жақын тартатын ғажайып құпия се­зiмдер. Ақын болғаннан кейiн, мұны да меңгермей бол­майды. Маралтайға айтарым: ел-халқыңның, ұлтыңның махаббат сезiмiне ие болу үшiн күрес, соған лайық жыр жазуға ұмтыл. Бұл өзi мәңгiлiк сапар. Бұ­дан жеттiм дегенiң — жетпегенiң, жетпедiм деп өмi­рiңнiң ақырына дейiн күрескенiң — жеткенiң...

Ақын Маралтай Райымбекұлының үш өлеңi туралы әңгi­мелеп, талдау жасамақпын. «Теңiздiң дәмi — там­шы­сынан» деген, үш өлең ақын талантынан хабар бередi-ау деп ойлаймын. «Айырық» атты өлеңiн алайық. Бiр қарағанда, бұл өлеңде айта қаларлықтай ештеңе жоқ сияқты. Бiрақ барлап, ақын ойына тереңдеп енсең, шыңыраудан тартқан құпия-сырдай бiр жұмбақ. Оны ақынның өзi де сезбей қалуы ықтимал. Ақынның айтам деген ойын басқаша түсiнетiн оқырман да баршылық.

Салт аттыдай тым шапшаң

                 жүрегiм соқты, кештегi үн...

Бұл бұрын ойлап қойғандай

                 Алланың iсi ед (не iстермiн?!) 

Жер бетiн сипап көлеңке,

                 Таулардың басын жұтып түн,

Тұманнан көйлек киiнiп,

                 тоғайлар шашын тұтып мұң,


Бұталардың арасы...

                 (боларын солай сезiп ем)

Түн қарап тұрды тамсанып

                 мыңдаған қара көзiмен.

Аянышты жүзбенен

                 аспанда өксiп аппақ Ай,

Кiшкентай құстар дүрлiктi 

                 жел алып қашқан мақтадай.

 Ненi ұқтың?.. Ақын ненi айтпақ?.. Түсiнiксiз. Сол түсiнiксiздiгiмен де ақын жүрегi құпия. Жүрегi соққанның өзiн «Салт аттыдай тым шапшаң» тұлпарға теңеп, кештегi үнмен үндестiредi. Кештегi үн — қай үн?.. Жер бетiн көлеңкеге сипатып, таулардың ақиық басын түн өңешiне жұттырып қояды. Мiне, қызық, тұманнан көйлек киiнген тоғайлар мұң құшағында. Аспанда өксiп аппақ ай аянышты жүзбен көз салады. Жел алып қашқан мақтадай кiшкентай құстар дүрлiгiп жүр. Неге? Беймәлiм. Өлең сол бiр беймәлiм бояуымен құнды. Оқырман ойын жан-жаққа алып қашады. Қай жаққа алып қашса да, поэзияға барып тiреледi.

Жүзiңдi сұлу аймалап 

                 көктемнiң қызыл желi естi,

Мейiрiмдiлiктiң бейнесi

                  Тәңiрден кемдеу емес-тi.

Таң атты мiне, Күн шықты,

                 қоштасу ауыр жүрекке,

Сендегi ләззат, уайым

                тоғысып жалғыз тiлекке...


Мен кеттiм... Тұрдың артымнан

                  қия алмай ұзақ мұңайып,

Бақыты кемдеу кеудеге                

                 тек бiздiң жүрек лайық, —

деп түйiндейдi ақын. «Таң атты, мiне, Күн шықты қоштасу ауыр жүрекке» деуi де, «Мен кеттiм... Тұрдың артымнан қия алмай ұзақ мұңайып» деуi де ақынға тән сезiм, «Бақыты кемдеу кеудеге тек бiздiң жүрек лайық» деп түңiлуi де жүрек құпиясы. Оны ашу — оқырман дәрежесiне лайық.

Екiншi өлеңi — «Ғұмыр» деп аталады.

Мен — жиырмадан асқан еңiреу,

Емексiп жүрген әрнеге.

Кездiктiң ұшын сындырып,

Кектенсем, байлап жебеге, —

деп бастап,

Дұшпанға көзден қадап ем!

Iзгiлiгiмнен адастым.

Суғарылмаған құрыш та ем.

Жұтатұғын да қалмады-ау

Өмiрде бүгiн дұрыс дем.

Менiң жүрек — құмырама құйған зарымды,

Бары оның осы едi-ау деп,

Бал екен ғой деп кiм iшкен?! —

деп жалғастырып,

Дәл мендей болып қамықпа,

Ей, көкiрегi көктем бетеге!

Қош-қош айтып жарыққа,

Бiз — суы үзiлiп аққан арық та.

Бiздегi үн сiзге жете ме,

Түспей тұрғанымызда табытқа? —

деп түйiндейдi ақын. «Мен жиырмадан асқан еңiреу емексiп жүрген әрнеге», — деп, алаң көңiлдi өзiне тартып алады да, «Дұшпанға көзден қадап ем! Iзгiлiгiмнен адастым», — деп ақындық ақ едiл көңiлмен ақтарылады. Бiр тылсым сыр бар. Оны ақынның өзi ұғынуы да, оқырманның адаспай табуы да екiталай. Бұл да болса, ақындықтан туған ғанибет сыр. «Менiң жүрек-құмырама құйған зарымды» дейдi. Неғылған зар..? Соны теңеу.

 Мұндай сөз сiлтесi, тек Маралтай ақынға тән сиқыр күш. Онымен қоймай ақын «Дәл мендей болып қамықпа, Ей, көкiрегi көктем бетеге!» деп бәтуа айтады. «Бiздегi үн сiзге жете ме, Түспей тұрғанымызда табытқа?» деп айту үшiн «бiз суы үзiлген арықпыз» деуiнде де ақындық мән-мағына жатыр. Бұл — ақындық! Тәңiр аузына салып отырған сөз...

 Үшiншi өлеңi — «Әуелеп ұшқан алты қаз...». Бұл өлеңiнде де ақын:

Төменде қалдым ғой,

Биiкке бағыт бақ болар ма екен?!

Ей, аласа арман, аптықпа!

                      Ақтық па?!

Е, оны бiрде кiрлетiп алғам

Шомылып жүрiп шаттыққа.

Қонып кетiңдершi,

Алақанымда ақ тарым да жоқ,

Ақ арымменен жемдермiн.

Сендер мың.

Алла ауылына алып ұшыңдаршы,

Нала-мұңымды... емдер кiм! —

деп толғанады да, өлең арнасын оқыс басқаға бұрып:

Өлең оқыңдаршы!

Баратынымыз бiр жер ғой түбi.

Әйбат әлемге әл тiрейiншi...

...Құйып қой, құрбым, уыңнан,

У-шу қалада тәлтiрейiншi.

Кеуiп барамын.

— Сүт берiңдершi?

— Бiздерде сүт мүлде болған емес!

— Ауа сатыңдаршы, құлдығы-ем?

— Ауаның бәрi таусылып кеткен...

... Су тамызбайтын тiрлiгiм, —

деп тiршiлiк ағысына тiрейдi. «Е, оны бiрде кiрлетiп алғам шомылып жүрiп шаттыққа» дейдi ақын. Жастық шақтың марапатына шомылған жанның адасуы да мүмкiн. Сонда «Нала-мұңымды... емдер кiм!» деп тағдырына шағынады. «Өлең оқыңдаршы! Баратын жерiмiз бiр ғой...» деп алып, «...Су тамызбайтын тiрлiгiм» деп мұңаяды. Қалай дегенмен де, поэзия бар, өлең өрнегi өзгеше. Ақындық мiнез көрiнедi. Бәрi де жарасымды.

Бiр кездерi «Наука и жизнь» журналында басылған мақалада: «Егер жер бетiнде бiр адам жаңа машина ойлап тапса, жердiң екiншi бетiнде екiншi адам дәл сондай машина ойлап табуы мүмкiн. Өйткенi ғылым заңдылыққа бағынады. Ал поэзия мен музыка ешуақытта заңдылыққа бағынбайды. Сондықтан олардың туындыларын екiншi адам бiлмей тұрып қайталау мүмкiн емес» деп жазған. Маралтайдың жырлары заңдылыққа құрылмаған, сонысымен поэзия.

Чарлз Дарвин жетпiс үш жыл ғұмыр кешiп, өлерiнiң алдында шәкiрттерi: «Сiз бiзге қандай өсиет айтар едiңiз?» — дейдi. Сонда ағылшын табиғат зерттеушiсi, жа­нуарлар мен өсiмдiктер түрлерiнiң табиғи эволю­ция­лық iлiмiнiң негiзiн салушы ғалым Ч.Дарвин: «Егер маған ғұмыр қайта берiлсе, аптасына бiр өлең оқып, аптасына бiр рет музыка тыңдауды мiндеттi түрде дағдыға айналдырар едiм. Өйткенi өлең оқып, музыка тыңдаған адамның ми қан тамырлары сембейдi. Мен бұдан да ұзақ өмiр сүрер едiм, егер поэзияны оқып, музыканы тыңдауды дағдыға айналдырғанымда... Сондықтан, шәкiрттерiм, айтар өсиетiм: Өлең оқыңдаршы, музыка тыңдаңдаршы» дептi. Дәл осыны сезгендей, 2000 жылы «Ай» өлеңдер жинағы үшiн Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк «Дарын» жастар сыйлы­ғы­ның лауреаты, 2008 жылы «Кентавр» өлеңдер жинағы үшiн «Алаш» сыйлығының лауреаты атағын иеленген Ма­ралтай ақын да «Өлең оқыңдаршы!» деп қиылып сұрайды.

Қолдан келсе, өлең оқиық, ағайын! ...Ақын iнiм ретiнде айтарым: «Маралтай, сенде ақындық қасиеттiң бәрi бар. Өлең соқпағында жолың болғай!» — дегiм келедi...

Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры