Мейiрхан АҚДӘУЛЕТ "КЕЛIСIМ КЕМЕЛДIГI"
Мейiрхан АҚДӘУЛЕТ, ақын, әдебиетшi. Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында дүниеге келген. Абай атындағы мемлекеттiк педагогикалық институттың филология факультетiн бiтiрген. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесiнiң Құрмет грамотасымен марапатталған. Қазақстан Республикасы Президентiнiң публицистерге арналған грантының иегерi. «Ерен еңбегi үшiн» медалiнiң иегерi.
КЕЛIСIМ КЕМЕЛДIГI
Өзi қанша налығанымен, әдеби ортаның да көзiне ерте iлiнiп, Жазушылар одағына екi-үш топтама өлеңдерiмен өтiп алған Маралтайға бiреулер қызғана қарайтын да шығар. Түсiнгенге ақындық — кiсi қызғанарлық нәрсе емес. Аздап әртiстiк, аздап пенделiк пен қулық қатпаса, адам сүретiн өмiр де емес. Бiрақ болу мен болғансу бар. Бiздiң ортада соңғысы көбiрек жеңiп кетедi. Оны да түсiнуге болады, Жұмекен айтпақшы, «бұлбұлдың да жемсауы бар». Маралтайды оқысам, iшiм ұлып жүре бередi. Бұл — әбден қамау пен қақпай көрiп, қамытқа жегiлiңкiреп келген қазақы өлеңнiң еркiндiкке шыққан кезеңдегi «тентек баласы». Алыс-жақын әдебиеттi, ондағы әлi күнге дейiн аты, мiнезi мен тағдыры аңызға айналып жүрген, бiзге «басбұзарлықтың құпия идеалы» болып келген А.Рембо, Бодлер, Мандельштам, Лорка, Поль Верлендердi ғана емес, ұлы француз өнерiн, әдебиетiн жасасқан қияли суретшiлердi де жақсы бiлетiн «соловей-разбойник». Әрине, қазақтың өлеңiнiң «бұзығы».
Мен Маралтайға ғана қызығамын.
Себебi болмыс-мiнезi осымен ағайындас, шеңберге сыймайтын «рухани жасанды тертенi теуiп өскен» дарынды ақын iнiм Әбiш — Әубәкiр Қайран Маралтайға ұқсап еркелей де, еркiндей де алмады. Мешiн жылы шығарған шағын кiтапшадан соң кiтап та шығара алмады. Себеп — цензура. Үкiметтiң және... баспадағы «төртбұрышты талаптың» аясында қалып қойған «редакторлық мүгедектiктiң» цензурасы. Аз-мұз қулығы болғанда, Әбiштер бүгiнде «ресми төрде» отырар едi. Бiрақ, менiңше, осы жөн — Жұматайға қажетсiз «төрдi» Әбiш қайтедi?
Қызығатыным — осы. Маралтай қазақы өлеңдегi «өтiрiк ызылудың» салтын бұзды.
...Сол әлi... баяғы ғұмыр нақ,
Айналмас аңға не құсқа.
Жұлдызды иықтар ырылдап,
Кiндiктен сәл төмен тұста.
Қарашы, көшелер әжiмдей,
Күн сайын ағылған өлiк.
Түн сайын ажалдың тәжiндей
Ай шығар айбарын төгiп.
Ауырлау болса да (аурудай),
Сепкенi замани әтiр,
Көрпесi ашылған арудай
Алматы түс көрiп жатыр!» —
Бұл не? Сандырақ па? Сандырақ. Шыншыл сана-сезiмнiң кейде бастан кешiрер сандырағы. Әрине, «шедевр» емес. Бiрақ өтiрiк мүләйiм, мүттәйiм сезiмнiң былжырақ сентиментi де емес. Мұның ар жағында Мұқағалидың «Алматы ыңырсиды шалқасынан...» деп келетiн «тентек» өлеңi жатыр. Iшi пысқан сезiмнiң бұзықтығы бұл! Әрине, бұған бола жастардың барлығы Маралтайшылауына болмайды. Ал Маралтайға кейiгiсi келген адам әуелi Бодлердiң — әлем таныған француз ақынының — «Өлiктер биiн» немесе Гетенi менсiнбеген Клайстың өлеңдерiн оқысын. «Поэзия ешкiмге бережақ емес!» дейдi — «жынды» Мандельштам. Со кiсiнiкi дұрыс. Бiздiң шалдар «бiзге осындай өлең керек!» дегендi көп айтады. Сақал сипаудың сылтауы. Ақын да, поэзия да, «бесжылдық жоспарға» бағынбайды. «Нарық экономикасына» «тем более»...
Бiздiң өлең жайлы түсiнiгiмiз, кейде, тоңқайып кеткендей көрiнедi. Ақын «қожайынға ұнайтын» комсомол мiнездi өлең беруге мiндеттi емес, өзiнiң iшкi «менiн» берсiн. Бөгелмей берсiн. Ұнаса — алыңыз. Тек сiзге Абай да ұнамауы мүмкiн — бойыңыз жетпесе, Алланың басын кесем деп әуреленудiң қажетi не? Ақын неғұрлым халықтың «менiне» айналса, соғұрлым қадiрлi. Бiрақ халық бiр кiсi де, топ та, тiптi... регион да емес.
Маралтай қызық. Өлеңнiң көп ақын әлi игере алмай жүрген «әлiпбиi» — ырғақ, ұйқас, үндестiк, т.т. оған оп-оңай бола тұрып, салып ұрып «жырлай жөнелмейдi». «Көк етiктi табылмаса, көн етiктiге «мүмкiн көне етiктiге — дәстүрлi поэтикалық қалыпқа, ой-сезiмге!) бармаймын!» Баланың позициясы осы. Мықты позиция.
Жоғы жақсы аға да бар ...
(Түкiргем),
Iшi — жылан, сырты — абыз,
Түгi де жоқ бiтiрген,
«Оу, есiл елдiң есiн неге жыртасыз?!» —
деймiн кейде қапалы...
...Ышқырына қолы жетпей
қоғам тұр
Ақындарын сүймейтiн.
Кiм не iстейдi оған дүр,
Надан өстi заманына күйлейтiн.
Ендi елге қайту — өлiм маған да,
Барар бағыт белгiсiз.
Жан тапталды жапырақтай
табанда...
Неғылдейсiз ендi Сiз!
Не дейсiз? Ең бастысы — шыны, шындығы тiрi өлең ғой.
Осындай «дәстүрден тыс» өлеңдi кезiнде марқұм Жүсiп Қыдыров жазып көрiптi. Әрiде «дәстүрлi» поэтикалық ой-сезiмдi әуелi Жұмекен, берiде Жұматай, Байбота, Есенғали, Гүлнәр, Әбiш бұзып көрдi. Сөйттi де, өздерiн тауып алды. Маралтай — «басқа өлеңнiң» — «ассоциациялы-абстракциялы» деп бiздi сынатқан интеллектуалдық поэзияның «баласы». Бiрақ қазақы өлеңнiң дәстүрлi өскiнi. Оның мұңы да қазақы:
Құдай көкте, мен жердемiн.
Жердегi —
Қаламымда тағдырымның кермегi.
Маңдайыма тұрып қалған ағып кеп
Ғасырлардың айғыз-айғыз өрнегi...
немесе:
Мен азап пен қасiретке жүктiмiн,
Басқа сөзге келер емес түк тiлiм.
Тұрақ таппай, он сегiз мың ғаламның
Кезiп жүрмiн түкпiрiнiң түкпiрiн...
немесе:
Қара таңбалы хат алдым,
Лайық кiсi табылмай жаңа
қабiрге, аға.
Қараңғы жерде жатармын
Құдайдың салып суретiн қара
қабырғаға...
Маралтай — ақын. Табиғаты мүлде бөлек. Сонысымен қадiрлi. Бiр тiлек: әлемнiң поэзиясын аралап, танысып үлгерген Маралтай сондай өте бай сезiмдiк мәтiндердiң барлығын айналып келiп, алтын қазыққа, қазақы өлеңге атбайлатарын ұқпайды дейтiндер қателеспесiн. Ол қазақы өлеңнiң «құлағында ойнайды». Бiрақ Маралтай неге оңайға ауысуға тиiс? Маралтай өлеңде өзi болып қалсын. Қала алады ол.