Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ "АЙ АСТЫНДАҒЫ КЕНТАВР"

Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ "АЙ АСТЫНДАҒЫ КЕНТАВР"

09 июль 2018, Понедельник
997
0

Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫақын, әдебиетшi-ғалым. Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында дүниеге келген. Қазақ ұлттық университетiнiң филология факультетiн бiтiрген. Филология ғылымдарының кандидаты, республикалық «Шабыт» жастар фестивалiнiң жүлдегерi. Әбдiраштың Жарасқаны атындағы сыйлықтың лауреаты.




АЙ АСТЫНДАҒЫ КЕНТАВР


Өлең туралы ой қозғағанда әуелi Қауырсын қалам еске оралары хақ. Өлең-құс ғаламды шарлап жүргенде бiр тал қауыр­сыны жерге түскен екен дейдi есте жоқ ескi заманнан келе жатқан аңыз. Сол қауыр­сын қаламға айналып, ғалам мен адам жайлы ұлы поэтикалық дүниелер жазылған. 

Арыдан емес, берiден бас­тасақ, кешегi желiп өткен ХХ ғасырдың тоқсаныншы жыл­да­рындағы Алматы дейтiн шә­һар­ға жырға мас қалпымен ке­лiп кiрген Маралтай заман­дас­тың қолында бiр емес, екi қаламы бар едi. Бiрi — қыл қалам, екiншiсi — қауырсын қалам. Осы екi қаламды тұтастырып жiберген жас ақынның өлеңдерi де әрi кескiн өнерi әрi сөз өнерi туындысының ғаламат үйлесуi сияқты. Оған дәлел — «Натюрморт» өлеңi, тағы, тағы басқа да өлеңдерi. Оқи бастағаннан көз алдыңа сурет қалпымен келетiн мына жолдардың ойға жүктер салмағы, санаға салар iзi ақын болмысының бiр қырын танытты:

Қалам қалған үстелiнiң үстiнде,

Қағаз қалған үстелiнiң үстiнде.

Шырақ әне, жағылмаған қалпында,

Құран мiне, Құран — Құран қалпында!

Жансыз кескiндемеге жан бiтiрген бұл жолдардың ары қарайғы өрiсi кеңейiп, үстел, ондағы жағылмаған шырақ, қаламдардан ары ғарыштық кеңiстiкке еркiн қадам басады. Суреттегi Күннiң жансыз қалпының өзi оған тән бiр ойды қапысыз танытқандай: 

Ендi қайта батпастай боп Күн тұрды, 

...Батса... қайта атпастай боп… бiртүрлi.

Суреттегi тағы бiр кескiн — жалғыз тал сары гүл әдемi көркемдiк детальға айналған. Жалпы, қалам да, қағаз да, үстел мен Күн де, гүл де — бiр-бiр ойға қазық поэтикалық детальдар. Бұлардың бәрiн даралай назарға алған ақынның қасиеттi Құранды күллi кеңiстiк аясындағы тылсым құдiреттiң нышаны ретiнде танытуы бұл туындының салмағын арттырған. Қағаз бен қалам, жағылмаған шырақ және бiр тал сары гүл қалған үстелдiң үстi — төрткүл дүниенiң микро-поэтикалық моделi. Суреттi кескiнмен һәм сөзбен сала отырып, тереңнен ой қозғаған ақынның философиялық толғам-тұжырымы да соншалық нанымды:

Кiнәсi не қағаз бенен қаламның —

Түйiршiгi тозаңданса ғаламның?!

Айтпақшы, гүл құсқа айналған заматта,

Құран болса сүйеулi тұр Сағатқа. 

Өлеңнiң финалында Құран сүйеулi тұрған Сағат ай­тылады. Сағат — уақыттың өлшемi. Былайша айтсақ, символикалық тұрғыда, уақыттың деректi бейнесi. Ақын ненi айтпақ болды? Қалай айта алды? Лирикада айтылар ойдың баяндалмайтыны, тек бейнеленетiндiгi белгiлi. Сол бейнелеу оқырман жүрегiне әсер еттi ме, санасын селт еткiздi ме? Иә, Маралтайдың бұл өлеңi дәл осы деңгейдегi көркем дүние. Дәл осы өлең басқа өлеңдерiнiң көш басында тұрып, ақын поэзиясындағы лирикалы-философиялық бастаудың мысалына айналды. Айтпақшы, тозаң дегенде еске түседi, испандық Хуан Рамон Хименестiң бiр өлеңi бар-ды.

Черный ветер. А в черном ветре

Ледяная луна бела. 

В эту Ночь Всех Святых повсюду

причитают колокола.

Бұл жолдарды талантты ақын Ертай Ашықбаев былай аударады:

Тоңған Ай ақ тозаң боп қалмақ тағы,

Келедi қара шекпен түн самалы

Әулиелер Түнiнде зарлап бәрi,

Қорғансыз қоңыраулар мұң шағады.

Көрдiңiз бе, Ай ақ тозаң боп қалмақ. Аудармашы «тозаң» баламасын өте сәттi алған. Маралтайдағы түйiршiгi тозаңданған ғалам Хименесте Ай болып анық айтылған. Ай да ғаламның бiр түйiршiгi ғой. Бұл үндестiктiң өзi адамзаттық танымның бастауы бiр екенiн айғақтай түседi. Поэтикалық ойлау жүйесiнiң қайнар көзiн тым әрiден алған Маралтайдың ұлылармен үндесуiнiң өзi таным тереңдiгi мен талант деңгейiн межелесе керек. Хименестегi «мұң шаққан қоңырауға» қарап отырып, Маралтайдың «Жез қоңырауын» ойға аласың. Келместiң аралына кеткен қайран балалықтың күмбiр үнiндей болған жез қоңырау...

Жез қоңырау сөйлейтiн күз келгенде,

Күз келгенде,

Мектепке бiз келгенде.

Сүйiсiп те көрмеген сүйкiмдi қыз,

Жүздесетiн едiм ғой сiзбен мен де.


... Қадiрiңдi сездiм бе,

Сезбедiм-ау.

Жез қоңырау! 

қайда сол — жез қоңырау!

Жан-жүректi әлдилеген ғұмырлық сағынышты жеткiзе алған «Жез қоңырау» әркiмнiң санасында күмбiрлеп тұрғандай болады. Бұл өлеңнiң табиғатын зерделесек, Маралтайға тән сыршылдықты тани түсемiз. 

Қазiргi лирикадағы сан тарау iзденiстердiң негiзi — шынайы сезiнуден, толғанудан туындайтын сезiмдердi жеткiзе бiлуден бастау алса, бұл тарапта постмодернист Маралтайдың жаңашылдығы «жүрегiне жұлдыз шашып ойнаған түн», «қобыз тартып қаңқылдап көшiп бара жатқан жан», «даланы бауырына алып құлаған қара түн», «адам тәнiнен қонарға жер таппаған перiште», «санаға сарыған сайқал тағдыр», «аппақ айдың анарындағы дақ», т.б. бейнелеулерден көрiнедi.

Постмодернистiк поэзияға тән транслиризм, психолиризм сияқты тәсiлдер Маралтай өлеңдерiне жат емес: 

Түн мекенi түнекке

Серiк таппай бойлаған.

Бiздiң ғазиз жүрекке

Жұлдыз шашып ойнаған.

Түннiң мұндай қалпы мен әрекетiн ақынның ақындық көзi мен түйсiгi ғана аңғарса керек. Тап­тау­рын баяндау мен қалыптасқан дағдыдан өзгеше өрнекке бой ұру келесi жолдарда жалғасын тапқан:

Кексе дүние тұр үнсiз,

Көкке сүйреп көңiлдi.

Қалатындай ғұмырсыз

Санам санға бөлiндi.

Алғашқы шумақтан басталған транслиризм сарыны шумақтан шумаққа өткен сайын күшейе түседi. Сөйтiп ақынның iшкi әлемiндегi құбылысты, психологиялық ахуалды микроәлемнен макроәлемге көшiредi. Лирикалық кейiпкер мен кеңiстiк бiртұтас бейнеге айналғандай. Психологиялық сарын мен лиризмнiң тоғысуына — психолиризмге қарай бет бұрған келесi шумақтағы бейнелеулердiң әсерлiлiгiн пайымдап көрелiк:

Құстың тынып шырылы,

Жаным аңсап, егiлiп.

Қайыңдардың бұрымы

Жүрегiме төгiлiп.

Артық сөз жоқ. Құс шырылын аңсаған мазасыз жан, қайыңның «бұрымына» мекен болған жүрек тосын­дығымен, шебер үйлесiмдiлiгiмен санамызды селт еткiзiп, жанымызды бiр сазға бөлейдi. Тылсым сырлы жал­ғанның ашылмаған құпиясы көп. Сол құпияны шеше алмастан фәниден бақиға көшетiн рух тiршiлiгi тоқтамақ емес. Фәнидегi керуен-өмiрдiң бейнесi «есiк қаққан» қалыпта өлеңге нүкте болған:

Бiз ұқпаған жалғанның

Сiз табарсыз шешiмiн.

Қағып, күтiп қалған кiм 

Ескi өмiрдiң есiгiн?!

Ескi өмiрдiң есiгiн қағу — түп бастауға құрмет, соған байлаулы ғұмыр әрекетi. Маралтайдың көркемдiк кеңiстiгiндегi сүйiктiсiнiң қара шашы — өзiнiң қара түстi мұңы тәрiздес. Жұлдыз да сол аңсар жанның жанарында жарқылдап ағады. Санасы сағым кезiп сарғайған лирикалық кейiпкердiң тасасында тұрған ақын болмысы бiрде Көктегi Аймен кiндiктес Жердегi Ай болып көрiнсе, ендi бiрде «тарпаң мiнездi», «кiсi бейнелi, тарпаң жүректi» Кентавр түрiнде көлде­неңдейдi. 

Мен ақынның бiрнеше өлеңiне ғана тоқталып, оның ақындық тұлғасының екi-үш қырын аз ғана сөз еттiм. Маралтай поэзиясына тереңдей үңiлген замандас, кейiнгi iзбасар жастар басқа қырларын таныры анық. 

«Айтып өткен ақында арман бар ма» деген Мұқағали сөзiн «айтып жүрген ақында арман бар ма» деп сәл өзгертiп, Маралтайға сауал етiп қойғың да келедi. Арман таусылған ба, ол таусылған күнi адам баласының тiршiлiгi де түгесiлер. Жыр жинақ­та­рын «Ай», «Кентавр» деп атаған Маралтайдың өзi де — Ай сипатты, Кентавр бейнелi жан. Бұл екi атау да — ақынның автометафорасы. Осы қалыптан жазбай, айдай тылсым сырлы һәм «күмiс нұрлы» (Мағжан) кентаврдай ақылды да қайратты, тарпаң мiнездi қалыппен жыр-өрiсiн, өлең-кеңiстiгiн кеңейте берсе деп тiлейсiң...

Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры