Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Жарас Сәрсек "К­ӨЛДЕГI ШӨЛ (Маралтайға)"

Жарас Сәрсек "К­ӨЛДЕГI ШӨЛ (Маралтайға)"

09 июль 2018, Понедельник
894
0

Жарас Сәрсек, ақын. Алматы облысы Ұйғыр ауданында дүниеге келген. Қазақ ұлттық университетiнiң журналистика факультетiн бiтiрген. Қазақстан Республикасы Президентiнiң степендиаты. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын иеленген. 














К­ӨЛДЕГI ШӨЛ

(Маралтайға)

Бүгiн менiң бәрi, достым, iргемде,

Ару-арман әже болды бiрдемде.

Жүрегiмiз сыртында едi кеуденiң,

Алғаш бiздер Алматыда жүргенде.


Тек ақынды көру үшiн келгендей,

Өлiп-өшiп соңына ердiк өңмендей.

Солар бүгiн неге суық?

Әкесi

Бiз бүлдiрген бiрдеңеден өлгендей.


Ар деген де бала едi бiр, арман-ай,

Бiр күнi өлiп қалар ма екен қарғам-ай!?

Күн жылыда келiп едiк бұл маңға,

Күткен күннен бұрын түстi қар қалай?


Арманымыз айдарлы едi,

Жас едi.

Көңiл шiркiн көп үмiтке мас едi.

Көл үстiнде қалтыраймыз бiз ендi,

Көл дегенiм көзден тамған жас едi.


Бiз ол көлге ерiккеннен түспедiк,

Бiз ол көлге зерiккеннен түспедiк.

Бiр iшек боп бiлiм қуып жүргенде, 

Бiлiнбей кеп алған екен iшке енiп.


Бiрте-бiрте ұлғайғанын аңғармай,

Тұншығар сәт келген кезде жан қалмай.

Үрей отын үрлеп жаққан едiк бiз,

Бұл дүлейден сақтап қалар жан бардай.


Болмас жерде болған едiк батыр бiз,

Ендi мiне батып бара жатырмыз.

Неткен суық көл едi бұл, бiттiк пе,

Құба белге жете алмастан ақыр бiз!


Көл бетiне көктен түскен Арайға,

Қос мұңлық — көз күлiмдейдi алайда.

Айтылмаған барады өлiп сөз бiрге,

Жағалауға жету керек қалайда...




«ҚАЛАМЫНДА ТАҒДЫРЫНЫҢ КЕРМЕГI»

«Өлең-сөздiң патшасы...» Абай осылай дейдi. Өлеңдi сөзге ғана меншiктейдi, данаға емес, басқаға емес. Ендеше, бiзге дананың сөзiн бала да айтады, баланың сөзiн дана да айтады деуiмiзге толық негiз бар шығар. Бәлкiм дұрыс, бәлкiм бұрыс — алдыңғы буын қаламгерлер қазiргi жастар поэзиясы төңiрегiнде сөз бола қалса, сол заңдылыққа қырын қарайтын сыңайлы. Тiптi кейбiр самай шашы өлеңмен ағарып, абырой-атағын өлеңнен жиған марқасқа шайырлар: «Жастарда өзi поэзия бар ма?» — деп шалқаюды әдетке айналдыра бастағандай. Бұл не, кекiрiктiң азуы ма, әлде шындықтан туған кейiс пе? Бәлкiм, бұл мардымсыз данамен басылып шығатын өлең кiтаптардың дiттеген жерiне жете алмай, автордың туған-туыстары мен оның өлең оқуға өрiсi жетпейтiн дос-жарандарына естелiк, мұра ретiнде ғана үлестiруiнен туындайтын құбылыс шығар. Осылай ойласақ, әлдеқайда жеңiлдеу. Қалай десек те, поэзияны пойыз басып өлтiрген жоқ, нарық жұтып қойған жоқ. Ол бар.

Бiз бүгiн осы бiр шағын мақаламызда жас буынның бiр ғана өкiлi — Маралтай Ыбыраевтың өлеңдерi хақында әңгiме қозғауды парыз санадық. Жас та болса, бұл ақынды әдеби ортаға таныстырып жату артық. Алайда өлеңсүйер қауым оның шығармашылығынан гөрi ақынға тән мiнез-құлқы мен жүрiс-тұрысына ғана көбiрек қанық. Бұл — бағалау емес. Көпшiлiк жұрт Маралтайды:

Сорлап жүрсiң билiк айтар тақ болмай,

Жүрмiн мен де басыма бiр бақ қонбай.

Жердiң бетi шахматтың тақтасы,

Тоқтамайтын корольдерi мат болмай, –

деген секiлдi миды көп ашытпайтын, құлақтың сұранысына оп-оңай жауап бере салатын жекелеген шумақтары арқылы ғана бiледi.

Немесе олар:

Оу, оң көзiм, қабақ шытпа сол көзге, 

Сен де, ей, Бақ, сәтсiз күнi жол кезбе.

Танымас та ең, қонбас та едiң бәрiбiр,

Бөтелкенiң қасында едiм ол кезде, —

деген сыңайдағы iшкен-жегенi қағазға қап-қара мұң боп сiңiп қалған қайсыбiр қайырма шумақтары арқылы ғана таниды. Қорқыныштысы да осы. Бұл Маралтайдың балаң кезiнде, балалықтан арылып болмаған шағында жазылған өлеңдерi. Шындығында, ақынның деңгейi одан әлдеқайда тереңде.

Маралтайдың тiлi — мұңды тiл. Алайда ол сол бiр ғажайып мұңды тiлмен адамның «мен» деген асқақ қасиетiн ешбiр төмендеткен емес. Ол мұңданған сайын тереңдей бередi. Абыржымайды, адаспайды. Арманының алды кең. Мұңмен ой тудырады, жыламайды.

– Сүт берiңдершi?..

– Бiздерде сүт мүлде болған емес!

– Ауа сатыңдаршы, құлдығы-ем?

– Ауаның бәрi таусылып кеткен?!

... Су тамызбайтын тiрлiгiм.

Жаны нәзiк ақын осылай сыбырлайды. Ашулан­бай­ды, айқайламайды. Ол қоғамның өзiне борыштар емес екенiн, керiсiнше, осы бiр жарық дүниенiң тамырына қан жүгiртер қозғаушы күш өзi екенiн нәзiк иiрiммен қорытындылайды.

Әдетте ақын атаулының жаратылысы қызық. Сон­ша­ма дарқан, соншама кең, соншалық «етене» бола тұ­ра, ол ешқашан мейлi қоғамға, мейлi адамға үстемдiк жасаудан бойын аулаққа салады. Алайда ол адамға үстемдiгi басым құбылыстардың құпиясына үнемi үңiлумен болады. Ол үнемi жұмбақ iздеп жүредi. Тылсым дүниелерге үңiледi.

Түндегi ойда жалғыз түйiн болады,

Түйiн баққа, не сорға әкеп соғады.

Сорға соқса, гүлiмiз де солады,

Бақты бiрақ көрген кiсi жоқ әлi.

Немесе:

Балалық пен махаббаттың арасын,

Түсiне алмай кейде от боп жанасың.

Баға жетпес беу сәбилiк дүнием,

Менi тастап қайда кетiп барасың?!— 

деп ақынның аласұруында өкiнiштен гөрi, болмыс пен жаратылыс заңына деген ақындық тұрғыда үңiлу басым.

Маралтайдың бүкiл бiтiм-болмысы, өмiрi мен тағ­дыры, мiнез-құлқы өлеңдерiнен қашанда бой қылтитып тұрады. Егер мен суретшi болсам өлеңдерi арқылы оның бейнесiн айнытпай-ақ қағазға көшiрiп берген болар едiм...

Құдай — Көкте,

Мен — Жердемiн,

Жердегi —

Қаламымда тағдырымның кермегi.

Маңдайыма тұрып қалған ағып кеп 

Ғасырлардың айғыз-айғыз өрнегi.

Кермегiмде кешегiмнiң зәрi бар,

Өрнегiмде өмiрiмнiң зары бар.

Боздар болса, мен боздайын ботадай,

Жүрегiмде аруана-елдiң қаны бар.

Бұл — Маралтайдың ақындық келбетi.

Маңдайымды сүйеп құлпытасына,

Ата-ана мен бауырымның кеп басына,

Жазылмаған жырымды оқып тұрамын

Қазылмаған қабiрiмнiң қасында.

Маралтайдың тағдыры осы. Ол өзiнiң ең жақын адам­дарынан ерте айрылған. Оның мұңды ақын бол­масына не амал?! Содан болар ол:

Уа, Әдилә!

Мынау қалың қорымға

Бiр басыма қос Ай қадап кiрiп ем,

Сiрi деммен серт тайысқан күнi мен,

Алғашқысы — әруақтар, соңғысы — 

Жасыл өңдi ғасыл ғарақ тiрiден!


«Көңiлiм қап Маралтай мен Құдайға,

Маңдайымда қара сызық Күн,

                                                     Айға,

Қарабақ қып сезiмiмдi таптатпа»

деп мiнәжат етпеп пе едiм Ұмайға.


Сау қанатым қалмаған соң күймеген,

Рухымды қан мен сүтке илеп ем,

(Саған жаным ашитыны тағы рас

Емшегiне еркек ернi тимеген)


Е, Әдилә, айналайын Әдилә!

Қапелiмде шыға келiп нұрдан Сiз

Мұңдана алмас мисыздарды мұңданғыз.

Қара түстi қалампырды құшақтап,

Құлпытастан күлiп қарап тұрған қыз! —

деп, зират кезiп бейтаныс рух иелерiмен сырласып жүредi. Лайым оны әруақтар қолдап, қорғап жүре берсiн деймiз. Ал бiз — тiрiлер ақынға оң қабағымызды берiп, оның әрбiр жазылған жаңа жырымен сусындап, қажет жерiнде адал ниетiмiздi бiлдiрiп жүрсек болғаны. Ақын одан артық бақытқа алданбайды да, ақынға одан артық демеу де, сүйенiш те жоқ.

Егер менiң адамша өмiр сүрiп жатқаным рас болса, немесе адамша өмiр сүргiм келсе, жартылай болса да ақындық дүниетаным өн бойымнан бұлқынып жатуы тиiс. Кем-кетiгi көзге ұрып тұрған келеңсiз жағдайларға ақынша аласұрып аяушылық бiлдiре алмасам өмiрiмнiң мәнiсi неде? Ақын адам менiң орнымда болса, ондай жағдайда мұңданары хақ. Ақынның мұңды болуынан сондықтан секем алуға тиiстi емеспiз. Тек оған мiнсiз жыр жазуды жазғай. Маралтай — қашанда осы үрдiстен шыққан ақын. Ол — олқы жырлар жазатын жастан өткен ақын. Оның отты жырлары ендi жазылады.

Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры