Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ "АҚЫН"

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ "АҚЫН"

12 июль 2018, Четверг
878
0

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ, Халық жазушысы, ақын. Алматы облысы Еңбекшiқазақ ауданында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттiк университетiнiң филология факультетiн тәмамдаған. Қазақ КСР Мемлекеттiк сыйлығының, Бүкiл түркi дүниесi ақындарының Физули және Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтарының, «Парасат» орденiнiң иегерi.



АҚЫН


Маралтайдың ақындығына талайдан берi сүйiнетiн ағала­ры­ның бiрiмiн. Ақ көңiл, ақ пейiл, адал көкiрек жас ақынның бо­лашағынан үлкен үмiт күт­кен­дердiң бiрi мен едiм. Осы жа­қын күндерi менiң қолыма Ма­ралтайдың «Кентавр» деген кiтабы түстi. 

Тамырынан таратылып тектi сөз,

Ал, арманшыл асыл халқым, көктi кез.

Көк байрақты қыран тектi қазаққа

Күн астында қанат жаяр жеттi кез.

Немесе;

Сая болып құзғынға да шың-құздар,

Ей, шың-құздар, көңiлiмдi бұздыңдар.

Құс төресi — төре болып қалады,

Қанша жерден таласа да құзғындар, — 

дейдi Маралтай. Оның өлең жолдарындағы тегеурiндi ойларға iшiңнен риза боласың. Жап-жас баланың жасқанбай өз ойын жарқыратып айтатыны оны қалаған оқырман кеудесiн жақсы күйге, зор шабытқа бөлейдi.

Кексе дүние тұр үнсiз

Көкке сүйреп көңiлдi.

Қалатындай ғұмырсыз

Санам санға бөлiндi.


Құстың тынып шырылы,

Жаным аңсап, егiлiп. 

Қайыңдардың бұрымы

Жүрегiме төгiлiп.


Бiз ұқпаған жалғанның

Сiз табарсыз шешiмiн.

Қағып, күтiп қалған кiм

Ескi өмiрдiң есiгiн?!

Маралтайдың қай өлеңiнен де үзiндi алып, оны үздiге мақтауға әбден болады. Менiң iшiмдi жылыт­па­ған кейбiр жырлары үшiн Маралтайды кiнәлауға да болмас. Әркiмнiң өз айтқаны өзiне дұрыс. Оның кеудесiнiң отына жылына отырып та қатар жүрген замандасты бiртүрлi жатсынатын да сияқтысың. Өкiнiшi көп өмiрде, жасыл көктемде сан түрлi гүлдерге кезiгесiң. Сол гүлдердiң iшiнде гүл құмар, күн құмар, арманшыл ақын Маралтай тұр. Өмiрдi жақсы көрген Маралтай жүрегi талай-талай сұлу, терең, әсем жырларды тудыра беретiнiне мен әбден сенемiн.

Маралтай биiгi әлi алда. Ол туған елiне осы күнi-ақ көрiнiп тұрған сияқты.

Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры