Есенғали РАУШАНОВ "ТАҒДЫР"
Есенғали РАУШАНОВ, ақын. Қарақалпақ АКСР-iнде дүниеге келген. Қазақ ұлттық университетiнiң журналистика факультетiн бiтiрген. Қазақстан Ленин комсомол сыйлығының, «Жiгер» фестивалiнiң, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк сыйлығының, «Құрмет» орденiнiң иегерi.
ТАҒДЫР
Бұрынғының шалдары «нар баласын қарпып сүйедi» дейдi екен. Бұл баланы тағдыр қарпып та, тарпып та келедi, бiрақ оған қыңар Маралтай жоқ. Қарап отырсақ, өлең деп қана өмiр сүрiп жүрген осы бiр жап-жас жiгiттiң көрмегенi аз. Оның орнында басқа бiреу болса «құрысын, шаршадым» деп қолын бiр сiлтеп, жәйлi орын iздеп кетер ме едi, кiм бiлсiн. Ақынға тағдыр керек десек, бұл Маралтай және Маралтай секiлдiлерге арналып айтылған сөз сияқты естiледi.
Асылы, өлең авторына ұқсайды деп жатамыз. Жұмекен Нәжiмеденов кезiнде «Жақсы ақындар жазса да өлең «итiң» жаман болып туудан ұялмайды» деп мысқылдаған. Расында, қызық өзi. Бәрiмiз де жақсы ақын секiлдiмiз, (неге күлесiз, немене, өтiрiк пе?) бiрақ деймiн-ау, сонда мына жаудай қаптаған жаман өлеңдер қайдан ғана туып жатыр өзi. Сiзге осындай ой келе ме кейде,а? Ал Маралтайдан жаман өлең iздеп әуре болмаңыз, таба алмайсыз.
Жас кезiнде өндiрiп жазып тастаған жөн. Кейiн келе өлең өзiнен өзi тоқтайды. Сiз тоқтайсыз. Бұрын өлең деп жазған нәрселерiңiзден жери бастайсыз. Сiзден де жери бастайды. Жасы ұлғая келе адам Шындыққа жақындай түседi. Шындыққа жақындаған сайын артық жүктерден құтылып, қалған жүктердiң салмағын ауырлата түсесiз. Қандай жүктерден құтылады? Бiрiншi кезекте, алдыңғы толқын ағалардан үйренген сұрамсақтықтан, беруден гөрi алуды ойлап тұратын мысықдәмелiктен арылмақ керек. Сонда артық пысықтық, өтiрiк айту, ерлiктi есеппен iстеу, аға жағалау, жалған жастық (ақыннан жастық ерте кетiп қалады. Қалғаны — құр әшейiн бос сөз, өзiңдi алдау) және қысқа жiп күрмеуге келмегенде ұшына кендiр жалғап жiбере салу деген секiлдi «қасиеттердiң» бәрi қалып, таза өлеңмен бетпе-бет келесiз. Мұның бәрi Абайда бар.
Маралтайдың талай жерде тиесiлi бәйгеден шет қалып жүргенiнен хабардармын. Ақынды қорлаудың тағы бiр амалы — алда-жалда марапаттай қалса әлдебiр халтурщикпен қосып марапаттау. Бiздiң бала мұны да бастан өткiзiп келедi. Өткiзсiн. Бұған ешкiм де кiнәлi емес. Өлеңдi жақсы жазатын өзi кiнәлi.
Солай, батыр. Ал сен өлеңдi оп-оңай нәрсе деп пе едiң?!