Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Серiк САҒЫНТАЙ «ЖЕЗӨКШЕНIҢ АТЫНАН...»

Серiк САҒЫНТАЙ «ЖЕЗӨКШЕНIҢ АТЫНАН...»

09 июль 2018, Понедельник
917
0

Серiк САҒЫНТАЙ, ақын. Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында туған. Халықаралық «Шабыт» фестивалiнiң лауреаты. Бiрнеше жыр кiтабының авторы. Көптеген республикалық жыр мүшәйраларының жеңiмпазы.


«ЖЕЗӨКШЕНIҢ АТЫНАН...» 


...Өмiр жайлы түсiнiгiмiз дұрыс па бiздiң?

Дәстүрге салсақ, «бес күндiк жал­ған», «алты күн атан...»

Аттап өтерге ердiң ерi мой­ны­на кетер қысталаңнан тең­сел­мей шығарар жiгер керек! Адам баласының Өмiр жайлы ұғым-түсiнiгi шатқаяқтаған за­ман­дар туралы Тарих жазды ма? Жазылғаны болса, оның сабағы қайда? Әлде, бiр пен­де­нiң кешкен ғұмыры, тапқан танымы жалпыға ортақ заң­ды­лыққа жауап бола ала ма? Әлде бiр адамның қолдан құй­ған қателiгi толғақты заман, тұтас қоғам тезiне салса түзелiп, ақиқатты қисықтан түзел­ген, қалыпқа салынып, қайта құбылған дүние деп тани­мыз ба? Қалыпқа сыймай, түзелмей кеткен Күнәнiң Жаратушысы кiм? Жер-жаһандағы жарықты кiм шашыратты? Жауабы — анық. Көлеңке кiмнiң етегiнен өрдi? Жауабы...

Дәстүрден аттап, саяқ-сырттап күн кешкен жанға Тәңiрi шығарған үкiмнен кiмнiң хабары бар? Алланың қуғынға ұшыратқан Шайтаны бiздiң мыңжылдық бәйгемiзге қатысып, бiзбен бiрге жанұшыра шауып келе жатқан шығар?! 

 Әлде, осының бәрiн тамыр буғанда солқ ете тоқтар жүрек ырғағының толқынымен бiрге дамыл таптырып, күнәға шомылған «қоғамға жат элементтерге» «сөз беремiз бе?». Онда «Жезөкше» сөйлесiн: 

Мен қайтейiн, тағдырыма 

                                             көз өтсе,

Ете берсiн, былайғылар сөз етсе.

Одан кейiн жолыққан жоқ ондай жан,

Жалғыз түнге жолдас болған жезөкше.


Шексiздiктен сыр жеткiзiп тұнық түн,

Тынық түннiң ләззатына құнықтым.

Мен сiз жайлы

Және бүкiл қыз жайлы

Ғайбат ойдың жетегiнде жүрiппiн.

Жаттың солай бауырымда шашылып,

Перiштемнiң алапасын қашырып.

...Ай боп жылап қарап тұрды әйнектен

Махаббатым!..

Аяғы — сор, басы — үмiт...

...Осы бiздiң қоғам жезөкшеге сөз бере ме? Асқынған дертке ем iздеген дәрiгердiң кiнәнi табуға талпынған тұсында ой-сана қозғалысының тамырын ұстағанын кiм көрiптi?

Психоаналитика iлiмiнiң дәруiшi — жойт ғұламасы Зигмунд Фрейдтi бiр заманда өз шәкiртi Эрих Фромм бастаған бiр қауым заман тудырған дертке шалдыққан, өз дертi арқылы өзге танымды көзеп, жаңа жол ашқан сырқат сана иесi деп жазысты. Адам жанының қалта­рыс­тарын қапысыз ұғу үшiн, бәлкiм, дәруiш атаулы бүкiл адамзат зиынының сана ағысын өз өзегiнен өткiзуi керек шығар?! Адам ағысының астарын Ай астында ақтарып тастау үшiн әлбетте, тереңге шүңгiп, бастан бұлғанған теңiз тұнар шұңғыманың түбiндегi тамыр­сол­қылды сезiну керек-ау. Фрейд — заман, қоғам құр­баны бола тұра күнә арқалаған адамның құныс иi­­нiн тiктеп, еңсесiн түзеп, айнаға қаратты. Одан адам­ның сұрақ белгiсi iспеттi сүлде-сүлдерi тiктелiп кеттi ме?.. 

Тәңiрiнiң тоқсан мың тоғыз есiм, келбетi тәрiздi адамның неше келбетiн, түрiн жыға танисыз? Кемелi қайсы, кемшiнi, кемiсi, кемi кiм? Арлысы, Арий тектiсi кiмнен тарайды? Тексiзiнiң ғапыл ғұмыры кiмге жүк?

Ал, жезөкше...

Адам баласының бiр кейпi емес деп, қой соңында iлбiген құрттаған ешкi деп жапанға жемiт қып тастаймыз ба?

Осы Адам баласының ең таза, ең пәк кезеңi басынан қашан өттi екен? Әлде ондай заман келген жоқ па? Бәлкiм, жаратылыстың алғаш тегершiгi қозғалып кеткен бiз бiлмес, санамыз жетпес тұңғыш тұма сәттерден соң адам баласы Күн астында ауаның мөлдiр кiрiн бойына жұқтырып, бұзылып келе ме? Омар Һаямның бұл дүниенiң өкiнiшiн бiлгенде адам баласы өмiрге келмес едi дейтiнi қайда? Арғы әлемнен берiге зордың күшiмен шыққан зордың пiнәсiнiң жамбасына басылған жасыл таңба сәби шағымызда бәрiмiзде болған. Сәбидiң дүниежарыққа басқан алғаш қадамы — өлiмге басқан алғаш тәй-тәй талпынысы дейтiн де өзiмiз ғой.

Адамзат бәйтерегiнiң сыңсыған жапырақты бұтағының iшiнен ерте солып, шiрiп түсетiнi кiм? Тамырға нәр, топыраққа әр жапсырмаққа аттанған жапырақ-өмiрге жалғас емес пе? Онда неге жезөкшенi, жалпы «қоғамға жат элемент» атаулыны кiнәлаймыз?..

Жезөкше тағы сыбырласын құлақ түбiңiзден:

«Мен қайтейiн, тағдырыма көз өтсе...»

Құлақ түбiнен сыбырлаған кiм?

Өлең бе, өксiк пе?

«Шексiздiктен сыр жеткiзiп тұнық түн,

 Тынық түннiң ләззатына құнықтым...»

Кiм?

«... Ай боп жылап қарап тұрды әйнектен

Махаббатым!..

Аяғы — сор, бас — үмiт...»

Кiм ол?

Өкшесi қанамаған Мыстан кемпiрдiң (мыс — жез, өкшесi қанамаған, яғни, өкшесi жез, бәлкiм, қыздай жесiр) немересi де киесiн танымас, ертегiсi ұмыт заманда тере­зе iшiнен не, сыртынан қарайды.

Сiзге...

Бiзге...

Танисыз ба оны?..

Өмiр жайлы түсiнiгiңiз дұрыс па Сiздiң?..

Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры