Әлия БӨПЕЖАНОВА "МАРАЛТАЙДЫҢ МӘДЕНИ СТРАТЕГИЯЛАРЫ"
Әлия БӨПЕЖАНОВА, сыншы, мәдениеттанушы. Жамбыл облысы Сарысу ауданында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттiк Қыздар педагогикалық институтының филология факультетiн бiтiрген. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
МАРАЛТАЙДЫҢ МӘДЕНИ СТРАТЕГИЯЛАРЫ
Бүгiнгi таңда ақындық таң емес. Өйткенi бүгiнгi таң — адам баласына керемет мүмкiндiктер берiп отырған, өнердiң мейлiнше демократияланып отырған кезеңi болғандықтан ақын болу, жазушы болу, драмашы болу қиын емес. Бүгiнгi таңда қиыны — жаңа сапалы дүниесезiм.
Жалпы адам баласы өнерден, әсiресе, бүгiнгi таңда не iздейдi? — жаңа дүниесезiм, жаңа тiл, жаңа стратегиялар iздейдi.
Жалпыға телiп, ой жинақтап айту абырой беретiн нәрсе емес, дей тұрғанда, бұл, әсiресе, ақыны да, жазушысы, тiптi драмашысы да аз емес ХХ ғасырдың соңы мен ХХI ғасырдың басындағы қазақ әдебиетiне де бек қатысты мәселе. Ал, жаңа дүниесезiм, жаңа стратегиялар, өнер тарихына көз жiбергенде, ғасыр немесе соның жартысындай уақыт, тiптi болмаса ғасырлар тоғысының еншiсiндей көрiнедi. Мұның бiр жарқын мысалы — ақын Маралтай Райымбекұлы.
Маралтай — әдебиетке елiмiз тәуелсiздiк алып, бұрынғы қоғамдық жүйе ыдырап, жаңа жүйе қалыптаса бастаған күрделi кезеңде әрi ғасырлар тоғысында келген ұрпақтың көрнектi өкiлi.
Ғасырлар тоғысы демекшi, бұл тұста қытайлардың қарғысы делiнетiн «Құдай саған өзгерiстер кезеңiнде күн кешудi жазсын» еске түседi. Бiрақ мұның ақындарға қатысы жоқ болуы керек, оны айтасыз, тiптi «өзгерiстер кезеңiнде күн кешу» ақындарға «майдай жағуы» бек мүмкiн. Өйткенi, қай жағынан да (тарихи, қоғамдық-әлеуметтiк, жеке бастың) материал мол. Яғни, «тағдырың-өлеңiң» сыңайымен тарта беруге болады. Дей тұрғанда, ондай жырларды контексiнен — өмiр кешер ортасы, сол кезеңнiң эстетикалық iзденiстерi аясынан «тазартып», ажыратып алсаңыз — салмағы жеңiлдеп сала бередi, тiптi кейде ештеңеге жарамай қалуы мүмкiн. Өзгеше айтқанда, автономды күн кешу құдiретi жоқ ұйқастар ғана болып шығады. Мықты деген небiр ақындардың ғасырлар, тiптi жылдар күресiнiне «лақтырылып тасталуының» бiр сыры осында. Мұндайдан бiз айтып, iздей беретiн жаңа дүниесезiм, жаңа тiл, жаңа стратегия құтқара алады.
Маралтайдың жырында жаңа дүниесезiм бар. Оның дауысы — биiк деңгейдегi жеке дауыс. Тұтастығынан ажыраған, сондықтан да сонау мықты түп-топырағына түбегейлi қайта оралғысы келетiн, бiрақ мұның ендi толық мүмкiн еместiгiн саналайтындықтан қайғыға бататын, өз-өзiмен қайшылыққа түсетiн, осы бiр рухани қақтығыстарда жаңа сезiм, дүниесезiмге шығатын, яғни жекелiкке бет алған қоғам адамының дауысы. Қуанышынан гөрi мұңы басым, «кембағалдық сезiмнен» мүлдем ада, бiрақ «тентек» емес, еркiн, өте еркiн адамның дауысы. Трагикалық дүниесезiмiне қарамастан жарқын дауыс, жарық болмыс. Сондықтан да Маралтай жырлары әлдебiр қуаныш пен мұң сыйлайды, кейiпкерiнiң, демек, оқырманының да сана қызметiнiң әр сәттегi ахуалын анықтайды. Оның, әсiресе, махаббат жырларының поэтикалық концепцияларында табиғи тазалық, аса бiр нәзiк талғампаздық жүлгеленiп жатады.
Орманға ұлып опа таппай,
шынжырланған арлан.
Бөз қымтасын тәнiн,
айрылмас-ты ардан.
Кеше жұртта қалған —
Тозған жүрек сенi iздеп
жолға шықты, жазған!
Бiлмейдi ғой деп пе ең
табылмасын жоқтың.
Қызығына бола қызуындай оттың,
Шерменде боп жаны
жарығына көктiң,
Қимасынан адасқан арасында көптiң.
Орманға ұлып опа таппай
шынжырланған арлан.
Оты өшкен арман.
Көрiн өзi қазған,
Тозған жүрек сенi iздеп
жол тосады, жазған.
Қос әлемнен табылмайтын құсым,
Әлсiн-әлi сипаттың жүрегiмнiң тұсын.
Сенi сүйген тұлға — бүгiн мiскiн мүсiн,
Мен барман-ды,
Сен келме!!! (Құдай үшiн!)
Маралтайда жаңа тiл бар. Сырт көз тентектiгiне, өмiрiндегi астаң-кестеңдерге, жүйесiздей көрiнетiн мiнезiне қарамастан жырлары айқын түрде «өмiр-өмiр», ал, зерделеп қараған жанға «өнер-өнер» жазықтығында туындайды және де бұлар бiр-бiрiмен аса табиғи жымдасып жатады. Бұл тұста бiз Маралтайдың қазақ поэзиясымен қатар батыс-шығысымен қоса әлемдiк поэзияның, өнердiң кеңiстiгiнде еркiн жүзетiн кең құлашын, қажет кезiнде олардың қай-қайсысын да материал түрiнде еркiн пайдаланып, өңдеп, жетiлдiрiп, түрлендiрiп, түлетiп сала беретiн қасиетiн, қазақ жырын байытып, өзiнше мүсiндерiн айтып отырмыз. Бұл — «...күпi киген қазақтың қара өлеңiн шекпен жауып өзiне қайтарудан» да биiгiрек шарт, қазiргi заман поэзиясының басты шарттарының бiрi.
Салт аттыдай тым шапшаң
жүрегiм соқты, кештегi үн...
Бұл бұрын ойлап қойғандай
Алланың iсi ед (не iстермiн?!)
Жер бетiн сипап көлеңке,
таулардың басын жұтып түн,
Тұманнан көйлек киiнiп,
тоғайлар шашын тұтып мұң,
Бұталардың арасы,
(боларын солай сезiп ем)
Түн қарап тұрды тамсанып
мыңдаған қара көзiмен.
Аянышты жүзбенен
аспанда өксiп аппақ Ай,
Кiшкентай құстар дүрлiктi
жел алып қашқан мақтадай.
Үрейлi сәтте үрiкпен —
бұл түнде қанша ғажап бар,
Адыра қалған бойынан
қайғылы, улы мазақтар.
Мен саған үнсiз қараймын
бейiлмен құлап, егiлiп,
Жайдары, жылы қуаныш
көзқарасымнан төгiлiп.
Жүзiңдi сұлу аймалап
көктемнiң қызыл желi естi,
Мейiрiмдiлiктiң бейнесi
Тәңiрден кемдеу емес-тi.
Таң атты, мiне Күн шықты,
қоштасу ауыр жүрекке.
Сендегi ләззат, уайым
тоғысып жалғыз тiлекке.
Мен кеттiм... Тұрдың артымнан
қия алмай ұзақ мұңайып,
Бақыты кемдеу кеудеге
тек бiздiң жүрек лайық.
Маралтай жырларында өзiндiк стратегия бар. Өйткенi ол бiз жоғарыда айтып өткен сырт көз тентектiгiне, өмiрiндегi астаң-кестеңдерге, жүйесiздей көрiнетiн мiнезiне қарамастан, өз өмiрбаянын жасауға, демек, қазақтың бүгiнгi поэзиясын саналы түрде жасауға тiкелей өзi қатысады. Ол өмiр стилiн ғана емес, өз сөз-тағдырын саналы түрде таңдайды. Яғни мұндағы әңгiме саналы стратегия туралы (Бұл ретте оны Пушкин, Мұқағали, Бродский сынды ұлы әрiптестерiмен рухтас деуге болады). Сондықтан да ол иерархияны бұзады. Оның жырлары демократияшылдығымен ерекшеленедi — бүгiнгi сана соқпағымызды, бүгiнгi ойлау формамызды және бүгiнгi тiлдiң мүмкiндiгiн ашуға бастайды. Ал ақындық мәдени стратегияларының түп-тамыры жауапкершiлiкпен суарылған еркiндiктен туындайды. Саналы қажеттiлiктен.
Мас тiршiлiк мазамды алмас,
Дауа табам бәрiбiр мен.
Шайханада ғазалға мас,
Тегерандық сары гүлден...
Шай құяды қарақ мына
Бiр саусағын бүгiп тұрып.
Ащы арақ пен шарапты да
Күрең шаймен ұмыттырып.
Құй, қожайын! Төзiмге қат!
Сiздiң бақтың гүлдерi көп.
Маған жұмбақ көзiн қадап,
Перде қымтап үлгердi тек.
Сұлулықтың әнiсiң бiр,
Таңғы шықтай түр өңiңе.
Хорасанның шәлiсiн дүр,
Қидым Шираз кiлемiн де.
Құй, қожайын! Менi емдеген —
Күрең шай ма!?
Жалғандық жат.
Бұл ғұмырға сенем деген
Жүректегi арманды жақ!..