Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Бекболат ТIЛЕУХАН "СИНГАРМОНИЗМ"

Бекболат ТIЛЕУХАН "СИНГАРМОНИЗМ"

09 июль 2018, Понедельник
765
0

Бекболат ТIЛЕУХАН, 

жырау. Қарағанды облысы Жаңарқа ауданында дүниеге келген. Дәстүрлi ән өнерiнiң көрнектi өкiлi. Мемлекет және қоғам қайраткерi, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының иегерi.


СИНГАРМОНИЗМ


Алаштың ақыл-ой әлемi Ба­тысқа да, Шығысқа да Абай Құ­нанбайұлының парасат биi­гiнен үңiлуге дағдыланған. Ол сол­ай болуға тиiстi де. Себебi, бiз бiлетiн әргi-бергi руханият саласында, оның iшiнде сөз өнерiне келгенде «кемел адам» деңгейiне көтерiле алған да, санаулылардың санаулысы да осы — Абай Құнанбайұлы. Де­мек, бiз абыз Абайды маңдайға ала отырып, оның шы­ғар­ма­шы­лығына сүйене отырып, ар аты­нан сөйлеуге толық қақымыз бар.

Ендiгi әңгiме Маралтай тура­лы. Маған Маралтайдың тағдыры да, шығар­ма­шы­лығы да бiр кiсiдей таныс. Алматыға өткен ғасыр­дың тоқсаныншы жылдары ат басын тiреген Маралтай «өртке кiрiп, өрттен шыққандай» (Т.Медетбек) ала­құйын мiнезiмен, тағдырлы өлеңдерiмен әдеби ортаны ерте мойындатты. Ол поэзияда түрлi экс­пе­ри­менттерге батыл қадамдар жасады. Ал ендi кемел Абай мен бүгiнгi Маралтайдың шығармашылығында қандай үндестiктер бар дегенде, мен мынадай дүние­лер­ге назар аударған болар едiм. Әдетте, бiз син­гар­монизм заңдылығын әдебиет пен музыкаға да қа­ратып қолдануға болатынын ескере бермеймiз. Белгiлi бiр тұлғалардың санасындағы ой ағындарының таң­ба­лану мәнерi мен дыбысталу әуездiлiгi сыңарласа кө­рiнiс тапқанда — өнерден өнер тудыру салтанатына ұласады.

Гүлiн, нәрiн, шұғыласын

Желпiп шашқан күн ғайып.

Кiнәлi кiм, неғыласың,

Құшақтатып түнге айып.


Өзiн-өзi қамықтырып

Әм жұбатып әбiгер.

Жар-үмiтiм жанып тұрып,

Ағып түскен жәдiгер.


Көресiмдi көрсеттiң-ау,

Көсегелi жас өрiм.

Өремдегi ой өлшемiнен

Күбiрлейдi аш ерiн:


«Пенде көрген бар қызықтың

Бәрiн iшкен сұм жүрек.

Айныған соң, сен жолықтың,

Айтып-айтпай не керек?!»

Соңғы шумақты тұтастай Абайдан алып отырғанымен, Маралтайдың бұл өлеңi — бiз жоғарыда атап өткенi­мiздей өнерден өнер тудырудың нақты мысалы. Бұл өлеңдi Абайдың Пушкиннен аударғанын жақсы бiлемiз. Пушкин поэзиясындағы iшкi әуездiлiк Абай жүрегiнде трансформацияланып Маралтай қаламына құйылған кезде ешбiр мәнiн жоғалтпаған. Ал, өлеңдегi көңiл-күй ауаны — ол — басқа әңгiме.

Жазмыш деген бiр қызық...

Алладан жетсе арайлы үн.

Түндiктi түнде түргiзiп,

Аққан жұлдызды санаймын.


Iңiрде шығып төбеге,

Жанарға жас боп құйылған

Ана бiр жарық немене,

Ғұмыр ма қыршын қиылған!?


Не ұғып, ненi бiлемiн,

Менiң де санам боданда.

Ақын ба әлде жүрегiн 

Қансоқта еткен қоғамға?


Ұмсынған көкке құрысын,

Адамның бiздей әуресi.

Аспанның түбi тылсым,

Сананың соқыр сәулесi.

Жырдың iшек-қырындысы мен астарынан, таңбалану мәнерi мен табиғатынан әрiдегi Гете мен Байрон, Лермонтов пен Пушкиннiң Абай тiлiндегi әуезi айқын қылаң берiп тұр. Бұл ешқандай да ими­тация емес. Бұл — Абай талғамындағы таңдау­дың байып жетiлген нұсқасы. Қазақтың көңiлiне жақын, жүрегiне ыстық форма. Маралтай — әр дәуiр­дегi, әр қоғамдағы жаңашыл ақындардың жетiстiгiн қапысыз сезiнген, өзi де сол биiкке ұмсынған реформатор. Абай жырларына үндес Марал­тай жырларындағы тағы бiр ерекшелiк, ол сезiм аккордтарын қуалай әкеп кульминацияны соңғы шумаққа байлап тастайды. Әдетте, кез келген жанр мұндай шешiмдi қабылдай алмас едi. Мұндай байламға бару өнер құдiретiне деген шексiз нанымнан туындайды. 

Түн мекенi түнекке

Серiк таппай бойлаған. 

Бiздiң ғазиз жүрекке

Жұлдыз шашып ойнаған.

Кексе дүние тұр үнсiз

Көкке сүйреп көңiлдi,

Қалатындай ғұмырсыз

Санам санға бөлiндi.


Құстың тынып шырылы,

Жаным аңсап, егiлiп,

Қайыңдардың бұрымы

Жүрегiме төгiлiп. 


Бiз ұқпаған жалғанның

 Сiз табарсыз шешiмiн.

Қағып, күтiп қалған кiм

Ескi өмiрдiң есiгiн?!

Тағы да есiңiзге ерiксiзден-ерiксiз Абай оралады. Абайдың әлi күнге елге беймәлiм өлеңiн оқығандай күй кешесiз. Бiрақ, бұл — иллюзия. Бұл — Марал­тай­дың өлеңi. Алайда барлық сипатымен Абай поэзиясынан нұр алып тұрған өлең!

Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры