БІР ҚЫЗ ТУРАЛЫ АҢЫЗ
Албастыдай аппақ шашы жайылған.
Аққу құстай сыңарынан айырған,
Қарағаштай қапияда жай ұрған.
Аты кім ед?
Гүлнұр ма еді, гүл ме еді.
Заты кім ед?
Нұр ма, әлде ,түн бе еді.
Өзге түгіл өзі де оны білмеді.
Ауызынан ақтарылып ақ көбік.
Екі өмірдің шекарасын қақ бөліп,
Жатты солай тіршілікке жат болып.
Нәзік жібі қалды үзіліп үміттің.
От құшағын талақ етіп жігіттің.
Он алты ма,
Он бесте ме ұмыттым.
Әулие мен әмбиелер пір еді.
Бабата мен Шашты Әзізге түнеді,
Айықпады асау-аусар жүрегі.
Қобыз екен қыз дертінің дауасы.
Тапса соны тарқар депті наласы,
Ал, қобыздың көрінбейді қарасы.
О кездері Балтабайдың жоқ ізі.
Жарамады Ықыластың қобызы,
Және келді қылқобыздың тоғызы.
Іздегенін бұл дүниеден таппады.
Рауандап таң ағарған шақтағы,
Құшақ жайды ұжымақтың бақтары...
Солай, сөйтіп шырақ құсап сөнген қыз.
Сөнген қызды ауыл болып көмгенбіз,
Өлген қыздың өліміне сенгенбіз.
Кенет, кенет сұмдық аңыз тарады
Қолтығында қобызы бар қаралы,
Бір жас сұлу кезіп жүр деп даланы.
Жоқ қараған қарт көріпті бір күні.
Түзге шыққан жас көріпті бір күні,
Сыңқ-сыңқ еткен сайтанилау күлкіні.
Ізі қапты қар бетінде жосылып.
Аңыраған қобызына қосылып,
Көрген кісі жан ұшырған шошынып.
Жұбын жоқтап қар қызындай сыңсыған.
Түске кірсе ояна алмай тұншығам,
Елес беріп қыз рухы тыншыған.
Содан бері
Мойынымда бұғалық.
Тәңір ісін қалай, қайтіп ұғалық.
Қобыз көрсем күбірлеймін дұға ғып.
Кім кінәлі жаратылыс жаңылса,
Мен қайтейін жан екіге жарылса.
Бұл дүниеге қайтып келіп несі бар,
Іздегені о дүниеден табылса.
Талқылау
Сондай-ақ оқыңыз:
Пікірлер (0)