Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Көпен ӘМIР-БЕК "ҚҰМЫРСҚА, АЮ ЖӘНЕ МАРАЛТАЙ"

Көпен ӘМIР-БЕК "ҚҰМЫРСҚА, АЮ ЖӘНЕ МАРАЛТАЙ"

12 июль 2018, Четверг
913
0

Көпен ӘМIР-БЕК, сатирик. Оңтүстiк Қазақстан облысы Отырар ауданында дүниеге келген. Қазақ ұлттық университетiнiң журналистика факультетiн бiтiрген. Президент гранты мен «Парасат» орденiнiң иегерi. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.


ҚҰМЫРСҚА, АЮ ЖӘНЕ МАРАЛТАЙ


Аурудың атауы көп – брон­­хит, рахит, гастрит, мененгит, танзилит... Кiлең ... «ит». Ма­рал­тай түбiт иек, түктi бас боз­бала шағында «ит» ауруымен емес, «...ат» ауруына ұшырады. Негiзi, «ат» деген сөзбен аяқ­та­латын аурудың бәрi жақсы ау­ру. Керемет кесел! Мысалы...

Махаббат

Ләззат

Аромат

Кроват

Депутат

Қоңырат

Дулат

Соңғы екеуiмен Шымкент-Алматы аралығындағы адамдар көбiрек ауырады.

Солардың iшiнен соры қайнағанда Маралтай «махаббат» ауруына шалдықты. Қасы-көзi қиылған Қарлығаш деген қызға ғашық болғаны соншалық:

– Ойбай, өртенiп барам! -дедi басын бұлғауыштай бұлғаңдатып.

– Пожарный шақырайық! – дедi құрдастары.

– Пожарный менiң өртiмдi сөндiре алмайды!

– Онда Шабақты өзенiне шомыл! Ыстығың ба­сыл­сын.

 Шауып барып Шабақтыға сүңгiп едi, отқа май құйғандай одан сайын лаулады. 

– Қағаз бен қалам әкел! – дедi Маралтай.

– Оны не қыласың?

– Өртiмдi сөндiрем.

Қапелiмде қағаз-қаламды қайдан тапсын. Жоқ! Шабақты өзенiнде шабақтай шоршыған Маралтай жағалауда жата қап, сұрқай жерге сұқ саусағымен өлең жазды:

Қайтейiн, ойлауменен Қарлығашты

Неше күн тамақ iшпей қарным ашты.

«Ұйқасым қатып тұр, ә, – деп ойланды Маралтай ақын. – Бiрақ мазмұн қайда? Қарлығашқа қарнымның ашқаны неге керек? Жоқ, болмайды. Поэзия арқылы iңкәрлiгiмдi жеткiзем. Ұйқас-пұйқасың көк тиын».

Қалықтап ұшқан аспанда

Қарлығашым сен болсаң.

Серуендеп жүрген орманда

Маралың ендi мен болам! – 

деп бастады да, өзге шумақтарын өзенге әкеп тiредi.

Апыл-ғұпыл киiнiп, үйiне қарай жүгiрдi. Өзенде жазған өлеңiн көшiрiп алайын деп қағаз-қаламымен қайта келсе... Мәссаған! Өзен бар да, өлең жоқ. Су шайып кетiптi. Алғашқы шумағы ғана аман. Сол күннен бастап Маралтай өз өлеңдерiн жатқа оқуға дағдыланды.

Алғашқы өлеңiн су алып кеттi, алғашқы махаббатын бiр қу алып кеттi.

Дағдарып жүргенде Шәмшi Қалдаяқовтың әңгiмесiн құлағы шалып, қуаттанды. Шәкең айтыпты: «Алғашқы махаббат туралы ән көп, алғашқы махаббат туралы өлең көп. Ал, екiншi махаббат, үшiншi махаббат, төртiншi махаббат деген ән естiсем құлағым керең болсын. Сондықтан да алғашқы махаббаттың аты – алғашқы махаббат. Ал, одан кейiнгi махаббаттың бәрi алғашқы махаббатты қайталау. Повтор, повтор...»...

Өзi «повтормен» өмiр сүрсе де, өлеңiне «повтор» деген пәленi жолатқан емес. Маралтайдың «күндiз естен, түнде түстен кетпейтiн» поэзиясы алғашқы махаббаттай әсерлi. Бейнелi!

Күндердiң күнiнде «Суретшi болам!» деп Тараздағы пединституттың көркемсурет факультетiне түстi де, үшiншi курста тастап кеттi. «Iске кiрiсем!» дедi. Құр қаламды қылқаламға айырбастап ауылға келiп едi, совхоз директоры Лениннiң, Брежневтiң суреттерiн салдырып, Коммунистiк партияның ұран­да­рын жаздырып, көше бойындағы көрнектi жерлерге iлiп қоятын болды. Күндердiң күнiнде совхоз директоры: 

– Әй, Маралтай, «Бiр тал кессең, он тал ек» деген сөздi он метр қып жаз. Әр әрпiне 50 тиыннан төлеймiн! – дедi. Екi әрiп бiр сом болғасын ба, Маралтай майлы бояумен сөзге сөз қосып, көбiрек сүйкедi.

«Бiр тал ексең, он тал ек. Ойлан, ойлан! Он тал егiп әуре болғанша, бiр тал да кеспе!» деп жазды. Содан шатақ шықты. Көп сөзiне көк тиын да төлеген жоқ. Суретшiлiктi қойды. Дүниеден баз кешiп, ғалым болғысы келдi. Бiр шөлмегiн қойнына тығып, екi ғылым докторына барып едi, олар оның ойын қуана қуаттады.

– Аға, сiз қай ғылымнан докторлық диссертация қорғадыңыз?– деп сұрады Маралтай.

– Мен бе? Мал шаруашылығынан.

– Тақырыбыңыз?

– Диссертациямның тақырыбы: «Мал санаудың тиiмдi тәсiлдерi».

– Жақсы екен? Ашқан жаңалығыңыз?

– Қорадағы қойлардың аяғын санайсың да, оны төртке бөлесiң. Сонда қанша қой бар екенi шыға келедi. Бiттi шаруа! Оп-оңай тәсiл!

Екi ғалым бiр жартыны ортаға алып, ой бөлiстi. 

– Логика дегенiмiз не?

– Мысалы, екi ер кiсi келе жатыр дейiк. Бiреуi – мұн­таздай таза, екiншiсi – кiр-қожалақ. Соның қайсысы моншаға бара жатыр?

– Кiр-қожалағы!

– Дұрыс. Мiне, логика деген осы. Қане, сенiң логикаң үшiн тартып жiберейiк.

– Ал, диалектика деген не?

– Мысалы, екi ер кiсi келе жатыр дейiк. Бiреуi – мұн­таздай таза, екiншiсi – кiр-қожалақ. Соның қайсысы моншаға бара жатыр?

– Әрине, кiр-қожалағы!

– Жоқ, дұрыс емес! Таза адам қашанда – таза. Тазалығын сақтау үшiн моншаға тазасы бара жатыр. Мiне, бұл – диалектика. Қане, диалектика үшiн тартып жiберейiк.

– М-м... философия деген не? 

– Мысалы, екi ер кiсi келе жатыр дейiк. Бiреуi – мұнтаздай таза, екiншiсi – кiр-қожалақ. Соның қайсысы моншаға бара жатыр?

– Оны ит бiле ме? Қайсысы барса, онысы барсын. Маған бәрiбiр!..

– Мiне, философия деген осы! Қанеки, бiздiң философиямыз үшiн тағы да тартып жiберейiкшi!..

Есiнегенге де елiктеген Маралтай он шақты жыл ой-қыр кезiп, «пәлсафаның» түбiн түсiрдi.

Күндердiң күнiнде Маралтай түс көрдi, түсiнде қызық iс көрдi. Өзен жағасындағы қайыққа жармасып бiр жәндiк тұр екен.

– Кiмсiң?

– Құмырсқамын. Сен ше?

– Маралтаймын.

– Қай өзеннiң Маралтайысың? Ертiстiң бе?

– ?

– Есiлдiң?

– ?

– Әлде Шу өзенiнен бе?

– ?

– Жайықтансың ба?

– Қай өзеннiң қазағы екенiмдi қайтесiң? Өзiң қай жердiң құмырсқасысың?

– Осы жақтанмын.

– Неге әбiржiп кеткенсiң?

– Қайыққа мiнiп арғы бетке өтiп ем, ондағылар «Сен бiздiң жақтың құмырсқасы емессiң!» деп талап тастады. Қайықпен қашып өз жағыма өтiп ем, мұндағылар: «Сен бiздi тастап кеткен құмырсқасың» деп ту-талақайымды шығарды.

– Ал, менi қайда барсам да қабылдайды! – дедi Шабақтының Маралтайы.

– Сiз кiмсiз?

– Ақынмын.

... Желдi күнгi қамыстай ырғатылып қазақ тiлiнiң қадыр-қасиетi туралы өз өлеңiн нөсерлетiп төктi.

Кiм бiрақ құлақ қояр кесiмiме,

Тiлiмдi жат жауласа бесiгiмде.

Ел жайлы ләм-мим демес ағалардай

Жүргенмен Елбасының есiгiнде.

– Сiз құмырсқаның тiлiн де бiледi екенсiз ғой? – дедi құмырсқа.

– Жүрсiн ағам «айтыс үшiн жыланның да тiлiн тап­са», мен қазақ үшiн бәрiнiң де тiлiн түсiнем. Сен­бейсiң бе?

Мiне, ақын Есенбай Дүйсенбайұлының мен туралы эпиграммасы...

Құдаймен де әмпей,

Былаймен де әмпей.


Ұлықбек, Жүрсiн, Көпен,

Есенғали я бөтен,


Я бiр шәлгез-шәлкей...

Бәрiмен әмпей-жәмпей.


Нашар болсын қайдан:

Найман жақта – Найман.


Нағыз өзi нардың, 

Арғын жақта – Арғын.


Сүймесiн не сүйсiн, 

Үлкен үй жақта – Үйсiн.

Кiшi отауға да мәлiм:

Оралға барса – Әлiм.


Ақтау жақта – Адай,

Дей алмайсың «қалай».


Атырау жақта – Берiш,

Дей алмайсың терiс.


Қобыландыға ұқсап.

Радио жақта – Қыпшақ.


Одақ жақта – Албан,

Сөзiмде жоқ жалған.


Iшпейдi арақ, боза,

Сейхұн жақта – Қожа.


Сарысу жақта — Тама...

Бәрiне ортақ бала!

Кенет құмырсқа өзеннiң арғы жағындағы аюды бергi бетке шақырды.

– Аю аға-а-а!..

– О, не?

– Берi келiңiз.

– Онда не бар?

– Қызық!

– Қандай қызық?

– Келiңiз, сосын көресiз.

Аю бейбақ суға бiр батып, бiр шығып тұншығып жағаға әрең жеттi де:

– Қандай қызық? – дедi.

– Қараңызшы, аю аға! Арғы бетте қаншама құмырсқа жүр... Бiрақ менi қабылдамайды?

Маралтай аю мен құмырсқаны қайыққа салып алды да, құмырсқа мен құмырсқаны татуластыру үшiн арғы жаққа бет алып ескегiн есе бергенде оянып кеттi.

– Ой, пiрiм-ай! Он сегiз мың ғаламға ортақ ақын бола алам ба? – деп өз түсiн өзi жақсылыққа жо­рыды.

Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры