Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Шәкизада ӘБДIКӘРIМҰЛЫ-МАРАЛТАЙ

Шәкизада ӘБДIКӘРIМҰЛЫ-МАРАЛТАЙ

12 июль 2018, Четверг
616
0

Шәкизада ӘБДIКӘРIМҰЛЫ, ақын. Қызылорда облысы Қармақшы ауданында дүниеге келген. Қазақ ұлттық университетiнiң журналистика факультетiн бiтiрген. «Байқоңыр», «Төрткүл» өлеңдер жинағы жарық көрген.



МАРАЛТАЙ



Тiрнегiмнен тезге түсiп,

Тасқа салып топшымды,

Сайран құрдым сөзге пiсiп,

Мендей ақын жоқ-сынды.


Ару сүйдiм неше керiм,

Айдай қасын кергiзiп,

Алматының көшелерiн

Өкшемiзден өргiзiп!


Жүрдiм солай отқа айналып,

Баба-тауды бұқтырып.

Трамвайлар өттi айналып,

Төбе шашы тiк тұрып!


Жанымды ешкiм түсiнбедi,

Жанықсам да заңғарға.

Қасiретiмдi iшiмдегi

Құйып iштiм барларда.


Қызыл сөзiн қаза қылмай,

Дос табалап, қас күндеп,

Ақындардың ажалындай

Алматыдан қаштым кеп!


Жер мен көктiң аралығын 

Қиғаш iздер көктептi.

Сенi көрiп, Марал iнiм,

Ақыл айтқым кеп кеттi!


Болмысыңнан байқа, бала,

Болмыс деген — күдер шың.

Бiздiң жолды қайталама,

Қайта алмай қап жүрерсiң!


Даңқың дертке ұласқан күн,

Жүргендей бiр түс көрiп,

Ұшпағына ұлы аспанның

Ұшып кетшi құс болып!


Жылап қалсын ел ертесiн,

Құлап қалсын ұлан көк —

Қанатының көлеңкесiн

Көрсетпейтiн қыран деп!

Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры