Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ "ШЫРАҚШЫ"
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, журналист. Алматы облысы, Ақсу ауданында дүниеге келген. Қазақ ұлттық университетiн бiтiрген. Көптеген республикалық басылымдарда руханият саласы бойынша еңбек етiп жүр.
ШЫРАҚШЫ
Маралтайдың ақындық тағдыры өзiне қасiреттi болғанмен, өзгеге қызық. Өлеңдерi өгей баланың мұңын айтқанмен, өзi көңiлдi адам. «Еңкеймес еңсесiмен еркелеп енiп жүретiн» «Жас Алашына» келедi де, кездескен құрбысының бәрiне жақсы сөзiн арнап, аз-кем әңгiме көрiгiн қыздырып, көп бөгелмей тағы да бiр жаққа кетiп бара жатады. Маралтайдың иiнi босап, қажыған көңiлмен өмiр туралы әңгiме айтып тұрған кезiн көрген емеспiн. Ал бұл тақырыпта сенiң оған бiрдеңе дегенiң тiптi күлкiлi. Кiлең жабығып-қамығудан, құлазып-торығудан түзiлген жырларын тiршiлiк-тұрмысты жүрегiне жүк етiп жапсырып алған адамдарға араша-сауға сұрап жазған ба деймiн. Ақынның өлеңдерiне қара сөзбен комментарий жасап, құтын қашырып, құнын түсiргiмiз келмейдi. Ол бәрiбiр Маралтайдың екi көзiн тарс жұмып, теңселiп тұрып бiр өлең оқығанына тұра ма? «Азап пен қасiретке жүктi» ақыннан тек өлең ғана сұрау керек. Бiрақ Маралтай осы күнi өлең жаза ма өзi? Абайды қайта-қайта оқып, қайыра қолға алатынымыз сияқты, iшiңнiң түгi қалмай iрiп, жаның жаншылып бара жатқанда «мендегi мұңның бiр емi Маралтайдан табылатын едi ғой» деп «Айға» қарманасың. Алайда қайғың қалыңдай түспесе, бiр мысқал да жеңiлденбейдi. Түңiлуден басқа түк таппайсың. Сонда да, сендегi мұңның емi — сол. Жан дүниенiң азабын тоғышардың күлкiсi ешқашан жеңе алмақ емес. Редакциядағы жiгiттер: «Маралтайдың ең оптимистiк өлеңi «Оптимизм» деп аталды. Оның өзi «Бүгiнгi түн — мен үшiн ақырғы түн, Өмiрiмiнiң ажалға атын бұрдым» деп басталады. Оптимизмi осылай болғанда, пессимистiк өлеңдерi қандай екен?» деп сыртынан қалжыңдап отырады.
Маралтай тағдырымен ойнап жүрген кезiнде танымал болды. Қу тағдырға налып, «бөтелкенiң жанында отырған кезiмде бақыт менi көрмей кеттi, танымас та едi ғой» десе де, екiнiң бiрi еркелеп шыға алмайтын ақындық биiктiктi ертерек бағындырып алған Маралтайдың еш өкпелейтiн жөнi жоқ. Құдайдың көкiрегiңе салып беретiнi, өмiрден өз түйгенiң өз алдына, қай жерде жүрiп, оқуға уақыт табатынын бiлмейсiң, бiрақ оның өлеңдерiнде оқумен ғана келетiн бiлiмдiлiк бар. Шеңберге сыймайтын ой басқа қайдан келсiн?
Ақындық — Алланың сөзiн айту.
Маралтайдың дiни сауатын қаншалық, қалай жетiлдiретiнiн бiлмеймiн, мешiттегi бес жасар баланы алдаусыратқандай шалажансар уағыз айтуға ғана шамасы жететiн кейбiр дүмше молдаларға қарағанда, оның өлеңдерi әлдеқайда нанымдырақ.
Маралтайды оқығаннан кейiн мешiтке баруға болады. Бiр жақсы жерi — ақын адамға табынбайды.
Баса да бердім, қайтейiн, қате әр iздi,
Табылмай қалып жанымдыұғар жан iзгi,
Жалғанның жалған екенiн сезiп барлығы
Арларын сатып, арсыз боп кеткен тәрiздi.
Не ғыл дейсiз? Келiспеймiн деп көршi. Маралтайдың әрбiр шумақ өлеңi — адам жан дүниесiнiң сөзбен суреттеп жеткiзе алмайтын анықтамалығы. Өз басыңдағы күйдiң не екенiн бiлгiң келсе — өлең оқы. Қолынан қайран келмес жарық дүние сенiмен қосыла жылайды сонда. Жаныңның жылағаны — жарық әлемнен ақиқат тапқандығың. Құдайды кешiгiп барып таныдың. Әйтеуiр таптың.
Бiр iбiлiс, бiр перiште, бiр Құдай
Бiр жүрекке қалай сыйған,
құрғыр-ай!
Көнбес болсам көксеуiне
Алланың
Жазылмауы керек едi жыр
бұлай.
Маралтай әдеби ортада бiрден мойындалды. Өлеңiн өткiзе алмай, тыңдайтын құлақ таба алмай сенделген кезбенiң кебiн киген жоқ. Тану — танымау шарт емес, кез келген ортаға арыны басылмаған асау арғымақ кейпiмен ентелей, еркелей кiрiп келедi. Сол мекеменiң қызметкерi сол күнi жұмысқа келмеуi мүмкiн, бiрақ Маралтай ертеңгiлiк қызметiне келген сияқты еркiн жүре бередi. Есiңе алуға да ауыр тиетiн ащы өмiрдiң улы сусынын жұтып жүрген кезiн көп адам өзiнен бұрынғы ақындарға елiктегенi, ұқсағысы келгенi деп ұқты. Маралтай аңқылдап, арсалаңдап ағаларының алдынан қарсы жолыға қалса, жерге кiргiзердей жерлеп-ұрсып тұрғанын естисiң. Бiрақ солардың қай-қайсысы да жек көргендiктен, жасытқысы келгендiктен, арамдық бүгiп, аярлықпен айтпайтын. Шын жаны ашитын. Бiтiмi бөлек ақынның құрып кету қаупiне бәрi алаңдайтын, бәрi қорқатын едi. «Сен Мұқағали емессiң! Мұқағали бола алмайсың да» деген Әкiм ағасы Тарази. Маралтай ешкiмнiң тағына таласпайды, қолындағысына жармаспайды, үлкендердiң ойынына араласпайды, қорқыныш туғызбайтын, өзiмен өзi жүрген өте қауiпсiз адам. Данышпан мен ақылсызың да, арлы мен арсызың да өзiне зияны тимейтiн адамдарды жақсы көредi. Маралтайдағы адалдық қарама-қарсы қасиеттердiң алдында қашанда биiк.
Жүр, апа, үйге қайтайық,
Бұл базар менi шаршатты.
Сүйсеңiз мейiр қанатын
немереңiз бар — қанатым.
Iшудi қойғам
(қоймасам, оңбайтын болдым —
сорлайтын),
Аллаға сенем... Өзiме... кiмiм бар
басқа қолдайтын.
Рас, бүгiнгi Маралтай мүлде басқа. «Налоговая инспекция» атанып жүрген кезiнде қашып кеткен қадiрi өзiне қайта оралды. Бүкiл әдеби орта жүрегi жарылып қуанды. «Бұлбұлдың да жемсауы бар» деп Жұмекен ағасы айтпақшы, жер үстiнiң қам-қарекетiнен мың жерден ақын болса да, Маралтай да айналып өте алмайды. Үмiт күтiп, арқа сүйеген жар, болашағы ойландыратын бала бар. Мiне, бiрнеше жылдан берi Маралтай дос жазушылардың шығармашылық үйiн — өнержайды баспана етiп, тiршiлiк кешiп келе жатыр. Әйел-баласымен жалғыз өзi тұрады. Баспана деген аты. Әйтпесе, есiк-терезесiне дейiн тоналған, сынған, жарығы жоқ, жылуы жоқ, үрей туғызатын үңгiр секiлдi үйде жастық шағын өткiзiп келедi. Маралтайға үй мәселесiн шешiп беру үшiн кезiнде Жазушылар одағы акция да өткiзiп, Бекболат ағасы бәрiн де жұмылдырып едi. Сонда да жиналмады, үйге жетерлiк тиын-тебеннiң басы құралмады. Уақытында бұл өнержайда қазақтың қарымды қаламгерлерi демалып, ең таңдаулы шығармаларын жазды, жобасын сызды, жоспарын ойлады. Көп жазушылардың шығармасының соңында осы мекенжай көрсетiледi. Ал қазiр талан-таражға түсiп, талқаны шыққан жерде Маралтай жүр. Қанша тұратыны да белгiсiз. «Сiз бiздiң Сарысуға келiп пе еңiз, Сарғайған сағана там көрiп пе еңiз?» дейтiн туған жерi Сарысуы бiр жоғыңды түгендеп беремiн дегендей уәде етiп едi. Содан берi де қыс өттi, көктем кеттi, бұйыртса жаз да орталанып қалды. Маралтай ағаларының табаны тиген жерде әдебиеттiң адалдығын күзеткендей әлi отыр...