Дүйсенбек АЯШҰЛЫ "СӘЛЕМХАТ"
ақын. Қызылорда облысы Сырдария ауданында дүниеге келген. Көптеген республикалық жыр мүшәйраларының жеңiмпазы. Бiрнеше жыр кiтаптарының авторы.
СӘЛЕМХАТ
Шақырмаса да менi ешкiм өтiмдi көрiп,
Алатау жаққа тұрамын бетiмдi берiп.
Поездан түскен таныстың алдынан шығам,
Сен сәлем айтып жiберген секiлдi болып.
Кiм жек көредi хал сұрап, дос елегендi,
Достарым маған «аманмын» десе де болды.
Мен барып кеткен Алматы орнында шығар,
Мен көрiп кеткен «Жас Алаш» кеше де келдi.
Өлеңнiң жанда ұйытқан имандай үнiн
Ақиқат десе шын ақын жиған ба айылын.
Дүлейiм менiң сұрай ма бiздей басырды,
Дүниежарық секiлдi Иран-Ғайыбым.
Бақыттысың сен бағланды көгенде көрген,
Емексiп жүрген бiз мына елеңдеп елден.
Жүрегiнде ерiп тасқынның тас ағызғаны -
Мұқағалидың мұз тауы өлең деп өлген.
Нұрдың елiне сапар сап, мұңның елiне,
Араластырып жұтатын жырды демiне.
Оған да мендей достардың сәлемi қымбат,
Бiр жазда барып қайтармын Нұрлыбегiме.
Есiкте деме, ерегiм, еңселi күйiм,
Не дерсiң кесiп, өмiр ғой өлшеуi қиын.
Шығармашылық үйiнен көшем деп едiң,
Көшпей-ақ қойшы, Маралтай,
Ол — сенiң үйiң.
Бұйырса өзiң келерсiң ауылдың асы,
Көрген жоқсың ғой бiздегi қауымды расы.
Алматың емес, Сыр бойы...
Бәрiн де қойшы —
Бiзге өлең жазбау дегеннiң ауыр күнәсi.