Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Құлтөлеу МҰҚАШ «МЕНIҢ ЖЕБЕУШIМ — ҚЫЗДАР!»

Құлтөлеу МҰҚАШ «МЕНIҢ ЖЕБЕУШIМ — ҚЫЗДАР!»

09 июль 2018, Понедельник
791
0

Құлтөлеу МҰҚАШ, 

жазушы. Қара­ған­ды облысы Шет ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетi жур­на­лис­тика факульте­тi­нiң түлегi, «Сенiң терезең», «Боз­жауын» әңгiмелер жи­нағының, сон­д­ай-ақ «Хан Кене рухы», «Мәнер», «Әуестiк әле­мi» сияқты бiрқатар деректi публицистикалық танымдық-эстетикалық мақала топтамаларының авторы.



«МЕНIҢ ЖЕБЕУШIМ — ҚЫЗДАР!»


Сонау бiр ертеректерде Марал­таймен бiрге елге таны­мал суретшi достарымыздың ше­берханаларында жиi жо­лы­ғатынымыз еске түседi. Оның табиғаты тосындау жырларын тыңдаймыз. Одан у-ду әңгiме... Өмiр... Өнер... Әдебиет туралы ой толғаймыз.

Кейде онда қас қарайғанша, тiптi түн ортасы ауғанша оты­рып қалатын сәттерiмiз болады. Бiз мына шетте гулесiп, пiкiр­та­ласып отырамыз. Ал Ма­рал­тай iшiмiздегi жасы кiшiлеу болғандықтан, жуа қосқан вер­мишельдi қуырып, шай жасау­дың қамымен жүредi. Ара­сын­да алдындағы ватманға шұқ­шиып сурет салып жатады. Сонда байқайтыным, олары — кiлең бiр сұлу қыздардың кескiндерi. Ондайда ойыма марқұм Оралхан Бөкейдiң «Менiң жебеушiм -қыздар!» дейтiнi оралатын едi. 

Кейiн Маралтайдың өзi айтты, бесiншi класта жүр­генде бiр қызға ғашық болып, сыртынан ұрланып соның суретiн «салатын» кеселге душар болады. Онысын байқап қалған мұғалiмдерiнен талай ескерту де алып, бұрышқа да тұрып, таяқ та жеп көрсе керек, бiрақ әлгi әдетiн қоя алмаған. Алайда, амал не, жас ғашықтың жүрек сырын ұқпаған ол ару бойжеткен бетте-ақ басқа бiреуге ерiп кетiптi. 

Сөйтiп, бiр қыздың бейнесiн кескiндей-кескiндей суретшi болып кеткен бозбала Жамбыл пединсти­ту­ты­ның көркемсурет-графика факультетiнен бiр-ақ шы­ғады.

Маралтайдың: «Мен басында суретшi де, ақын да болуды ойлаған жоқпын. Екi арманым бар едi — бағ­бан немесе кiтапханашы болуға құмартыппын» дегенi есiмде.

Өйткен себебi, бұл туып-өскен Сарысуда алма бағы жоқ, шiркiн, бағбан болсам, алмаға армансыз бiр тояр ем-ау демей ме. Кiтапханашы болса, ешкiмнен жалынып кiтап сұрамайды, кiрiп кетiп қалаған нәрсесiн оқи бередi...

Көпшiлiк өнер адамдары секiлдi мұның да тез ғашық болатын мiнезiн қу қыздар бiрден байқап қоя ма, олар­дың денi қаншама суреттерi салынғанымен, бiр ғана жымиып, «жауап қатудан» аспай, өзге бiреулердiң же­тегiне iлесе берген сияқты. Әрине, бұл арада өлеңмен қаншама хаттар да жазылады ғой оларға... Солайша суретшi бала бiртiндеп кәдiмгi ақын да бола бастаға­нын аңғармайды. Қыздардың бәрi бiрдей қатыгез емес шығар, ақын жiгiттi өздерi де ұнатқан арулар көп... сөз жоқ... 

Бәрiбiр суретшiлiк әуестiктi тастай алмады.

Ал кейiн баяғы бала кезгi арманының екеуi де орын­­далған. Маралтай пәтер алғанша ұзақ уақыт Жазушылардың шығармашылық үйiнде тұрды. Онда алма бағы да бар, кiтап та жеткiлiктi. Сөйтiп, ежелгi жыраулық дәстүр мен жаңашыл жырдың арасынан шыққандай арынды өлеңiн жазып қойып жүрiп жатыр. Анда-санда алғаш сәби сезiмiн селт еткiзген сонау бесiншi сыныптағы сүйкiмдi сары қызды ойлап қоятыны бар. Ондайда қаптаған суреттерiне қарайды... 

Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры