Қали СӘРСЕНБАЙ "АРТЫҒАЛИДЫҢ ОРНЫН БАСҚАН ОҒЛАНЫМ"
Қали СӘРСЕНБАЙ, жазушы. Жамбыл облысы Сарысу ауданында дүниеге келген. Президент сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткерi. «Құрмет» орденiнiң иегерi.
АРТЫҒАЛИДЫҢ ОРНЫН БАСҚАН ОҒЛАНЫМ
Тұлпардың тұлпарлығы тай кезiнен бiлiнетiнi рас. Қазiр жұртшылыққа едәуiр танылып қалған Маралтай Ыбыраев әу бастан құдiреттi өнердiң бiр дарынды өкiлi боларына шүбәсiз сенетiнмiн. Солай болды да.
Маралтай әу баста суретшi едi. Жамбылдың педагогика институтының сурет-графика факультетiнде оқып жүргенiн бiлетiнмiн. Бәлкiм, осы саланы iндете бергенде, одан сұңғыла суретшi шыққан болар ма едi. Қалай болғанда да, мен оның суретшi болғанын қаладым. Жан-жүрегiммен қаладым. Әринее, ақындықты қимай отырғаным жоқ. Дау жоқ, аса дарынды ақын. Бiрақ неге суретшi болғанын қаладым деңiзшi?!
Табиғаты бiрде буырқанған, бiрде анық-қанық бояуларға тұнып тұрған Маралтайдың кiндiк қаны тамған Сарысу өңiрi әуелден тектi туған, жаратылысы, бiтiм-болмысы бөлек дарындарға кенде емес. Атақты Ықылас қобызшыдан бастап небiр ақын-жазушы, актер, әншi, композитор бәрi-бәрi бар. Бiрақ суретшi шықпады. Бәлкiм, талаптанып көрген бiрлi-жарымы болған шығар, алайда оза шауып, даңқы кеткен жоқ.
Шукшинде «Ең байқампаз халық — балалар, сонан соң суретшiлер» деген сөз бар. Әуелде суретшiлiкке бет бұрған Маралтайдың тұла бойында бiрнеше өнердiң бұлақ көзiнiң бұлқынып жатқанына жылдар өткен соң барып көз жеткiзiп жүрмiз. Суретшiлiк байқампаздық бәрiбiр оның өлеңдерiне көштi. Атақты суретшiлер автопортреттi, портреттi қалай жазса, бұның өлеңдерi де сондай өзiнiң буырқанысқа толы бояулары, iшкi иiрiмдерi, қарама-қайшылық, кереғарлықтарымен дараланды. Қысқасы, оның поэзиясында егiз стихиялар қатар өрiлiп, өртенiп жатты. Жылатады, жұбатады, күрсiндiредi, құлазытады, өзiн-өзi жардан да, құздан да лақтырады. Әйтеуiр бiр тұңғиық, терең. Өзiм көргем жоқ, естуiмше, Маралтай қобызды жақсы тартады дейдi. Болса болар, жұртты мойындатып үлгiрген поэзиясына қобыз сарыны мен домбыраның дауысы тән. Қоңыр әуен, қоңыр саз, гөй-гөй...
Мына бiр «Жас Алаш» (Нұртөре Жүсiпке) деген өлеңiн оқып көрiңiз.
Тектi ұл деп, әлде тексiз деп,
Сұрамай менiң затымды.
Жырымды тұңғыш бастырып,
Алашқа жайған атымды.
(Бұрқ еткен ыстық жасымдай,
Жасындай — жырым алғашқы
Алғашқы махаббатымдай,
Тебiренте ешкiм алмас-ты!)
Ол кезде сезiм мол едi,
Шарапқа бөгiп санасыз.
Дәлiзiңде де қондым сан,
Қаңғырып, қажып панасыз.
Басатын тау мен тас қалмай,
Сансырап, шаршап келгенде,
«Басымды жазды» жiгiттер,
Жанымды ұғып шерменде.
Тiсiмдi қағып милиция,
Жыртылып жағам қан-қан боп,
Жүргенде саған сүйендiм
Тағдырым быт-шыт талқан боп.
Бұлдыр да бұлдыр ол күннен
Бұл күнде, рас, жалыққам,
Тағы да сонда сен тұрдың
Сүйiншi сұрап халықтан.
Тағдырмен ойнап болдым мен,
Жалғанға кiм бар бойлаған.
Қазама көңiл бiлдiрiп,
Тойымды бiрге тойлаған.
Алматыдағы санаулы
Қара шаңырақтың бiрi едiң.
Еңкеймес мынау еңсеммен
Еркелеп енiп жүретiн.
Талант дегеннiң бiр баламасы тағдыр болса, бұл қасқаңыздың да таланттардың бәрi төңiректейтiн Алматыға аяқ басқалы берi сол әлгi тағдырыңыздан көрген құқайы аз емес. Басын тауға да, тасқа да соқты. Әрине, жастықтың, мастықтың әсерi ғой дей салуға да болады. Бiрақ Маралтайға олай қарай алмайсың. Бұл жай бiр бозбала, бозөкпе емес, қайралған қылыш, намыс едi. Жастықтың желiгi мен дүниеге сыймай жүрген таланттың тегеурiнiн шатыстырудың қажетi жоқ. Маралтай жас та болса кешегi күндей күркiреп өткен көкелерi Мұқағали, Төлеужан, Артығалидың соқпағымен де жүрiп көредi. Жебесiн күмiс бұлаққа бiр малып алып, адырнасын аңырата тартып, өзiн-өзi отқа лақтырған, оққа байлаған бағлан.
Неге екенiн қайдам, бәлкiм, көңiл түкпiрiндегi алапат аңсарлар, сырлы сағыныштар, жылы ағыстар бұлқынып айтқыза ма, ояна ма, Маралтайды көрген сайын Артығали есiме түседi. Қазақтың Есенинiндей көркем қазақ Артығалидың орнын толтыруға келгендей көрiнедi де тұрады. Әлгiнде айттық қой, талантты адам тағдырлы келедi. Маралтай да шын ақынға тән тағдырдың сыйын бiр кiсiдей көрдi. Бiрақ Артығалидың арманын жалғады деп бiлемiн. Ендiгi тiлегiм Артығалидың орнына келген оғланым сол аппақ арманды алысқа апарса деймiн.
Дүлей рухты дию — Врубельдей, батыр бабамыз Едiлдiң (Аттилла) болмысын бүкiл Еуропаға әйгiлеген алапат рухтың иесi Делакруадай, өте жұмбақ, суреттi сазбен салатын Чюрленистей суретшi болмаса да (бұл ұлы тұлғаларды айтып отырған себебiм, Маралтайдың бойында осындай қасиеттер жетерлiк, мүмкiндiгi зор) Маралтай осының бәрiн поэзияға алып келген ақын болды.
Мен аңсаған суретшiлiк, суреткерлiк Маралтай поэзиясында салтанат құрып, барақаттанып барады. Ол әуелде теңiзге қайық салғандай едi. Ал қазiр сол қайығы желкенiн керiп, алып ақ кемеге айналып алысқа тартып барады. Перiлiк пен серiлiктiң әлдекiмдерден бұрын татып үлгерген ол қазiр дегдарлыққа маңдайын сүйеп, даналықтың ауылына ат басын бұрған кезi.
Кейде көз алдыңа кешегi Маралтай мен бүгiнгi Маралтай келедi. Ол екiге жарылып барып қайта бүтiнге айналады.
Ақынның кешегi «Автопортретiн» оқиықшы:
Сүлеймендей аң мен құсқа зар айтып,
Өз басымды өз жырыммен қарайтып,
Опат болып оты сөнген ғаламдай,
Жанға дәру бiр сәуленi таба алмай.
Ойларымды жинай алмай шашылған,
Мен Уақыттың өтiп барам қасынан.
Мұң түбiнен дос таппаған мұңлықтай,
Ар түбiнен жар iздеген зарлықтай,
Қаңырадым сауап емес, обалдан,
Тәж-Махалдай жаһұттары тоналған.
Менiң жаным сүйкiмдi бiр ботаның
Жүрегiне түсiп кеттi, о жалған.
Көр iшiнен тәнiмдi ертiп келем Мен,
Жанымды iздеп жер бетiнде жоғалған.
Сәуiрдегi қар астында қалған гүл,
Ол да мендей, қауызында арман тұр.
Армансызға орын тимес жалғаннан,
Мен де көптiң бiрiмiн бе алданған?!
Шөл шөбiндей тамыр тарттым тереңдеп,
Ажалымның арашасы — өлең деп.
Не бүлдiрдiм, не тындырдым, кiммiн — Мен,
Отызға кеп иек сүйеп тұрмын Мен.
Бар ма, жоқ па бұл өмiрге керегiм,
Мен не дедiм, сен не дейсiң өлеңiм?
Достарым да, дұшпаным да байқаған
Мен бiр iстiң ақиқатын айта алам.
Арасында фәни менен бақидың
Менiң iзiм жол боп қалды ел танитын.
Қыл iшегiне шыбын қонса, мұң құлап,
Қоя берер сай-сүйегiң сырқырап.
Сүтке тамған қызыл түстi сиядай,
Менiң қобыз жүрегiмнiң қияғы — Ай.
Жанарларын құбылаға қадаған,
Жайнамазын төсек еткен бар адам,
Жан аурасы шайқалмаған жарандар,
Мен өзiме ұқсаймын ба, қараңдар!
Ал мынау Маралтайдың одан сайын тереңдеп бара жатқан, шапқан сайын түлеген бүгiнгi болмысы:
...Тарпаң тұлғалы, кiсi бейнелi
Бабалар бүгiн түсiме енбейдi.
Солардан қалған жүрек қой мынау —
Жүрегiм неге кiсiнемейдi?
Пұшайман халiм өртедi менi.
Қылқобыз кеудем шертедi ненi?
Жал бiттi
кенет… жотама менiң,
Оқиғадағыдай ертегiдегi.
Ғаламат солай басталып бiр сәт,
Құйғытып кеттiм тастарды турап.
Атылдым көкке жай сияқтанып,
Тұяғым алтын — Ай сияқтанып…
Алапам тасып,
ақырып,
төнiп,
Аруағымды шақырып келiп:
Шығысқа қарай адырна тарттым,
Жар болса Тәңiр, ақырын берiп!
Маралтайда арнау өлеңдер баршылық. Бұл да арнау болғанмен де, ақынның өзi. Поэзия дегенiмiздiң өзi арнау ғой. Өлең арнаудан, аңсаудан, сағынудан туады. Мәселе кiмге, қалай арналады сонда, әрине.
Сөз жоқ, Маралтайдың өлеңдерi, жазу мәнерi кешегi жыраулық поэзияның нәзира үлгiсiмен ұштасады. Махамбетше мақамдап, ақтамбердiше алаң-алаң күй кешiп, аңыратып, шалкиiзше шалқиды.
Маралтайды оқыған сайын бiр ысып, бiр суып, маңғаз күй кешiп, әлдебiр жаққа маңып бара жатасың.