Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Илья ЖАҚАНОВ "МАРАЛТАЙ"

Илья ЖАҚАНОВ "МАРАЛТАЙ"

12 июль 2018, Четверг
1 090
0

Илья ЖАҚАНОВ, жазушы, сазгер. Жамбыл облысы Сарысу ауданында дү­ниеге келген. Қазақ мемле­кет­тiк уни­вер­сите­тi­нiң филология фа­­куль­те­тiн бi­­тiрген. Қа­зақ КСР-нiң еңбек сiңiр­­ген мәдениет қызметкерi, Қыр­­ғызстанның еңбек сiңiрген мә­­дениет қай­ра­т­керi, Әлеу­мет­тiк ғылымдар акаде­мия­сының құр­мет­тi академигi, Қазақстанның еңбек сiңiрген мәде­ниет қайрат­керi, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегерi. 


МАРАЛТАЙ


Маралтай... оның әр жаңа өлеңi шыққанда қара нөсер сабалаған тұңғиық түнде жарқ ете түскен найзағай секiлдi ме­нi оқыс елең еткiзедi. Мұн­дай се­зiм менде сирек... өте сирек кез­деседi. Себебi ақын көп, өлең де көп, соның бәрi тып-ты­ныш булығып жүрген марғау көңiлдi қозғай берсе, қанi?

Маралтай жап-жас ғұмы­рын­­да: 

Аядай ғана айналып болмас 

жасымда:

Түлкiнi көргем 

мәз болып күлген миықтан,

Қаншықты көргем қорқауларменен ұйыққан,

Қартайған шақта қиядан құлап өлетiн

Қыранды көрiп, көзiнен сұмдық күй ұққам.

Бұлбұлды көргем көкектер үшiн ұялған,

Есектi көргем тұлпардан озып сый алған.

Мегежiн көргем ақылды туған бiрегей,

Қарызға сұрап тауықтан титтей ми алған.

Борсықты көргем қарны мен мойны бiр бiткен,

Қандендi көргем пiлдердi үрiп үркiткен.

Күлейiн десем, көзiмнен қаным тамады-ау,

Қарғалар әлi ойнап жүр көкте бүркiтпен,

Безiндiм мен де мына бiр қара қоғамнан,

Әдiлет iздеп жүрiппiн бекер заманнан, – 

деп жүрегi талықсып, қаны қарайып, ақша мен боқ дүниеге арын сатқан тоғышар қоғамнан торығады уһiлеп.

Ал, мен болсам, Карл Маркстiң: «Они (деньги) прев­ращают верность в измену, любовь в ненависть, ненависть в любовь, добродетель в порок, порок в добродетель, раба в господина, господина в раба, глупость в ум, ум в глупость... Они представляют собой всеобщее смещение и подмену всех вещей, то есть мир навыворот, перетасовку и подмену всех природных и человеческих качеств!» — дейтiн сөзiн қанымды iшке тартып, сұрланып отырып еске алам.

Карл Маркс осы ойын «ақша билеген қоғамда бәрi сатылады, бәрi сатылып алынады» деп күңiрене толғайды. Бүгiнде осы сөздi тек ақындар ғана... көп ақыннан болмысы бөлек Маралтай айтып жүр. Жұдырықтай жүрегi қансыраған қоламта, талықсытқан наз-нала, өзегiн өртеген зар-запыран... тұрлаусыз дүниенi быт-шыт қылғысы келедi, дәрменi жоқ. Сөзiн ұғар кiмi бар? Ар-ұждан тапталып жатыр. Осының бәрi «Кентавр» кiтабында. «Бал» деп iшкенi «у» болып шығады. «Таң» деп құшақ жайғаны «қап-қара» түнек түн. «Гүл» деп емiренгенi бетiн жыртқан «тiкенек». «Жар» деп сүйгенi өз төсегiнен өзi безiнген «сайқал». «Тау» деп жүргенi әншейiн бiр «төбешiк». «Елiм» деп кеуде қаққандар қарақан басы мен мансабының құлы. Ал, бұл Маралтай болса:

А, дариға,

Батар Күнге бататын,

Ант етейiн атар таңға ататын.

Күллi Әлемдi тiзерлетер алдыңа —

Мына Менмiн, айналайын, Отаным!


Қатер төнсе қазақ дейтiн ұлысқа,

Қаламымды айырбастап қылышқа,

Сенiң қаның менiң қаным болған соң,

Ең бiрiншi мен кiрермiн ұрысқа.


Мен туғанмын —

Ер Мұхаммед өлген күн.

Мен болмасам, 

жүрегiңдi емдер кiм?!

Хақ Мұхаммед айтып кеткен кешегi:

Келедi деп…

Келген ақын,

сол — Менмiн! — 

деп дүн-дүниенiң иесi өзi секiлдi, бәр-бәрiн елең еткiзiп, дананы да, шаланы да ойландыра табындырып, жан-жағын қағып-сiлкiп, дүр сiлкiндiредi. Тек... тек қана жалын шарпыған өз аузына қаратады. Құр әшейiн қосақта жүрген көп ақынның бiрi болса, оған ешкiм де қарамас едi, не десеңiз де, бұл Маралтай жарық дүние, адамдар назарын өзiне бұлтартпай бұрып отыр, ерiксiз. Осы айбыны, осы қайратымен: 

Бiр ғажап рух ғарыштан келiп,

Дұшпанмен бабам алысқан дедiк.

Сүйемдей жерге сүйегiн берген

Арыстар туып, намыстан өлiп.


...Тарпаң тұлғалы, кiсi бейнелi

Бабалар бүгiн түсiме енбейдi.

Солардан қалған жүрек қой мынау — 

Жүрегiм неге кiсiнемейдi? — 

деп рухты демеп, осы рухпен «қой үстiнде бозторғай жұмыртқалаған» алтын заманды жайнатқысы келедi. Осылайша булығып, өз дiлiмен өзi арпалысып, бейопа жалғаннан өз орнын тапқысы келiп, ғазиз басын тауға да, тасқа да соғып:

Мендей-ақ сүйсiн, қоғамын сүйсе кiм егер,

Қоғамың азса, айтпай-ақ бәрiн бiле бер.

Құдайдың, әттең, қуаты жоқ қой қолымда,

Пенденiң бәрiн пайғамбар етiп жiберер, — 

деп, дауылды күнi аспанды теуiп, күркiреген Күнге дүлей аккордтарын жалғап жiберген Бетховен секiлдi бұлқан-талқан боп бүлiнедi.

Осы бiр сөздерiне қарап, Маралтайды өзiнен бұрынғы ешбiр ақынға шәкiрт еткiм келмейдi. «Менмiн» дейтiн ақынның көлеңкесiне зәру де емес. Өз болмысымен туа салған бiр бiтiм. 

Сүлеймендей аң мен құсқа зар айтып,

Өз басымды өз жырыммен қарайтып,

Опат болып оты сөнген ғаламдай,

Жанға дәру бiр сәуленi таба алмай.

Ойларымды жинай алмай шашылған,

Мен Уақыттың өтiп барам қасынан, — 

деп, өз мезгiлiнен озып бара жатқан сирек құбылыс ол.

Маралтайдың дiлi мен дiтi мына бiр жайды еске түсiредi: Он бес-он алтыға ендi ғана iлiккен Бетховен сол кездерде атағы жер жарған Моцартқа келiп: — Сiзден дәрiс алам! — дейдi, еш бүгежектеп, қымсынбай.

Моцарт тәкаппар мiнезбен: — Импровизация жасап көршi, — дейдi, онша менсiнiңкiремей.

Бетховен ай-шайға қарамай рояль клавишасын судай сапырып, ағыл-тегiл әуез төккенде, өзiн-өзi тоқтата алмай, аласұра шалқиды. Импровизацияда ешкiмге дес бер­мей­тiн Моцарт есi шығып, оның асау арынын зорға... зор­ға тежейдi.

Кейiн Моцарт симфонияның ұлы атасы Гайднға: — Мына Бетховен дүниенi таң-тамаша қалдыруға келiптi! — деп жағасын ұстап, табына сөйлептi.

Бүгiнде сол Бетховен Гайдн, Моцарт симфонизмiн классиканың экстазына көтерген жалғыз құдiрет!

Маралтай да мына дүниенiң таңғалдыруға келiптi. Оның:

Құдай — Көкте,

Мен — Жердемiн, Жердегi -

Қаламымда тағдырымның кермегi.

Маңдайыма тұрып қалған ағып кеп

Ғасырлардың айғыз-айғыз өрнегi.

Кермегiнде кешегiмнiң зәрi бар,

Өрнегiмде өмiрiмнiң зары бар.

Боздар болса, мен боздайын ботадай,

Жүрегiмде аруана елдiң қаны бар, — 

дейтiн сөзiн қай ақын айтып көрдi екен? Өзi жаза алмаған осы сөздi Маралтайдың өзiне қимай, небiр ақын iшқұста боп жылаған да шығар iшiнен.

Бұл — сол Маралтай!

Поэзия кеңiстiгiнде жанып тұрған бiр жұлдыз — осы Маралтай!

Сонау Гете мен Мақтымқұлы, Лермонтов пен Абай, Қа­сым мен Мұқағалилар «айтсам» деген кей сөздi Маралтай айта алатын секiлдi. Бұл оған Тәңiр мен Тағдыр аманаты! Маралтайдың жүгi жеңiл жүк емес, өте... өте ауыр жүк. Көретiн мехнаты мен азабы да алда әлi. Бетховен: «Қасiрет кеп есiгiңдi қақса, есiгiңдi аш та, жағаласа түс! Қалайда жеңiп шық!» — дейдi. Осы мiнез Маралтайда да бар. Шегiнбейдi. Жеңiле қоймайды. Берiлмейдi де. Тәнi әлсiресе, рухы зор. Бетховен екеуi жарық дүниенi таңғалдыра, табындыра келген бiр болмыс!

Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры