Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Жанарбек ӘШIМЖАН "ТАҒДЫРЛЫ МАҚАМ"

Жанарбек ӘШIМЖАН "ТАҒДЫРЛЫ МАҚАМ"

09 июль 2018, Понедельник
931
0

Жанарбек ӘШIМЖАН, 

ақын. Алматы облысы Кеген ауданында туған. Халықаралық «Шабыт» фестивалiнiң лауреаты. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерi. Көптеген республикалық жыр мүшәйраларының жеңiмпазы.







Тағдырлы мақам


Маралтаймен ең алғаш 1993 жылы жазда, ҚазҰУ-ға оқуға тапсыруға келген жылы, Абылай хан даңғылы мен Гоголь кө­ше­сiнiң қиылысындағы «Раду­га» дейтiн дүкеннiң жертө­ле­сiнде таныстық. Ортақ таны­сы­мыз тоқайластырған. Оңы мен солын танып үлгермеген жас бозбалаға алғашқы дидарласу қызық әсер қалдырды. Ақын мазасыздау кейiпте көрiндi. Ара-тұра тiсiн шықырлатып қойып, күтiмсiздеу қалың бұйра шашын сiлкiп тастап, көзiн жұмып алып өлең оқиды екен. Көнетоздау жасыл кәстөмiнiң етегiн темекi тұқылы ойып тастапты. Кәстөм түгiл, бiр-бiрiне өткел бермей тұрған қос қоғамның етегiн әлеуметтiк ағыстар шайып жатқан аласапыран шақ едi ғой. Мен бұған дейiн Маралтай ақын туралы ес­тiмегем. Дәл сол тұста Нұрлан Мәукенұлы бас­қа­­ра­тын републикалық «Жас қазақ» газетiнде ақын Исраил Сапарбайдың «Хат жаздым қалам алып Ма­рал­­тайға!» атты ақжарма жырлары жарияланған. Газеттiң келесi санында ақын ағаның алаң жырларына Маралтай да үн қатыпты.

Қалам алып хат жазыпсыз қағазға,

Бiр бет өлең бақ бола ма бағы азға.

Сый бола ма күйi қашқан бәңгiге,

Ми бола ма ақылы аздау сабазға.


... Iшу керек, сiз де iшiңiз, iшем мен,

Кещелердi көрiп күнде күшенген.

Тәңiр танып сипағанша мандайдан,

Ажал келiп әкеткенше кiсенмен, — 

деп келетiн жыр жолдары бар болатын. Маралтай әлдебiр шаруамен Мақатаев көшесiнiң бойындағы, қазiргi «Атамұра» орналасқан баспаханаға баратын болды. Шойын жол орналасқан көшемен жаяу iлбiп келемiз. Дiттеген жерге келгенде «сен осы қақпа алдында күт, мен жеделдетiп шығам» деген-дi. Сол кеткеннен мол кеттi. 


* * *

Аунап ай, жылжып жыл өттi. Алғашқы талапкерлiк жылдар табысты болмады. Емтихан сынақтарынан екi жылда да етпеттеп кеттiк. 1995 жылы ғана журфактың босағасынан бұлт сейiлдi. Студенттiк билеттi қолға алған шақта қалашықта Маралтай жайлы аңыз-шыны аралас әңгiме гулеп тұр екен. «Маралтай молада тұрады-мыс», «Маралтай iшпесе жаза алмайды екен», «Маралтай бақилық болыпты»... Санама сарт ете қалды. «Құдай-ау, мынау баяғы менi баспахана қақпасының алдына «қағып» кеткен ақын емес пе!».

...Аудиторияға бойымыз үйренiп, алғашқы семестрдiң сеңi бұзылып, жер лайсаңдана бастаған көктемнiң беймаза күндерiнiң бiрiнде «Маралтай қалашықта жүр екен» деген әңгiме гу ете қалды. Бiлiм қуған бiрiншi курс­қа бәрi таңсық. Айтып ауыз жиғанша болған жоқ, сонау Жамбылда жүрген Маралтай дауылдатып, жауын­датып 5-жатақханаға кiрiп келдi. Баяғы Маралтаймен қайта таныстық. Әне-мiне оқуларын тауысқалы тұрған Сағындық Рзахметов, Сәндiбек Жұбаниязов, Бекжан Әшiр­баев, Әмiрхан Балқыбек, Оразәлi Баймұрат алыстан сағындырып келген ақынды 307-бөлмеде қарсы алды. Әлiбек Шегебаев бастаған жас жiгiттер «асай-мүсейiн» рет­теген боп жүрмiз. Жұқа қалтамен жұпыны үстел жайыл­ды. Жатақхана азан-қазан. Бiрiнен бiрi жұлып әк­е­тiп өлең оқиды. Әлiбек гитарамен сызылтып әдемi әндердi салды. Отырыстың аяғы Маралтай ақынның «бенефисiне» айналып жүре бердi... Маралтай суреттi де шебер салады екен. Бас сұққан бөлмесiнiң керегесiне қас пен көздiң арасында жалғыз көздi арудың суретiн салады да жүре бередi.

Өлеңге, өнерге деген құрметi бөлек, қауырсын қаламы қатая қоймаған бiр топ жас Маралтайдың соңына iлестi. Аудиториядан мән, сабақтан сән кеттi. Ал жатақхана бөлмелерiнде аққу ұшып, қаз қонып жүр. ...Иә, рас, Эзоп пен Крыловты, Луначарский мен Салтыков-Щедриндi жетi атамыз секiлдi сұраған жерiнде сайрап берiп тұрған соң, Темiрбек ұстаз Қожакеевтiң де көңiлi жай. Кейде Мәкең салып-ұрып аудиторияға кiрiп келедi. Маралтай «жасақтарына» жанашырлық танытып, көп кеңшiлiк жасаған ұстаздарымыз - белгiлi ақындар Бауыржан Жақып пен Темiрғали Көпбаев. Сөйтiп, Маралтай күндiзгi бөлiмдегi және сырттай оқитын жiгiттердi ертiп алып ақын ағалардың үйiне жорыққа шықты. Есiмдерiне сырттай қанық болып жүрген көптеген ақын-жазушылармен сол тұста таныстық. Iшкi есеп те жоқ емес, таныса барып «табыспен» қайту. 1 мамыр күнi Мұратбаев көшесiнде тұратын көрнектi ақын Ұлықбек Есдәулеттi туған күнiмен құттықтауға шұрқырап барғанымыз әлi есiмде. Қалашыққа жақын болған соң ба, мәдениеттанушы һәм ақын Әуезхан Қодардың «Весновканың» бойындағы үйiне сан рет бардық. Жатақ комендантының көңiл-күйi болмаған кездерi Маралтай жаяу-жалпылап, белшеден балшық кешiп Әбубәкiр Қайран ақынның үйiне тартады. Маралтайдың меселiн керi қайтарған ақынды, сiрә, көр­медiк, бөтекесi бос болған сол бiр тар кезең — кең екен ғой... бәлки, бiз жолыққан адамдардың пейiлi көл-дария. Марқұм Ғабиден Құлахметтiң Маралтайды өбек­теп, жанқалтасына ақша тығып жатқанын сан рет көрдiк.

«Кеңсайдың» қолтығындағы ұлы әруақтарға сан рет барып тәу еттiк. Әлгi бiр «Әдилә» дейтiн әйгiлi аза-жырдың сондай бiр зират аралап жүрген шағында шыққанын айтты Маралтай. Тарихын баяндайды, боздатып отырып оқиды. Аза бойыңды қаза қылады. Сондай бiр өң мен түстiң ортасында жүрген сортаң күндердiң бiрiнде Тараздан Маралтайды қазақтың талантты ақыны, марқұм Серiк Томановтың iздеп келгенiн көрдiк. Ол да сол бурадай буырқанып кеткен шағында өлеңнiң өркешiмен Алматы тартатын болса керек. 

Ақ көңiл басым, ақ көңiл басым,

Тоқтам болмайды-ау ақтарылғасын.

Жабы тiрлiктi жақтан ұрғасын,

Қайырылмай кеттi бақ-қарындасым, — 

деп байсал тартар шағында шашына қырау байлаған ақынның жырларын да тыңдадық. 

Сол бiр кезеңдер Маралтай Ыбыраевтың «Зоология­лық терминдер» мен «Қызыл өлеңнiң» ортасында сен­де­лiп, басын тасқа да, тауға да соғып жүрген сұрапыл шағы, өзiн де, өзгенi де аямай, өлеңiн ғана аялап жүрген кезi екен. «Қан мен сүтке иленген» тағдырын жырға қашап, таңғы асы — Тәңiрден бұйырып жүрген шағы екен. Ата-анасын, аға-бауырларын арғы дүниеге беймезгiл шақта аттандырған ақынның тағдырын ептеп сезiнiп қалғандай болдық. Шын мәнiнде Маралтай өзiнiң тағдырымен де, шығармашылығымен де, жүрiс-тұрысымен де әдеби ортаны өзiне жалт қаратты. Жастардың Маралтайға елiктеу дәуiрi басталғандай көрiндi, былай қарасаңыз тiптi де кiсi қызығатын өмiр емес. Екi жастың бiрiне келмей жақындарынан айырылған, түскен оқуда тұрақ таппаған, өз қолымен құрған ошақтың оты ерте сөнген, Жамбыл мен Алматының ортасындағы күре жолдың аңқасын кептiрген кебiсi жыртық кезбе тағдыр кiмге үлгi болғандай? Бiрақ сол тұстағы ең «модный» ақын - Маралтай! Студенттер қауымы Маралтайдың өлеңдерi шыққан басылымды қолдан-қолға тигiзбей оқыды. Демек, айыл бауы үзiлiп барып қайта жалғанған, жеке отау құрғанымен есiгiн қай жақтан ашарын бiлмей тұрған қоғамның шығармашылық кеңiстiгiнiң жыртығын ауыр тағдырлар мен жақсы жырға деген жан құмарлығы ғана жамап тұрса керек.


* * *

Ең алғашқы қасиеттi сөз көктен түстi. Адамзатқа бағдаршам болған — сол төрт кiтап! Ал, одан кейiнгi үлкен сөздi тасқа қашаған ұлы билеушiлер мен баһадүрлер — Күлтегiн мен Тоныкөк. Туған ай - тураған ет, бөрiлi байрақты бiрiнен бiрi ала қашқан жаугершiлiк кезеңдер уақыт ағысын жеделдеттi. Аспан астын ақырып сұраған Көк түрiктер жүзжылдықтардың апшысын алаңсыз қуырды. Алтынға малынған ұлы бабаларды арқасына мiнгiзген асыл тұқымды тұлпарлардың тұяғымен жазылған тарих жылдам аунады. Жебе адырнадан керiлiп үлгенше ұлы өнер Майқының көмейiне барып қонақтаған. Сөз иесiн тапты, жорықтар жүйесiн тапты. Жер бетiн картасыз басып алып жатқан сондай бiр қиянкескi шақтарда тарих санасына сөз ұстаған қолбасшылар келдi. Кешегi ақырып теңдiк сұраған Шалкиiз, Доспанбет, Ақтамбердi, Қазтуған жыраулар мен зар-заман ақындары солардың сарқыншағы едi. Бұдан кейiнгi кептiң бәрi сарай маңындағы тарихшылар мен ажал аузынан аман қалып, жерошағын қыздырған темiршi-ұсталарға мәлiм. Ат арыған, тон тозған кезеңдер келдi. Жерорта теңiзi мен Ұлы қорғанның арасында алдаспанын қапысыз сермеген ұлы бабалар бiрде қолдан, бiрде жолдан шетiнен ажал жастығына бас қойды. Қараойда қалғып кетiп, қапыда басы домалап түскен соңғы батыр-жырау Махамбет! Бекетайдың құмындағы дауыл тыншып, тiлерсекке тұсау, басқа ноқта байланып, асаулық адыра қалған өлара шақта түгел сөз Қарауылға көш түзеген. Қазақтың таңдайына бiткен асыл сөз арнасын бұзып-жарып, ақтарылған қалпы ұлы Абайдың ауласына келiп түнедi. Тоқтатқан Құнанбайдың баласы. Сол Абай жазып қалдырған жалғыз кiтапты ғасыр бойы таратып, талдап тарихқа қаттап кеткен ұлы тұлғаларда есеп жоқ. Атылды, асылды. Не баласыз, я моласыз қалғандары қаншама? Жан беру оңай ма? Бiрiнiң сыртынан бiрi ашыла сайрағандарын да замана желi бүгiнге жеткiздi. Өздерi өлдi, сөздерi қалды. Қалай болған күнде де ұлт мұраты жолында өзiнше жол тапқан Алаш арыстарының бәрiнiң әруақтарына мың тағзым! Кеңестiң керзiсiн киiп жүрiп алакөлеңке қоғамда қалам ұстаған шеберлер жайлы бөлек әңгiме. Жалаң аяқ жар кештi, қызыл аяқ қыр кештi. Әркiм өз шеберханасында отырып алып небiр сұрапыл образдар жасады. Қызыл үкiметтiң тарымында жүрген қазақ халқының арман-мұратын жырлады, жазды. Қазақ әдебиетiнiң алтын дәуiрiн солар жасады. Сөздiң жiгiн бұзбай, бұтарламай, бұра тартпай 86-дан кейiнгi ұрпаққа эстафетаны сәттi тапсырып бердi. Әрине, бұлар сөреде тұрғандар емес, тек ұлы аламанның кезектi айналымындағы бабы әрқилы жүйрiктер едi. Кеңес күйреп, қазақ жеке отау құра бастаған қос жүйенiң астаң-кестең ағысында тұрып үлкен мiндет атқарған, бiрақ лайықты бағасы әлi күнге берiлмей келе жатқан, жуан ортасында Нұрлан Мәукенұлы, Әбубәкiр Қайран, Ғалым Жайлыбай, Бауыржан Үсенов, Болат Үсенбаев, Светқали Нұржанов, Сабыр Адай, Бауыржан Жақып, Асқар Алтай, Нұрғали Ораз, Қайрат Әлiмбек, Темiрғали Көпбаев, Гүлнар Салықбай, Амантай Шәрiп сынды белгiлi қаламгерлер құраған буынға деген кейiнгi Маралтай Ыбыраев, Жарас Сәрсек, Әмiрхан Балқыбек бастаған толқынның iлтипаты бөлек болуға тиiс. Себебi, әдеби процестердiң алмасу кезiндегi жауапкершiлiктi осы екi буын өткелден әдемi алып өттi. Сарайлардың аузына қара құлып түскен шақта өлең-сөздiң көшiн көшеге шөгерген 90-жылғылар қандай үлкен әдеби миссия атқарғанын өздерi де кейiндеу сезсе керек... Жыр жорығында шеп құрған бұл қатарда Бауыржан Бабажанұлы, Батырболат Айтболатұлы, Сәндiбек Жұбаниязов, Қазбек Құттымұратұлы, Сағындық Рзахметовтердiң де есiмдерiн құрметпен атауға тиiспiз. Жорық шығынсыз болған ба? Өлеңнiң ашық теңiзiне шала керiлген желкенмен сапар шеккен кезектi бiр жорықта Әдiл Ботпановтың қайтпай қалғанын бiзге Жарас Сәрсек ақын айтты...


* * *

«Толқыннан толқын туады» дейтiн ұжымдық жи­нақ­тағы жырларға тұшына алмай жүргенде, Марал­тайдың «Ай-Нұр» атты айдың қиығындай ғана тұңғыш жинағы жарық көрдi. Бұл кiтап оқырман үшiн өлең жинағы болғанмен, Маралтай үшiн — төлқұжат десе де болады. Құжат атаулыдан жұрдай ақынды милиция сан рет ұстап алып «құжатың қане» дегенде, «мiне» деп қойнынан «Ай-Нұрды» көрсеткенiне талай куә болдық. Ол кездегi қызыл жағалыларда ептеп мейiрiм бар едi... 

 Сол кiтаптың iшi толған зар! Маралтайдың мақамымен айтылған замана зары! Жеке басындағы тағдырды ұлттық мұраттарға ұштастыра отырып жырлады. Әдемi өрiлген рухты өлеңдерге қобыз сарынын әкелiп құйды. Рас, Маралтай өлеңге өзгеше мақам әкелдi. Бәлкiм, аласұрған ақын «тағдырымен әзiлдесiп, тiресiп» жүрген кей тұстарда сәттi пiшiн түзiп жiбергенiн өзi де сезбей қалған болса керек.

«Төменде қалдым ғой,

Биiкке бағыт бақ болар ма екен?!

Ей, аласа арман, аптықпа!

Ақтық па?!

Е, оны бiрде кiрлетiп алғам 

Шомылып жүрiп шаттыққа», — 

деп басталатын әдемi әуезе осы ойымызға куә-дүр. Өлеңде төңкерiс жасау екiнiң бiрiнiң маңдайына бұйырған бақыт емес. Маралтай төңкерiп тастады демеймiз, бiрақ тағдырымен өлеңдi, өлеңiмен тағдырын құтқарып қалды. Нәтижесiнде әдебиет олжалы болды.

Ақында өкпе болмау керек, себебi әдебиетшiлер, сыншылар Маралтайға өз кезiнде жылы сөздерiн аз арнаған жоқ. Әдеби сын атқа мiнiп тұрмаса да, сол тұстағы сарғайған газет тiгiндiлерiндегi Маралтай туралы жазылған үлкендi-кiшiлi мақалалар там-тұмдап болса да ақынға берiлген баға. Бiздiңше, Маралтайдың өлең жұлдызы сәтiмен туды. Қатар-құрбыларымен қанаттаса жүрiп шығармашылықта бiраз белеске көтерiлдi. Адам өз тағдырын қолдан жасамаса керек. Пенде баласының iшкi өзегi ернеусiз болса тағдырекең де түлкi-бұлаңға салып, құбылып бередi. Абырой болғанда, Маралтай ескексiз қайық секiлдi замана желiмен қақпақылданып бара жатқан тағдырының «тiлiн» тапты. Бәлкiм, «ә» десе «мә» деп тұрған иесiнен тағдыр да «жалықса» керек. Ақынға ақыл айтқан адамда есеп жоқ. Бiрi құлағына сыбырласа, екiншiсi газет бетiнде өлең арқылы мұң шақты. Қалай болғанда да, ақынды шығармашылығы ғана құтқарып қалды. Едел-жедел ес жиды, етек жапты. Қаламның қуаты әлеуметтiк тауқыметтердiң иiрiмiнен шыға алмай жүрген өмiрдi суырып алды. Мемлекет өзi жазған жырлардың жылуын сезiндiрдi. Басына баспана, қолына марапат ұсынды. Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесшi қызметiн атқарды. Мiнәйi мiнезiне қарамастан ағалардың алақанында келедi.

Маралтай ес жиған кезде қоғам да түзеле бастаған. Ептеп езуге күлкi үйiретiн мына бiр жайтты айта кетейiк. Он жылдан аса «аттан түспеген» Маралтай кезектi сыр-сұхбат үстiнде: «Ой Алла-ай, заман қатты қиын болған екен ғой, ә» дегенi...

Бiз киiз үйде туып, киiз үйде өсiп, алты жасына дейiн электр жарығына жанары шағылысып көрмеген, заман ағысы ұсынған соңғы ғылыми-техникалық өркениет­тер­мен көп есептесе бермейтiн талантты ақын, мем­ле­кеттiк «Дарын» жастар сыйлығының иегерi, ха­лық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Пре­зиденттiк стипендияның бiрнеше дүркiн иегерi Марал­тай Райымбекұлының шығармашылығын қопара талдап-таразылауды сыншыларға қалдырып, адами болмысы мен бұйырған тағдырына шетпұшпақтап ғана тоқ­тал­дық.  

Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры