АЛАҢ
Шөккенде түн төсіне етбетімнен,
Күлкі жоқ, ұйқы қашар бет-бетімен.
Елбіреп есіл көңіл жоқ сұрайды
Қол жайып, дұға оқып, көктегі елден.
Бұрылып қаратпайтын артыңа бір,
Жастық-ай, сөзің өткір, зарпың ауыр.
Шыға сап ару түннің құшағынан,
Бірдеңе айтпақ болам халқыма бұл.
Кім бірақ құлақ қояр кесіміме,
Тілімді жат жауласа бесігімде.
Ел жайлы ләм-мим демес ағалардай
Жүргенмен Елбасының есігінде.
Түн қатып, түсім қашып отырамын,
Тоналып тозып біткен топырағым.
Отына мен күйермін бүгінгі таң,
Мақшардың жауап берер сотына кім?!
Өзіме өзім қойған сұрақтардан
Түйінді шешім таппай, жылап қалам.
Сан рет сатып кетті олар мені,
Кім берер жақсы ағасын бірақ маған!
Мен тұрам қимай оған қарап қана,
Түн өксіп таңға сіңіп баратқанда –
Оралып қазағымның ортасына
Мың мәрте алғыс айтып Жаратқанға.
Үлкен аз алдамайтын кішілерді,
(Кішінің жүрегін кім түсінеді?)
Еділді етігімен кешіп тұрған
Қазтуған кеше менің түсіме енді.
Ол жазған (Түн шымылдық түсіргенде)
Біздегі тілсіз ымды түсінген бе?!
Талқылау
Сондай-ақ оқыңыз:
Пікірлер (0)