Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Айгүл КЕМЕЛБАЕВА "МАРАЛТАЙ. КЕНТАВР"

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА "МАРАЛТАЙ. КЕНТАВР"

09 июль 2018, Понедельник
1 196
0

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА, жазушы. Шығыс Қазақ­стан облысы Абай ауданында туған. Қазақ ұлт­тық универ­си­те­тiнiң жур­на­лис­тика факультетiн бiтiрген. Жастар одағы мен Жур­на­листер одағының Бау­бек Бұлқышев атындағы сыйлы­ғының лауреаты. Сорос — Қазақ­стан — Дебют кон­курсының лауреаты. Сорос — Қазақстан қорының «Қазiргi заманғы қазақ­стан­дық роман» атты кон­кур­сы­ның жеңiмпазы.


МАРАЛТАЙ. КЕНТАВР


Маралтай жыр жинағын «Кен­тавр» деп атапты. Марқұм Марат Қабанбаевтың аяқталмай қалған осы аттас романын бiле­мiз. Жылқытұрпат қазақтың қаны мен жанында Кентавр — сағым толқытқан сайын дала­ның бiр ұшындағы салт атты емес пе!

Тұлпарға мiнген ұлы даланың

Тарпаң мiнездi ұлы боламын.

Жауларым семсер сiлтеген сәтте

Қиылған талай гүлiм, қарағым.

Маралтай ә дегеннен қиссадан тартады, тегiн таратады. Қаланың асфальтында табан басып жүрiп-ақ жазушы Асқар Сүлейменов «Мен — Кентаврмын» де зораяды. Әркез поэзия өкiлдерi бұл бейнеге елiте беруден жаңылмайды. Светқали Нұржан өлеңiнде:

Ол — Кентавр!

Тәнi — жылқы, басы — адам.

Аманкелдi Кеңшiлiкұлының шыншыл болмысы, Әмiрхан Балқыбектiң Көкбөрiсi тәрiздi Маралтайдың кентавры — бiздiң түркiлiк болмысымыздың негiзi. Атбегiлiк, шабандоздық қасиет ұрпақтан-ұрпаққа ауысқан, ер қанаты — ат. Қазақ пен жылқы бiртұтас. Расында, грек мифологиясынан ауысқан атау ғой бұл. Ежелгi үндi мифтерiнде кентаврды «киннары» дейдi, олар — ат басты адамдар немесе адам басты құстар. Орыс аңыздарында Китоврас есiмдi кентавр құйғытады. 

Көнеден қалған жыр тегiн ұқсақ,

Ұйқыдан безем Күлтегiн құсап.

Келмейдi менi мойындағысы

Өркениеттегi дiлдегi ынсап.

Маралтай ақын салтатты дәурен өтiп, көшiп-қонып, шалқақтап жүрудiң күнi батқанына наразы. 

Неғылсын сонау заманды надан,

Жаулаған жарты ғаламды бабам.

Толассыз уақыт толғату керек,

Табанға салса адамды адам.

Маралтайдың кентавры көкiректегi сөнген оттың шоғын үрлеп, тереңге тартқан негiзiңдi оятуымен асқақ. Ежелгi мифтiк дүниеден Шыңғысхан жорығына дейiнгi әлем бейнесi жадқа жүзiп шығады.

Адам-ат метаморфозасы туралы мифтанушы Қон­ды­бай Серiкбол қаузап жазады: «Қазақ ертегiсiнде «Айға қара желiндеп, күнге қарап құлындайтын бие бар, осы биенiң Құлатай деген баланы дүниеге кел­тiр­гендiгi айтылады. Бұл мысал бойынша — «Адам жыл­қыдан туады».

Жылқытұрпат — гиппоморфизм» (Қ. Серiкбол.             4-кiтап).

Грек мифологиясындағы кентавр образы қайдан шық­қаны туралы дерек Рене Менар бойынша жазылған «Ескi және жаңа өнердегi мифтер» атты кiтапта бар. 

Фессалиялық таулықтар көне пеласг дәуiрiнде та­қы­мы мықты шабандоздар болған, бұл кезде салт ат мiну Грекияда мүлдем беймәлiм едi. Гректерге олар құбыжық көрiнедi, өйткенi бұл таулықтар шарапқұмар болатын, сондықтан да мифтiк хикаяда оларды кентавр деп атап, шарап құдайы Вакхтың нөкерлерiне қосты. Жабайы өнерде оларды жартылай жылқы, жартылай ер адам кейпiнде бейнелейдi. 

Осы бiр экзотикалық мүсiннiң ең тәуiр бейнеленуi Боргезе вилласындағы «Кентавр» мүсiнi болды. 

Таулы Фессалияның ну тоғайлы жыныстарында ме­кен еткен кентаврлар шикi етпен қоректенiп, қару ретiнде жартастар мен ағаш дiндерiн жауларына қарсы ататын. Олар жабайы, тағы варварлардың, грек өркениетi мен дамуының қарсыластары бейнесi болып табылатын, кейiннен оларды әйгiлi грек қаһармандары жеңедi. Кентаврлардың көптеген бейнеленуi аян, бiрақ әйел жынысты кентаврлардың суретi жоққа тән, олар сирек те болса тас табыттар мен нақышталған тастарда кез­десiп қалады. Көне дәуiрдiң кескiндеме өнерiнде су­р­етшi Ктесилохтың «Өзiнiң балаларын емiзген кен­тавр — әйел» атты картинасын жазушылар айтып өте­дi. Жаңа заман суретшiлерiнен Беклин мен Штух өз картиналарында кентаврларды жиi бейнелейдi. Лебреннiң көркем суретi де осы сюжетке арналған. Әсiресе, афиналықтардың кентаврлармен шайқасы көптеген көркем шығармалардың сюжетiне айналды, мұнда Тесей жеңiске жетедi. 

Лапифтермен кентаврлар ағайынды, лапиф патшасы Пирифой туыстарын өзiнiң үйлену тойына шақырады. Шарапқа қызған кентаврлар қалыңдыққа бас салған. Бұл шайқас «Кентавромахия» деп аталады, лапифтер жеңiп, Фессалиядан қуылған кентаврлар Грекияның тағы бiр аймағы Аркадияға ауып кетедi. Көршi тайпадан әйелдiкке қыз ұрлағысы келген кентаврлар шайқасын Овидий «Метаморфозы» поэмасында жазды. Геракл де кентаврлармен ұрыс құрған, оның қалыңдығы Деянираны кентавр Несс ұрлап әкеткiсi келедi. 

Кентаврлардың iшiнде даналары да бар — Хирон мен Фол.

Кентаврды латынша центавр деп атайды (Cen­tau­rus). Астрологияда оңтүстiк жарты шардың шоқжұлдызының да атауы осы.

«Пускай трепешут души центавры,

Когда заслышат лучей литавры

И грохот трубный». 

Игорь Северяниннiң «Хабанера IV» атты өлеңiнде центавр дегенi шоқжұлдыз ба, әлде кентаврлардың өзi ме?! 

Кентавр образы қос мағыналы, символдық астарда бұл — рухтан үстем түскен нәпсi. Грек өнерi оларды Дионистiң атарбасына жегiлген немесе Эрос жүгендеген кейпiнде бейнелейдi, бұл олардың шарап пен сүйiс­пен­шiлiкке тым құмарлығын тұспалдап келдi. 

Хорхе Луис Борхес кентаврды «фантастикалық зо­оло­гияның ең үйлесiмдi туындысы» деп атайды           (Н.Н. Ро­галевичтен).

Центавр — жұлдыз. Бiр атауы — мерген. Зодиактың тоғызыншы белгiсi. Күн шамамен 22 қарашадан 22 желтоқсанға дейiн Мерген шоқжұлдызында тұрады. Грекияда Мерген деп аспанның жұлдызды кеңiстiгiн зерттеу құралын ойлап тапқан кентавр Хиронды таныған.

Әлхисса, мұның бәрi — еуропалықтардың қиял, танымы.

Бiздер үшiн кентавр — Еуропаның көзiндегi номад, көшпендiлер символы. Қазақтықтың архетипi. Тарпаң — жабайы жылқы, бағзыда Тұран даласында жыр­ты­лып-айрылса, қазiр Тұран жолбарысымен қоса жо­ғалған. Тарпаңдар — Солтүстiк Американың кең да­ла­ларында болған мустангтер.

Осы бiр жоғалтулардың соры өркениеттен.

Болмауы тиiс мұраты мұңды,

Толағай бiр ұл туатын сынды —

Кiсi бейнелi, тарпаң жүректi

Кешегi... бiздiң ұғатын сырды.


Тарпаң тұлғалы, кiсi бейнелi

Бабалар бүгiн түсiме енбейдi.

Солардан қалған жүрек қой мынау -

Жүрегiм неге кiсiнемейдi?

Маралтай өлеңiндегi тау көтеретiн алып ұлды аңсау — елдiк мүдденiң мұқтаждығы. Бiрақ мынау сүреңсiз дүние өркениеттенген сайын жасандылықты көркейте бермек. Ол кәдiмгi iшетiн асыңа дейiн жасанды, генi өзгерген суррогат болып, соны саудалаудан орасан пайдаға кенеле бермек.

Пұшайман халiм өртедi менi.

Қылқобыз кеудем шертедi ненi?

Жал бiттi

                кенет 

                          жотама менiң

Оқиғадағыдай ертегiдегi. 

Қазақтықтың бастаулары — ұлы қағанат, ғұн, қыпшақ, қорқыт. Маралтайдың лирикалық кейiпкерi кентаврға айналды. Бұл — алапат сезiм, рух патшалығы.

Ғаламат солай басталып бiр сәт,

Құйғытып кеттiм тастарды турап,

Атылдым көкке жай сияқтанып,

Тұяғым алтын — Ай сияқтанып...

Маралтай ертегiлiк қимас әлемнiң қазақтың бағзы бұла шағы екенiн емiс-емiс есiнде сақтағандардан емес. Ол санасы сол таңғажайып болмыстан ажырағысы жоқ аз ғана қазақтың санатынан.

"Тарихыма тартып туған ұл едiм» дейдi өзi бiр өлеңiнде («Көне Тараз»):

Алапам тасып

                 Ақырып,

                          Төнiп, 

Аруағымды шақырып келiп:

Шығысқа қарай адырна тарттым,

Жар болса Тәңiр ақырын берiп!

«Кентавр» атты өлеңi ақынның дүр сiлкiнуiмен аяқталады.

Қанатты жылқыны пiр тұту Маралтайдың Бекболат Тiлеуханға арналған «Жырау» атты өлеңiнде анық:

Құлын ең,

Құлыншақ ең қоңыраулы,

Тарпаңдай топқа салды өмiр дауы.

Иықта қанатың бар көрiнбейтiн

Айбозым, алтын тұяқ, омыраулы!

Айбоз, Ақбозат — көне башқұрт аңыздарында жылқыдан туған ер.

Ақындық жүрегiн айтса болды, ол жылқы мен құстың қасиетiн табады:

Құс қайтқанда қиқулайды жүрегiм,

Уысында тағдырымның қан-күрең.

 («Жаза»)

«Вот она, невеселая рябь

С журавлиной тоской сентября!»

 С.Есенин («Нощь и поле, и крик 

Петухов» атты өлеңiнен).

Мынау ғаламның құсасы құстың қанатында екен, Маралтайда қанат бiту — ерекше метафора.

Сау қанатым қалмаған соң күймеген,

Рухымды қан мен сүтке илеп ем. 

 («Әдилә»)

Адам, мүмкiн, әуелi құс болды ма екен? Маралтай Кеңсайда түнеген кезi болғанын жасырмайды, тiрiлерден бiр сәт жылылық таппай қалған мезеттерiнде өлiлерге мұң шаққандай сенделгенi бар. Ол әсiресе, Кеңсайда жерленген қазақ ақындарының құлпытасында жазылған өлеңдердi жатқа бiлуiмен таңдантады.

...Тiрi әлi, жүр әлi — өлмеген,

Құстардың әуенi тербеген.

Қазақта екi-үш-ақ ақын бар

Қанатын көрсе де ел, көрмеген.

(«Ешқашан, еш жерде болмаған»)

Қанат — мәңгiлiктiң де символы.

Ажалдан именсе де, оның ақиқат екенiн жасыру қайда?

Жердi ораған көк перде,

Менiң жұлдызым көрiнбейдi 

                                    бұл жерден,

Оны iздеп өзiм барам түбiнде,

Жұпариса гүл аңқыған көктемде.


Сезем ғой мен,

Қанат бiтер сол кезде,

Өксiгiмдi ұмыттырып нұрлы әлем.

Ұшармын-ау аңсап күткен шақ келiп,

Өмiр сүйгiш өзегiмдi қақ бөлiп.

 («Жермен қоштасу»)

Қанатсыз ақындық тұл. Маралтайдың «Кентавр» және «Құдiрет» атты қос өлеңi үндес, екеуi де рух шақыру.

Сен де кештiң ол мұңды,

                                   мен де кештiм,

Сенi қайдам, мен ендi емделмеспiн.

Аппақ нұрдан жаралған қанатымды

Көрсе-дағы, қайтейiн, сенбедi ешкiм.

Ақын өлең сарынын сыңар қанатты құс — құдiрет туралы аңызға құрады.

Ол өмiр бойы өзiнiң сыңарын iздеп өтедi дейдi.

Орнады да басыма ғарiпшiлiк, 

Тамырымда у ақты талықсытып,

Ақ мақтадай аршыған қауызынан

Жалғыз қанат жанымды жарып шығып.


Жалғыз қанат ол неге,

                    жалғыз қанат?!

Жалғызымды жау түгiл, жар қызғанад.

Сыңар таппай сыңсиды

                    жазған байғұс,

Қара түнге қауырсын малғызып ап.

Шығармашылық жазмыш осы: жалғыздықтың түп қазығына байлану. Одан құтқарар бұл фәниде еш қай­ран жоқ. Бiрақ ақын аңсарын жасырмайды, үмiтсiз шайтан:

Жастығымды алған соң арзандатып,

Неме керек, дариға-ау, қалған бақыт?!

Неге маған келмейдi

                     Ол кеш те болса,

Қанатының астына маржан тағып.

Құдiрет құстың сағынышы меңдеген ғазиз жүректiң мұңы, Ақан серiнiң таңғажайып «Қараторғай» атты әнiмен қауышу бұл өлеңдi тылсым сезiм лықсытқан, көркем лириканың шыңына шығарып тұр. Бұл өлеңнiң астарында «дариға-ай, өмiр» деген жалын, шер тұн­ған. 

Көр iшiмен тәнiмдi ертiп келем Мен

Жанымды iздеп Жер бетiнде жоғалған

 («Автопортрет»)

Маралтайда жетiмдiк зар бар, ол өзiн Көроғлыға теңейдi.

Ақшамда ару болып келедi де,

Түн менi тартып кетед тереңiне.

Жарыққа жаныңды үзiп

                    жалтақтатқан

Ол да бiр өксiк өмiр өрелiге.


Келе алмас тiрiлермен келiсiмге,

Туған ұл мен шығармын  

                     көр iшiнде.

Шарқ ұрып жетiм жүрек аласұрар,

Бурадай өрт құлаған өрiсiне.

 («Ақшамда ару болып келедi де»)

Көр Маралтай өлеңдерiнде ұлы мағыналы.

Жалғыз Жерде жалғыз ғұмыр 

                     кештiм мен,

Көзiм, сiрә, көрге кiрiп ашылар.

(«Өмiр»)

Бұл өлең — перi мен перiштенiң, жарық пен түнектiң күресi, адасудан айнуға зар шерменделiктiң азабы. Жаратқаннан жалбарынып, медет тiлеу, қара түнек торлаған жан наласынан құтылуды, ағаруды аңсап, Құдайдың мейiрiмiн iздеу, алысып тұрып та Жаратушымен диалог құруға ұмтылыс — рухы тазарудың кепiлi. Ақындық өнердiң өзегiнде дерт болады — неврастенияға бейiм аласұрған көңiл-күйге ырық беру. Маралтай өзiнiң өрлiгiмен, өмiрсүйгiш қалыбымен неврастениялық шалықты да жеңе бiледi:

Менi көкке ынтықтырса сендегi от,

Дүниеден безушiлiк менде жоқ. 

Ақын болу пешенеге түспесе,

Күн кешу де бақыт шығар пенде боп. 

(«Тәуба»)

Тәуба — аллашылдық, Алланың мейiр-рақымы, құдiретi арқылы жамандықтан тазару. Сондықтан да ислам қағидасы, қиямет-қайымға сену ақынға бек лайық.

Әдiлет күтiп жатыр ақыретте,

Әйтеуiр, түбi бiздер бiр баратын.

 («Серiгi ед бейшараның кемдi күнгi...»)

Зар-күйiктен өзiне-өзi эпитафия жазып тастаудан тайынбайды ақындар. Тек артынша асылық қылғанын ұғып, тәубасына түседi.

Кебiнi — тұл, 

                          қан, сүйегi, тәнi — нәт,

Жасыл жерге жарықтық ем

                          жаны жат,

Жетi шелпек таратыңдар дәл бүгiн,

Менiң «Менiм» ортаңда жоқ — 

                                                     Аруақ!

 («Қарсы тұру қиын, рас, Құдайға...»)

Соның үшiн де ақын жарық нұрды өлеңнен, поэзия дүниесiнен iздеп табады.

Шөл шөбiндей тамыр тарттым 

                                                      тереңдеп,

Ажалымның арашасы өлең деп.

 («Автопортрет»)

Өзiм өлсем де, өлеңiм өлмесiн дегендi ақындардың бәрi айтып өткен:

Қасым мен Мұқағали.

Сен аман бол, қара өлең, айналайын,

Азар болса бiр қырттың басы кеттi.

 («Оптимизм»)

Өлең аңсарын айтқан сайын өлiм тылсымды да бiр сәт жадынан өшiруге дәрменсiз.

Эпитафия жазу, өзiне-өзi азанама жазу — ақындарда бар дәстүр.

Жазылмаған жырымды оқып тұрамын -

Қазылмаған қабiрiмнiң қасында.

(«Қызыл өлең»)

Көр, қабiр, зират. Маралтай жалған дүниенi қууға пейiлдi емес, бұл сарындар оған iштегi шерiн ақтару үшiн керек. Оның көр қазатын бiр адам туралы «Көрғау» атты өлеңi философиялық түйiнi­мен күштi:

Ал әлгi жан қабыл болмай тiлегi,

Иығында басы сынған күрегi.

Көзiн жұмса, таныс зират iшiнде

Үй салатын жер таба алмай жүредi.

 («Көрғау»)

Бұл Маралтайдың тiрiлер мен өлiлердiң межесiндегi Кеңсайда қаңғыбас ақын болып жүрген сәтiндегi бастан кешкен бiр сәтiн бейнелейдi.

Себебi өмiрдi шын сүю үшiн өлiм жайлы ойла.

      Қайыңға кеп жыр оқып ем құшақтап.

(«Жұрттың бәрi асығады жұмысқа»)

Таныс һәм бейтаныс күй, Мұқағалидан ауған қайыңшылдық, мұны бастан кешкендер ақындар арасында некен-саяқ болмаса керек.

Шарап пенен гүлiн сүйген сәуiрдiң

Шайырлардың сарқытымыз бiз де бiр.

 («Тағдыр»)

Қазтуған, Доспамбет, Ақтамбердi, Мұрат ақындардың сарқыты болған соң ба, қазақтың рухы әлсiреген мынау кезеңнiң сипаты:

Кеткендей болып көңiлдiң күлкiсi 

                                          мұңға жамырап,

Асқардан ұшқан арқардай

Маңырай берем, Маңырақ!

 («Маңырақ»)

Бiз көшпелi бақ-талаймыздан Дулат, Мұрат, Шор­танбай, Нармамбет ақындар дәуiрiнде айрылған халықпыз. Кейiнгi туған ақындардың арзуы бiрақ ба­сылмас.

Безiндiм мен де мына бiр қара 

                                                      қоғамнан.

 («Зоологиялық терминдер»)

Қазтуған, Доспамбет, Жиембет, Шалкиiзден жал­ғас­қан ақындардың соңғы буынындай болып естiлетiн кейiнгi туған баланың зары да аз емес. Бiрақ дәйiм зарлай беру мынау бес күндiк дүние жалған үшiн артық тәрiзденедi, заман емес, адам күйедi ғой. Күлкi, шаттық, көңiлдi тың жердей қопсытатын қорек, нәр керек.

Талай-талай жақсы ақындар

                                            бар мұнда,

(нашары да аз емес!)

Алайда анау Абай шалдың алдында,

Е, бәрi де мәз емес.

Жоғы жақсы аға да бар... (Түкiргем),

Iшi — жылан, сырты — абыз.

Түгi де жоқ бiтiрген,

«Оу, есiл елдiң есiн неге жыртасыз?!»


Ышқырына қолы жетпей қоғам тұр,

Ақындарын сүймейтiн.

Кiм не iстейдi оған дүр,

Надан өстi заманына күйлейтiн.

 («Қаңғыбас»)

Қаңғыбас кiм? Ақынның өзi, даладан келiп, қаладан ұядай орын таппаған сансыз қаракөздердiң мұңы. Баспанасыздық қапасы меңдемеген қазақта жас аз ба!

Оған әдебиеттегi буындар арасындағы алмасу үрдiсi оң өтпесiн тағы қосыңыз, өз жайын ғана күйттеп, ел көзiнше ел ағасы болып құбылып сала берген екiжүздiлiктен түңiлу сарыны тағы бар.

Дәлiзiңде қондым сан,

Қаңғырып, қажып панасыз.

 («Жас Алаш»)

Осы газеттiң сол кездегi бас редакторы Нұртөре Жүсiпке арнаған өлеңiнде ақын өзiнен бiр буын бұрынға ағаларының рухани туыстығына шүкiршiлiк етiп, аппақ жүрекжарды құрметi мен ризашылығын бiлдiредi. Өсер елдiң баласы екенбiз ғой деп сүйсiнедi, мұнда құбылып тұратын аярлық жоғына тәуба дейдi. 

Өз поэзиясында таураттық сарындарды да айналып өтпейтiн Маралтай Ай бейнесiн жиi жырға қосады:

"Менiң қобыз жүрегiмнiң қияғы Ай» («Автопортрет») сынды тым биiк нотамен басталып, «..Ай боп жылап қарап тұрды әйнектен, Махаббатым... Аяғы — сор, басы -үмiт...» деп аңырайды. Күн бейнесi тым сирек, бiрақ нық. Жұлдыз көп. Маралтай түн баласы емес, Мағжан сияқты ғұннан туған ұлы бабасы өскен ақ Жайығын аңсап бiр басылатыны бар.

Маралтайда махаббат лирикасы тым нәзiк әрi құсалы, ол — ешқашан қайта оралмайтын аңсар. 

Менiң сол бiр ғұмырымның бөлшегi

Қайта ашылмас гүл екенiн бiлмеппiн.

(«Алғашқы сезiм»)

Аққудай бiр қыз бар ед 

                                  ақ маңдайлы,

Алысқа ұшып кеттi-ау, неғылайын?!

Аққудың ақ киесiн бiлмес пе едiм,

Лашындай лапылдап кеп iлмес пе едiм!

«Неғылайын» — халық әндерiмен тамыры бiр көркем махаббат лирикасы, ерекше сырлы, мұң тұнған. Ақын жүрегi жезөкше қыздан да дауа тауып, махаббаттың тылсымын сезiнуi шыншыл қалыбымен баурайды.

Одан кейiн жолыққан жоқ ондай жан,

Жалғыз түнге жолдас болған жезөкше.

Мен сiз жайлы

Және бүкiл қыз жайлы

Ғайбат ойдың жетегiнде жүрiппiн.

 («Жезөкше»)

Бұлай деп нағыз ақын ғана айта алса керек. Адам жүрегiнде жалғыздық, жабығу, сағынып, махаббатқа шөлдеу, «сұлуды шоқпыт iшiнен көрiп» арашалап алу бұл өлеңнiң мәртебесiн өсiре түсер. Бұлай деп ғадетте Л.Н. Толстой, Ф.М. Достоевский тәрiздi ұлы гума­нис­тер айтып өткен. Бiздiң мынау рухани құн­ды­лықтарымыз керексiз тәрiздi болып қалғандай ауыр сезiлетiн заманда адам баласынан адалдық қасиеттi iздеп тауып, ең азғындап кеттi дейтiн адасқан жаннан жан шуағына бөленiп, өлмейтiн жырға арқау етуi — Маралтайдың өрлiгi мен адалдық танымы! Өлең патшалығында қанатты тұлпарыңның тұяғы тозбасын, Маралтай!

Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры