Жүсiпбек ҚОРҒАСБЕК «ТАРПАҢ ТҰЛҒАЛЫ, КIСI БЕЙНЕЛI»
Жүсiпбек ҚОРҒАСБЕК, жазушы. Алматы облысының Жаркент ауданында туған. Қазақ ұлттық университетiнiң журналистика факультетiн бiтiрген. «Тарлан-Үмiт» сыйлығының иегерi, Қазақстанның еңбек сiңiрген қызметкерi.
«ТАРПАҢ ТҰЛҒАЛЫ, КIСI БЕЙНЕЛI»
Маралтайдың да маңдайы тасқа тидi. Өзi барып ұрынды ма, әлде тағдыр-талайы алдынан тосқызды ма, бiр Құдайым бiлсiн. Гүлбану деген қызға бұрын да бiрнеше өлең арнаған екен, тағы бiр жаңа жыр жазыпты. Жайдан-жай емес шығар, зарыққан болар.
«Алқа» журналына сол өлеңiн сұратып алдық. Ол мiне, төменде:
Қадiрi бiлмеске арзандай,
Мен оны жеткiзiп айта алман.
Теңiзде жоғалған маржандай,
Құйындай кездер-ай, шайқалған...
Қаншама қыздарды ұнаттым,
Жылаттым... бiлмеймiн себебiн.
Осынау есалаң сұрақтың
Жауабын сен айтшы, өлеңiм.
Аққұба әдемi бала едiң,
Ақ фартук, ақ бантик байлаған.
Мен-дағы өзiңдей пәк едiм,
Ақ түстен тұратын айналам.
Қояды жай ғана күлген боп,
Бiледi ол Абайды, Қасымды.
Тiптi де көзiне iлген жоқ
Алты Алаш ардақтар басымды.
Тағдырға басымды имедiм,
Менi де тәкаппар еттiң сен.
Тым болса бiр рет сүймедiм,
Қолыңнан ұстатпай кеттiң сен.
Қойнында сенi ойлап түндердiң
«Аһ» ұра бастадым, «аһ» ұра.
Балауса бейғамдау күндердiң
Сағаты тоқтады қапыда.
Маралтай — күрделi болмыс ақыны. Айгүл Кемелбаева «Кентавр» нұсқасын жақсы талдапты. Өзiне сыймаған, айналасына сыймаған, бiрақ тарпаң мiнезiн iшiнде тұқыртқан. Өз бойынан трагедия iздеу, қайғы iздеу, бәлкiм, Мақатаевқа ұқсатар.
Тарпаң тұлғалы, кiсi бейнелi
Бабалар бүгiн түсiме енбейдi.
Солардан қалған жүрек қой мынау —
Жүрегiм неге кiсiнемейдi?
Пұшайман халiм өртедi менi.
Қылқобыз кеудем шертедi ненi?
Жал бiттi
кенет… жотама менiң,
Оқиғадағыдай ертегiдегi.
Ғаламат солай басталып бiр сәт,
Құйғытып кеттiм тастарды турап.
Атылдым көкке жай сияқтанып,
Тұяғым алтын — Ай сияқтанып…
Буырқанған, бұрқанған Маралтайдың, сөйте тұра, оқырман ортасында сүйкiмi де бар. Жалпы, бiреудi бiреуге ұқсатып айту тiл жетпегендiктен емес. Мәселен, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлын шығармашылық мiнез сүйкiмiне қарап, «Прозадағы Мұқағали» деп қалғаны бар бiр сыншының. Маралтай да қалың оқырман сүйiнiп оқитындардың қатарында. Қоңыр әуен, қоңыр әуез, қоңыр мұң онда да бар.
Сен менi жатырқама, жарық Айым,
Бұлттан шық, ақ нұрыңды жамылайын.
Аққудай бiр қыз бар ед, ақ маңдайлы,
Алысқа ұшып кеттi-ау, неғылайын?!
Аққудың ақ киесiн бiлмес пе едiм,
Лашындай лапылдап кеп iлмес пе едiм!
Дүние-ай, найзағай боп жаралғанда,
Кеудесiн анау бұлттың тiлмес пе едiм?
Сен менi жатырқама, арман Айым.
Үзiлген үмiтiммен жалғанайын.
Мәңгiлiк махаббаттың мекенiне
Қағайын қанатымды, қарманайын.
Сағынсам, тек өзiңдi сағынайын,
Зарығайын (О, менiң жарық Айым!)
Бiр жұлдыз ағып түстi жанарымнан,
Жүрегiм сыздап кеттi-ау, неғылайын!
Маралтайдың Мұқағалиға, Есенғали Раушановқа, Ұлықбек Есдәулетке, Бауыржан Үсеновке, Бекболат Тiлеуханға, Берiк Жүсiповке арнаған өлеңдерi бар. Саттар Ерубаевтан да «Мен өлермiн алтын күннiң шығуына қарамай» деген үзiндiнi келтiрiп қояды. Әлденеге шөлдеген, әлдененi аңсаған адамның өзiн-өзi iздегенi тәрiздi.
Қасiретке боялған ба қызғыл түн,
Қиыр-қиыр қыраттар да қызғылтым.
Қоса ағарар қосағасын аңсайды,
Қойлы ауылға қиған едi ол қыз қылқын.
Сәтiнде ағам отарды үйге бұратын,
Шай даярлап қырда ол күтiп тұратын.
Қапелiмде қазанаттың ерi ауып,
Қайғы-мұңға төрiн бердi мына түн.
Ықтырардай ырық бермес лаңды,
Қариялар күбiрлестi Құранды.
Ағам ғана аймалайтын ақ алқым
Жесiрлiктiң жасыменен шыланды.
Аза тұтты ағайындар түгел кеп,
Аққа орап, алып кеттi кiлемдеп.
Үш жылдан соң әкем жатты оң жақта
Қара ұлыма қамқор болып жүрем деп.
Апам сосын қара киiп қамығып,
Қара ұлы мен шалын ойлап зарығып,
Жоқтау айтып отырушы едi, оны да —
Қара дауыл қағып кеттi қағынып.
Тоқтата алмай тосын келген ажалды,
Жiңiшкердi, жүйкем менiң қажалды.
Кетем деп ем, кете алмадым, қимадым,
Қия алмадым тiрлiк дейтiн тажалды.
Маңдайымды сүйеп құлпытасына,
Ата-анам мен бауырымның кеп басына,
Жазылмаған жырымды оқып тұрамын —
Қазылмаған қабiрiмнiң қасында.
Өмiр көшiнiң гимнi iспеттi өлең. Ақынның ой тоғытар жерi — өмiр мен өлiмнiң тоғысқан жерi. Сараңдау сюжет, бiрақ бояуы қалың, қатпарлы, iштi. Өлiм туралы өлеңдерi көп, неге көп, бiлмейсiң. Алайда сол өлеңдердi өмiрден безген адам емес, қайта керiсiнше өмiрге соншалықты құштар адам жазған сияқты елестейдi.
Бiттi ендi,
Төзiм тозды, көрдей мұң!
Ебелек пе ем?
Ермегiңе ермеймiн.
Менiң мөлдiр мерекем-ай, мейiрiмсiз,
Шытынайды сеңдей мың.
Мынау — менмiн қарт кiсiдей көңiлсiз,
Сүйе алмайды,
Жүрек жыртық, ерiн сыз.
Быт-шыт болған айнасынан Алланың
Көлбеңдейдi көркем сөздер сенiмсiз.
Ту-у алыстан — қолын созып қиырдан,
Бiр бақыт ең бүгiн маған бұйырған.
Кептiрмей-ақ қойшы, қалқам, шық-жасты
Жапырақтың кiрпiгiне жиылған.
Келсап — мезгiл,
Келi — уақыт көмейлi,
Сарғайдың ба, жасылсың ба демейдi.
– ... Ажал, сенiң алақаның жұп-жұмсақ,
Қалқып барып құлайын ба?
– Е, мейлi...
Сипай қамшылар, жеңiлтек емес, жеңiл оқылар жолдар, жырлар Маралтайда да кездеседi. Бiр күрмеу мұндай өлеңдерi сыршылдығымен тартымды. Иiрiм, қайырымы тiлге оралымды, оқығанда iшкi бiр ыңыл iлесе жүредi. Сондай өлеңдерiнiң бiрi — таңдайға уыздай татыр «Қарағаш».
Сенiң шашыңдай қарағаш,
Мектептiң қасындағы қарағаш.
Ерiнiңдей ып-ыстық,
Аспандағы Ай шала мас.
Мектептiң қасындағы қарағаш,
Қара көзiңдей — қара рас,
Құшақтап тұрып жұлдыздарды жұтып ем
Жасыңменен аралас.
Менiң жасыммен шамалас,
Құрбым едiң ғой — қара қас...
Қамығып қалған жоқ па екен,
Қасынан өтсең сипай сал,
Менiң шашымдай...
Қарағаш!