Нұрлан ОРАЗАЛИН "ӨРIМI БӨЛЕК ЖЫРЛАР"
Нұрлан ОРАЗАЛИН, ақын, драматург. Алматы облысы Ұйғыр ауданында дүниеге келген. Қазақ ұлттық университетiнiң филология факультетiн бiтiрген. Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк сыйлығының иегерi, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi, «Құрмет» орденiмен, медальдармен марапатталған.
ӨРIМI БӨЛЕК ЖЫРЛАР
Өлең — үздiккен көңiлдiң үзiлiп түскен моншақ-нұрлары...
Өлең — адам жанының жауынды, дауылды сәттерiнiң көрiнiсi...
Нағыз жыр мен шынайы лириканың табиғатын жарқыратып ашар «сөз патшасының» осынау қайталанбас мiнезi айрықша сипатқа ие болып, ерекше ырғаққа, берiк ұйқасқа, бедерлi де бейнелi сөзге бөленген тұста ақынның абыройы артып, бағы жанбақ. Өрнегi бөлек, үлгiсi таза жырларды оқып отырып, тебiренбеу, толқымау, қуанбау, қайғырмау, таңырқамау, тамсанбау мүмкiн емес. Өйткенi мұндай өз оқырманын адаспай тауып, жаңылмай тiлдесер жырдың өмiрi ұзақ, ғұмыры баянды болады.
Мен Маралтайды осындай жыр жазатын жаратылысы өзгеше ақындар санатынан көремiн. Ол өлеңдi өзiнiң тағдыры санайды. Маралтай үшiн мына жарық дүние, жасаусыз жалған жыр болып мұңайып, өлең боп өксiп, шуағын, нұрын, көлеңке, сырын қатар төгiп жатқандай елестейдi. Ол үшiн жер үстi жаратылысының күллi рең-бояуы, қасiрет-қайғысы, қуаныш-шаттығы кейде тентек, кейде мұңды жолдардың кейпiнде тiл қатар, оқырманын ерiксiз тыңдатар шымыр жырлар арқылы тарайды. Маралтай — табиғатқа мейлiнше жақын, етене сезiмдердi өз орам-мақамына сала бiлетiн, содан жаңаша ой түюге бейiм ақын.
Ұқсамауға ұмтылу, ұқсатпай жазуға ден қою шынайы талантқа тән мiнез. Маралтай жырларынан осы қасиет мен мұндалап тұрады.
Жүрегiмнен жүз бұтақ өрiп шығып,
Айналып кетсе, шiркiн, талға денем... —
деген жолдарды осыған дейiн шалқары шексiз, айдыны шетсiз, баулары жасыл, таулары асқақ қазақ поэзиясында ешкiм айта қойған жоқ-ау, сiрә?! Аздап, алдында өткен ағаларын еске салғанмен, түптеп келгенде, оларға ұқсамайтын жолдар... Маралтайдың өзiне ғана ұқсайтын жолдар!
Иә. Маралтайды ақындықтың азабы мен мехнаты мол биiгiне жетелейтiн, басын тауға да, тасқа да ұрғызатын мұндай жырлар баршылық.
Жұлдыздар қаралы...
Ғаламның бетiнде жаралы
Жұмыр жер адасып барады... —
дейдi жасы отызға iлiгер-iлiкпес жастағы жас ақын. Көзқарастар майданы мен әр алуан дiни нанымдардың қайшыласуы күшейген дәуiр жайлы, өмiр сүру, ұрпақ тәрбиелеу, ұлтты сақтау қиынға айналған бүгiнгiдей алмағайып заман жайлы «ұқсамай» ой айтудың, көркем айтудың үлгiсi демей көрiңiз.
Бiр iбiлiс, бiр перiште, бiр Құдай,
Бiр жүрекке қалай сыйған құрғыр-ай!
Көнбес болсам көксеуiне Алланың,
Жазылмауы керек едi жыр бұлай! —
деген жолдарды оқып отырып, ойланбауға, сүйсiнбеуге, күрсiнбеуге әддiңiз жоқ. Бұл — ойлау мен танымның жаңа кеңiстiгiне құлаш ұра бастаған жас қазақ поэзиясының көкiрекке мол үмiт ұялатар тегеурiндi аяқалысы. Бұл — идеологияның өсегi мен ғайбатынан, ой айтудың жалғандығынан, өнер жасаудың өтiрiгiнен арыла бастаған бүгiнгi қазақ жырының ертеңi, болашағы.
Маралтай ақын мұңға, қасiретке, қара түске жақын. Онысы бiреулерге ұнамай қалуы да кәдiк емес. Өз басым оны мiн санамаймын. Мұң мен қасiреттiң сиясына малынбаған қаламнан ащы шындықты арқау етер жырлар тумайды... Маралтай өзiн ертеңгi күннiң биiктерi мен асуларына дайындағысы келсе, поэзияның кеңiстiгi мен тереңiне жетелер алуан-алуан үрдiстерге, iзденiстерге батыл баруы керек.
Оқырман қолына тиiп отырған мына «Ай» есiмдi әдемi жинақ қазақ өлеңiнiң кезектi табысы екенiне еш күмәнiм жоқ. Мен оңы-солын танып, жақсы жыр ғана емес, жаңа жыр жаза алатынын да дәлелдеп келе жатқан Маралтайды әр кез жаңа биiктерден көргiм келедi.
Жұлдызың жарқырап жана берсiн, ақын iнiм!