Әмiрхан БАЛҚЫБЕК "МОДИЛЬЯНИ ҺӘМ МАРАЛТАЙ"
Әмiрхан БАЛҚЫБЕК, ақын, әдебиетшi. Оңтүстiк Қазақстан облысы Жетiсай ауданында туған. Қазақ ұлттық университетiнiң журналистика факультетiн бiтiрген. Үш мәрте Президент грантын иеленген. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi.
МОДИЛЬЯНИ ҺӘМ МАРАЛТАЙ
...Тарихта тiптi ақын суретшi, суретшi ақын болып кеткен кездерi де аз емес. Суретшiлер Модильяни, Пикассо, Шагал, Сальвадор Далилер өлең жазса, қаламгерлер Андрей Белый, Герман Гессе, Генрих Манндар сурет салады. Ал мұндай жағдайда, өнер қазаны буырқанып қайнаған уақытта, кез келген ақын не суретшi түгiлi қарапайым сайқымазақтың да Наполеонға айналып кетуi кәдiк. Арада аз ғана уақыт өткесiн, Пикассо сайқымазағы, расында да, актер Чарли Чаплин бейнесiнде әлемдi жаулап алғаны бұл сөзiмiзге әбден дәлел бола алады. Пикассо «Арлекинi» осылайша көрiпкел суретке айналды. Қысқасы, Пикассо шығармашылығында пайғамбарлыққа тек ақындар емес, суретшiлер де таласуға қақысы бар екенi дәлелдендi.
Анна Ахматованың Модильяни туралы естелiгiн оқығаным бар. Ол онда Амадеоны француз поэзиясының бiлгiрi ретiнде суреттейдi. Суретшiнiң Малларме, Верлен, Рембо, Бодлер поэзияларын талмай жатқа оқитынына таң қалады. Данте және басқа да итальян ақындарын оқымағанына, бәлкiм, менiң итальян тiлiн бiлмейтiнiм себепшi болған болар едi дейдi. Ал осы Модильянидiң әйгiлi Виктор Гюгоны, «Аласталғандардың» авторын, әрине, жазушы емес, ақын Гюгоны не деп бағалағанын бiлесiз бе? Ахматованың жазуынша, «Ал Гюгоңыз — тек тақпақ қана» деп салған. Модильяни Анатоль Франсты да ұнатпаған. Қасаң академиялық әдiс-тәсiлдермен жұмыс iстейдi, онысы адам сезiмiн оятпайды деп санаған. Модильянидiң аталмыш қаламгер туралы осы пiкiрiн оның көптеген замандастары да құптағаны белгiлi.
Ендi осы Модильяни жатқа бiлген француз ақындары туралы тағы бiр әңгiме.
90-жылдардың орта тұсында «Жазушы» баспасынан шыққан жетi жас ақынның алғашқы жыр жинақтарына талантты ақынымыз Мейiрхан Ақдәулетұлы жеке-жеке пiкiр жазды. Бұл пiкiрлер көп ұзамай «Жалын» журналында басылды. Сонда Мейiрхан Ақдәулетұлы осы жетi ақынның бiрi Маралтай туралы: «Ол арғы-бергi поэзиядағы iзденiстердiң бәрiн бiледi. Қарақшы Франсуа Вийон да, меланхолик Поль Верлен де, символист Артюр Рембо да, бәрi-бәрi Маралтай түгесiп оқыған, жiлiк майын шағып iшкен ақындар», — деген лебiз бiлдiрген едi. Әрине, тамаша пiкiр. Бiрақ, бұл пiкiрдiң парадокс жағы да бар болатын. Өйткенi Мейiрхан Ақдәулетұлы «бiлмей» таныған, ал бiз өзiмiзше ғана «бiлетiн» Маралтайдың көпке дейiн «бұл Вийон, Верлен, Рембо дегендерiңдi тiптi оқыған емеспiн, өздерi қандай ақындар?» деп жүргенi әлi күнге есiмiзде. Iштей Мейiрхан ағамыз да айта бередi екен ғой дегенбiз. Басқаларды қайдам, өз басым Мейiрхан ағамның еш қателеспегендiгiн, Маралтайды дөп басып танығанын жақында ғана бiлдiм.
Осы таяуда орталық телеарнаның бiрiнен «Модильяни» атты фильм көрсетiлдi. Басты рольде Энди Гарсия ойнайтын бұл фильм көңiлiмдi аламан-тасыр еттi. Есiме 90-жылдардың басы, студент жатақханасындағы тiршiлiк, темекi түтiнi мен iшiмдiк иiсiне булыққан шағын мүшәйралар, Жамбылдан, бүгiнгi Тараздан Алматыға ат басын жаңадан тiреген жап-жас Маралтай оралды. Ол өзiнiң Жамбыл пединститутының суретшiлер факультетiнде оқығанын, оны түгесе алмай шығып кеткенiн бейнебiр академия не университеттiң екi факультетiне қатар түскендей тамсана айтатын. Осы Маралтай әп-сәтте Алматыдағы жырсүйер қауымның сүйiктiсiне айналды. Суретшi Маралтай ұмытылып, ақын Маралтай болып танылды. Арада төрт-бес жыл өткенде Мейiрхан ағамыздан жоғарыдағыдай пiкiр естiдi.
Жарайды, ендi осы фильмнiң, Модильянидiң Маралтайға не қатысы бар дейсiз ғой. Қатысы сол — фильмдегi Модильянидiң жүрiс-тұрысынан бiр аумайтындығы едi. Сол еркiн жүрiс-тұрыс, сол еркiн қимыл-әрекет. Әлдебiр артистицизм. Әлде сайқымазақ («Гамлет» пен «Король Лирдегiдей» классикалық үлгiдегi), әлде аристократ, ара жiгiн дәл анықтап байқау мүмкiн емес. Кештеу болса да айтайын, иә, бұл кездердегi Маралтай қазақ Модильяниi болатын.
Мiне, онымен суретшiлер туралы әңгiме қозғап отырмыз, «Париж мектебiнiң суретшiлерi» деп сөз бастай бергенiм сол едi, ол, неге екенiн бiлмеймiн:
— Модильянидiң бояуы ғажап қой, — деп қалды. Ал менiң есiме Модилянидiң суреттерi орала кеткен. Олардың көбiнде жалаңаш әйелдердiң бейнесi көрiнiс тапқан-ды. Бiрақ бұл суреттер порнография түгiлi эротиканың ауылынан да алыс-ты. Олардан, осы бiр қыз-келiншектердiң жүздерiнен әлдебiр қорғансыз сұлулықтың, тек түсiнiкпен ғана түйсiнуге болар жылылықтың лебi есетiн-дi. Жүрек көзiн жарқын бояулар үндестiгi қытықтар едi.
Иә, Мейiрхан ағам еш қателеспептi. Вийон, Верлен, Бодлер, Рембо поэзиялары Париж мектебiнiң суретшiлерiнде, iшiнде, әрине, Модильяни де бар, бояу арқылы жаңа қалыпқа, живопись туындыларына трансформацияланса, осы трансформация Маралтай өлеңдерi арқылы қайта түп-тамырын тауыпты. Қазақы өлең, жаңа өлең болып бүршiк жарыпты.
Сау қанатым қалмаған соңкүймеген,
Рухымды қан мен сүтке илеп ем.
(Саған жаным ашитыны тағы рас,
Емшегiне еркек ернi тимеген).
Бұл — Маралтайдың «Әдилә» атты өлеңiнiң бiр шумағы. Он екiде бiр гүлi ашылмаған, «Қара түстi қалампырды құшақтап құлпытастан күлiп қарап тұрған қыздың» рухын шақырады ақын бiздiң мүлгiп кеткен санамызды оятуға.
«Рухымды қан мен сүтке илеп ем».
Бұл — Маралтай-Модильянидiң ақындық бояу палитрасы. Басқалай болуы еш мүмкiн емес.
Саған жаным ашитыны тағы рас,
Емшегiне еркек ернi тимеген.
Ғұмыр қысқалығы, оның мазмұнындағы олқы тұстар туралы бұдан артық қалай айтуға болатынын өз басым бiлмеймiн. Жоқ, бұл жерде ешқандай қомағай нәпсi немесе бiздiң жадағай түсiнiгiмiздегi эротика туралы әңгiме болуы еш мүмкiн емес. Бұл — реквием. Бұл — қыршын кеткен, бола алмай кеткен ананы жоқтау, дүниеге келуi мүмкiн болған сұлулықтың анасын азалау. Тепе-теңдiгi ерте бұзылған гармонияны iздеп аласұру. Модильяни немесе Пикассоның қылқаламына бергiсiз сурет, Амадео ноталары, әйтпесе, «Герниканың» қазақ тiлiндегi кiшкентай нұсқасы. Бiрақ шедеврдiң үлкен не кiшiсi болмайтыны және рас.
Кiм бiледi, Пикассоның сөзiн сәл бұрып айтсақ, Модильяни музасы Маралтай жандүниесiнiң көптеген қырының бiрi ғана болар. Бiрақ осы бiр ғана қырға Мейiрхан ағам айтқан француз поэзиясы алыптарының барлығы өз шығармашылықтарымен түгел сыйып кете алатыны анық. Егер бiр қыры аздық етiп жатса, Маралтайдың тек Модильянидiң емес, Матисстер мен Пабло Пикассоларды, олардан арыдағы Ван Гоктар мен Поль Сезанндарды да бiлетiнiн ұмытпағанымыз жөн. Ал бұл — оның артында тек әйгiлi суретшiлер ғана емес, әлем әдебиетi, оның iзденiстерi мен iркiлiстерi де тұр деген сөз. Өйткенi бүгiнгi заман иiрiмдерi әдебиеттi сурет өнерiнен бөлек қарастыру мүмкiн болмай бара жатқанын дәлелдеп отыр.
Кiм бiледi, ХХI ғасырдағы Алматының өз ақын Аполлинерлерi мен суретшi Пикассолары ендiгi дүниеге келiп те үлгерген болар, егер ендiгi жер басып жүрсе, олардың бiр-бiрiнен бөлектенбейтiнiне, қайта рухани күрес даласында бiр-бiрлерiн тауып, қоян-қолтықтаса жүрiп шайқасатындықтарына еш күмән жоқ.
Музалар достастығы — бұдан өткен ғажайып бар ма?